Қонаевта 4064 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы қала әкімдігінің жер қатынастары бөлімі мәлімдеді.
«Жыл басынан бері соттың шешімімен 3395,2 гектар, өз еркімен жерді иелену құқығынан бас тарту бойынша 668,9 гектар жер мемлекетке қайтарылды және жалпы көлемі 930 гектар жер учаскесі туралы іс сотта қаралып жатыр», – делінген бөлімнің анықтамасында.
Сондай-ақ бөлім қазіргі уақытта егін шаруашылығын жүргізу үшін 130 гектар жер учаскелеріне конкурс өткізу жоспарланып отырғанын жазды. Ақпаратқа сүйенсек, бұл жерлер 10 жылға жалға беріледі.
Конкурсты өткізу туралы хабарлама мерзімді басылымдарда, сондай-ақ әкімдіктің ресми сайтында, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады. Бұдан бөлек, хабарлама облыс шегіндегі аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне жіберіледі.