Қонаев қаласындағы №3 орта мектепте жалғызбасты аналарды қолдау, көмек көрсету мақсатында құрылған «Томирис» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жаңажылдық шырша ұйымдастырылды. 80-ге жуық бүлдіршін қатысқан салтанатты шарада әннен шашу шашылып, мың бұрала билеген бишілер мереке көркін аша түсті.
Қызықты оқиғаға құрылған қойылым көрсетіліп, анимациялық кейіпкерлер балдырғандардың көңіліне шаттық сыйлады. Жаңа жылдың басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақарға тақпақтарын жатқа оқыған балалар сыйлықтарын алып, қуанышқа кенелді.
– «Томирис» ұйымының құрылғанына келер жылдың ақпан айында бір жыл болады. Бірлестікке 150-ден астам жалғызбасты ана мүше. Мұндай аналарға мемлекет тарапынан, қоғам тарапынан қолдаудың аз екені байқалады. Біздің мақсатымыз – ана мен баланың жайлы, бақытты өмір сүруіне жағдай жасау. Ұйымдастырылған шара бүлдіршіндердің көңілін серпілтіп, шаттыққа бөледі деп ойлаймын, – деді бірлестіктің белді мүшесі Мая Қасымова.
Мерекелік шараға қатысқандардың бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы №2 мектеп-гимназиясының 3-сынып оқушысы Наргиз Жақсыбекова. Ол отбасында бес ағасы және бес әпкесі бар екенін және концерттік бағдарламаның қатты ұнағанын айтты. «Алдағы жаңа жылда барлық адамның тілегі орындалып, армандарына жетуін тілеймін. Бүгінгі мерекелік шыршаны ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін», – деді өрен.
Шараның өтуіне «Respublica» партиясы қолдау көрсетіп, балаларға сыйлықтарын да тарту етті. «Жалғызбасты, көпбалалы аналардың жағдайы – қоғамдағы өзекті, шешілуі тиіс әлеуметтік мәселелердің бірі. Қоғамдық қабылдау кезінде бірлестіктер құқықтық, материалдық көмек көрсетуімізді сұрап, өтініштерін жеткізеді. Мұндай мәселелерге бейжай қарамауға тырысамыз. Осы жолы балаларға қуаныш сыйлау мақсатында Қонаев қалалық білім бөлімімен келісе отырып, Жаңа жыл мерекесін ұйымдастырдық. Шараның өтетін орны мен безендірілуіне, анимациялық кейіпкерлер мен концерттік бағдаламаға қалалық білім бөлімі мен №3 орта мектебі көмек көрсетті. Сондай-ақ демеушілердің көмегімен сыйлықтар дайындалды. Алдағы уақытта та осындай игі шараларға қолұшын созуға бар күшімізді саламыз», – деді «Respublica» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Жарас Ниязбек.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА