«AMANAT» партиясы партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев бастаған топ Талғар ауданына жұмыс сапарымен келді. Арнайы комиссия Нұра ауылында өткен жылы пайдалануға берілуі тиіс №12 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының кестеден анағұрлым кешігу себептерін анықтады.
Мәселенің мәнін қысқаша түсіндірсек, Талғар ауданы бойынша білім бөлімі Белбұлақ ауылындағы №10, Нұра ауылындағы №12 орта мектептерді сейсмикалық күшейте отырып, күрделі жөндеуден өткізу үшін конкурс жариялап, 2023 жылы көктемде «SHEBERBUILD» ЖШС-мен келісімшарт жасалады. Осыған орай, мердігер тарапынан мектепке құрылыс-монтаж жұмысын бастау үшін Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан 2023 жылдың 23 маусымынан 2024 жылдың 23 мамыр аралығына дейін 11 ай көлемінде күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге арнайы электронды портал арқылы рұқсат алынады. 920 оқушыға арналған, жалпы аумағы 4850 шаршы метр болатын мектептің құрылысы үшін 1,1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Алайда күрделі жөндеу жұмысы өткен жылдың мамыр айында аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс болғанымен, бүгінге күнге ол тек 70 пайызға ғана орындалған. Осыған орай Павел Казанцев тапсырыс берушілерден құрылыс жұмысының қай кезден бастап кестеден кешіккенін сұрады.
Мәжіліс депутатының бұл сауалына аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Үшкемпірова жауап беріп, мердігермен жасалған келісімшарттың 1 тармақ 9.3 тармақшасына сәйкес, 2023 жылдың қазан, қараша айларында білім бөлімі тарапынан электронды портал арқылы нысанның кестеден кешіктірілуіне сәйкес хабарламалар және 2024 жылдың қаңтар айында сотқа дейінгі хабарлама жолданғанын айтты. Ал өткен жылдың 27 ақпанында білім бөлімі тарапынан мектептер ғимаратын сейсмикалық күшейте отырып күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының кестеден кешіктірілуі және келісімшарттардағы тиісті талаптардың орындалмауына байланысты сот кабинеті арқылы облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз жолданған.
Ақыры облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 мамырдағы шешіміне сәйкес, «SHEBERBUILD» ЖШС Нұра ауылындағы №12 мектептің құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алуға «жосықсыз қатысушы» деп танылған. Бұған дейін бұл компания сол жылдың 22 мамырындағы сот шешімі бойынша Белбұлақ ауылындағы №10 мектептің құрылысы бойынша да «жосықсыз қатысушы» деп танылған екен.
Аудан әкімі Таңат Айдарбеков те бұл мәселеге қатысты өз ойын білдірді. Оның айтуынша, «SHEBERBUILD» компаниясы құрылыс жұмысы бойынша конкурсқа қатысып, 43 жобаны жеңіп алған. Осыншама жобаны ұтып алуға оның бұрынғы қаржылық көрсеткіші себеп болған. Кейін компания басшылығы арасында келіспеушілік туындап, түскен қаржы мақсатқа сай дұрыс жұмсалмаған. Одан соң 1 миллиард теңге саламыз, құрылысты қысқа мерзім ішінде аяқтаймыз деп жаңа инвестор келген. Қосалқы мердігердің құрылысшылары келіп, біраз жұмыс та істеген. Бірақ сот процестерінің өтуіне, материалдардың жетіспеушілігіне байланысты кестеден кешігу ұлғая берген және ол бүгінгі күнге 8 айға жеткен.
Мектеп директоры Е.Нүсіпжанның айтуынша, еден құю, терезе салу ісі – 70%, қара сылақ – 80%, левкас тарту – 40%, сыртқы жөндеу – 30%, көгалдандыру жұмысы 10%-ға атқарылған, ал жылыту жүйесі бойынша тіпті ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Сол себепті жобалаушы компания – «ИКАР-СТРОЙ» ЖШС, Талғар аудандық білім бөлімінен мамандар келіп, атқарылған және атқарылмаған жұмыстарды анықтап, 2024 жылдың қазан айынан бері күрделі жөндеу жұмысы тоқтатылған. Тек бірнеше рет күзетшілер ауысқан, олар пайдалану мерзімі өтіп бара жатқан құрғақ құрылыс қоспаларын, басқа да материалдар мен жалпы мектеп аумағын қарауылдап отыр. Осындай сергелдеңнің салдарынан олар да бірнеше айдан бері жалақыларын алмапты.
Қазіргі уақытта мердігер компания «SHEBERBUILD» ЖШС-мен арадағы келісімшарт ондағы орындалуы тиіс жұмыстар мерзімінде атқарылмағаны үшін тапсырыс беруші тарапынан бір жақты бұзылған. Ал ауылдық округ орталығындағы жалғыз мектептің 1145 оқушысы жосықсыз мердігердің кесірінен Мәдениет үйі, әкімдік кеңсесі және басқа да сапалы, толыққанды білім беруге мүмкіндігі жоқ әртүрлі ғимараттарда оқуға мәжбүр. Белбұлақ ауылындағы №10 мектепте де дәл осындай жағдай. Жауапсыз құрылыс компаниясының салдарынан бір ауданда екі мектептің 2 мыңнан аса оқушысы мен 200-ден аса мұғалімі әйтеуір табылған ғимараттарда, мектеп үшін лайықталмаған жағдайда жұмыс істеп, білім алуда. Ал «SHEBERBUILD» компаниясы республика көлемінде жеңіп алған барлық 43 жобадағы жағдай осындай болса ше?! Онда жарты миллондай оқушы мен 5000-дай мұғалім әбігер деген сөз. Өйткені, жосықсыздығы, жауапсыздығына байланысты бұл компанияның есеп-шоттары бұғатталып, басқа өңірлерде де жоғарыда айтылғандай сот процестері жүріп жатқан көрінеді.
Құрамында «AMANAT» партиясы партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев, оның орынбасары Майра Айсина, облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев, облыстық мәслихат жанындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Лаззат Тұрлашов, Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков, облыстық және аудандық мәслихаттардың бірнеше депутаты, облыстық және аудандық білім бөлімінің өкілдері болған арнайы топ жағдайдың осыншама шиеленісуі мектептер құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізудегі кемшіліктерде деген қорытындыға келді. Олардың ойынша, көп жағдайда «SHEBERBUILD» сияқты бір компания бұрынғы тарихының есебінен ондаған жобаларды жеңіп алып, ақыр соңында бөлінген қаржыны талан-тараж етіп, құрылысты тұралатады. Бұл ісіне жауап беріп жатқандар шамалы. Бұдан қарапайым халық, келешегіміз саналатын жас ұрпақ дұрыс білім, тәрбие ала алмай орасан зардап шегеді. Сондықтан тендер мәселесі терең талданып, мұндай келеңсіздіктерді болдырмау жолдары қарастырылуы тиіс.
Депутаттар осы тұрғыда мемлекеттік сатып алулар жөніндегі заңнамаға тиісті өзгертулер енгізіліп жатқанын айтты. Өйткені, кешегі күнге дейін тендердегі тамыр-таныстық, жемқорлыққа жол ашатын көлеңкелі тұстар орын алғаны жасырын емес.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы