Жарысқа Алматы облысының аудандарынан 10-11 жас аралығындағы балалар, 12-15 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар, 16-17 жас аралығындағы жастар, 18 және одан жоғары жастағы ересектер қатысуда. Жарыста барлығы 12 команда, 300-ден аса қатысушы бақ сынайды. Спортшылар 30-дан +91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде тайталасады.
Жарыстың негізгі мақсаты: әртүрлі жас санаттары бойынша Қазақстан чемпионатына облыстық құраманы іріктеу. Республикалық ересектер арасындағы жарыс ақпан айында Петропавл қаласында өтеді деп жоспарлануда. Ал, жас спортшылар наурыз-сәуір айларында республикалық деңгейде сынға түседі.
«Тай боксы немесе муай тай – ең керемет ежелгі жекпе-жек өнерінің бірі. Жекпе-жек өнері екі жауынгердің шынайы жекпе-жегі. 1997 жылы біз елде муайтайды дамыту бойынша үлкен жұмысты бастадық. Алғашқыда бұл спорт түрі Алматыда Елюхан кәсіпқой спорт клубының базасында дами бастады. Бұл клуб тай боксының орталық бөлімі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Муайтай федерациясының базасы болып табылады. Қазір жекпе-жек өнерінің бұл түрі Қазақстанның барлық аймақтарында бар және 20 мыңнан аса адам айналысады. Балалар мен жасөспірімдер құрамаларының 50 пайызы біздің облыстың тумалары, – деп атап өтті муайтайдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Елхан Аманқұлов.
Заманауи муай-тайда соққыларды аяқ, жіліншік, шынтақ және тіземен жасауға болады. Сондықтан оны «сегіз аяқтың жекпе-жегі» деп атайды.
«Өткен жылы Грекияда өткен ересектер мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 4 медаль жеңіп алдық, оның бірі алтын. Жастар арасындағы әлем чемпионатында бір алтын, үш күміс алып қайттық. Еуропа кубогымен пара-пар «Antalya Cup» халықаралық турнирінде Алматы облысының спортшылары да сәтті өнер көрсетті. Мұнда ұл-қыздарымыз 3 алтын, үш күміс және үш қола жүлдені еншіледі. «Алдыңғы қатарда Іле, Талғар, Қарасай аудандары және Жамбыл облысы тұр», – деді Алматы облыстық муайтай федерациясының президенті Айдос Ысқақов.
Дүбірлі дода әлі екі күнге жалғасады. Ал, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі финалдық жекпе-жектерден кейін 24 қаңтар өткізіледі.