Еліміз егемендікке қол жеткізген соң, оны нығайту міндеттері үлкен жауапкершілікті талап етті. Өтпелі кезең қиындықтарын ерен еңбегімен, ар-намыс, ақылымен жеңетін қайыспайтын ерлер керек еді. Сондай тұлғаның бірі және бірегейі біз сөз еткелі отырған Абыхан Жексембеков болатын.
Еңбегімен ел есінде қалған азамат 1992-2002 жылдар аралығында Түрген ауылдық округінің алғашқы әкімі болып қызмет атқарды. Аумаққа қатысты мәселелердің бәрін назарда ұстады. Экономиканың өркендеуі, әлеуметтік жағдайлар, руханият саласы бір-біріне сабақтасқан түрде ойдағыдай жүзеге асып жатты. Мемлекеттік меншіктен жекеменшікке өтуді заң талаптарына сай қамтамасыз етті. Қысқасы, жоқтан бар жасаудың үрдістерін бастан кешірді.
Сол шақтарда ұлттық мүдденің бірінші орынға шыққаны Абыхан ағаны ерекше қуандырды. Іскер азамат атқа қамшы басып, алға ұмтылудың не екенін дұрыс бағамдады. Жаратылысындағы тектілік, адамгершілік, еңбексүйгіштік, білімге құштарлық өзара толығып, ел игілігі үшін атқарылатын жұмыстарға арқау болды. Туған жеріне деген сүйіспеншілік оны бір сәт те тыныш отырғызбады.
Асыл жанның адами және кәсіби қасиеттерін Түрген халқы, әріптестері, мектеп мұғалімдері қапысыз таныды. Ауыл әкімі қызметін өмірінің соңына дейін зор жауапкершілікпен атқарды. Оны жерлестері мақтанышпен баяндайды. Сол тұста қиыннан қиыстырып жасаған халықтық шараларды ізбасарлары мен ұрпақтары өздеріне өнеге тұтып, аталарының есімін елжіреп еске алады.
Абыхан Жексембеков Кеңес өкіметі тұсында да жергілікті шаруашылықтың білгір маманы атанды. Ұжымшар директорының орынбасарлығына дейін көтерілді. Ол кісіге туған өлке табиғаты бес саусақтай белгілі еді. Егін шаруашылығы мен мал шаруашылығында ұжымның үздік табыстарға жеткені – соның дәлелі. Түргеннің бар мүмкіндігін көзін тауып пайдаланды. Жеміс ағаштары мен көкөністің неше түрін өсірді. Сол кездегі республика астанасы – Алматының тұрғындары түргендіктердің өнімін қуана тұтынды.
Ауылда ірі мәдени нысандар, сонымен бірге машина-трактор жөндейтін зауыт тектес цехтар жұмыс істеді. Аумақтағы 2844 отбасын ортақ мүддеге біріктіре алды. 18 ұлт өкілдерін бір әкенің баласындай етіп, тату-тәтті өмір сүруге дағдыландырды. Айта берсек, тілге тиек ететін мұндай жарқын мысалдар жеткілікті. Солардың басы-қасында Абыхан Аманбайұлының жүруінің өзі – бір тарих. Еңбегі еленбей қалған жоқ. Құрмет грамоталарымен, медальдармен марапатталды. КСРО-ның «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанды. Ағарту жұмыстарына атсалысқаны үшін 1995 жылы «Білім беру ісінің үздігі» болды.
Абыхан аға Түрген ауылдық округінің әкімі қызметінде жүргенде тәртіп сақтау қосынын құрып, құқықтық талаптарды да нығайтты. Ауылды көркейтудің тиімді жоспарын жасады. Аумақта туризмді дамытудың бағдарламасын іске қосты. Түрген ауылында сол кезде көмекке мұқтаж 115 қарт, 111 жалғыз басты ана, 360 көпбалалы отбасы тұрған екен. «Байторы» қоғамдық қорын құрып, қолы қысқа жандардың бәріне көмектесіп отырған. Мәселен, оларды күнделікті тұтынатын нанмен тегін қамтамасыз еткен. Ұйымдастыру жұмыстары мұнымен біткен жоқ. Жұртшылықты жұмыспен қамту үшін өзі бас болып өндірістік-кооператив құрады. Жекеменшік агрофирманы да іске қосады.
Абыхан ағаның ұрпақтары әлі күнге дейін әке аманатын абыроймен жалғастыруда. Туыстарының ең басында тұңғышы Мәншүк Абыханқызы тұр. Ол кісі Түрген агрофирмасын басқарады. Сіңлісі Венера Абыханқызы – республикаға танымал тұлға. Саяси ғылымдар докторы, профессор. Мемлекет тарихы институтының еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің басшысы.
2022 жылы Абыхан Жексембековтің балалары демеуші болып, «Әкемнің мектебі» атты кітап жарыққа шықты. Онда ұл-қыздары, туыстары, әріптестері, ауылдастары, қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар Түргенді түлеткен тұлғаның қадір-қасиетін, еңбегін, мәртебесін және артына қалдырған ғибратын барынша ашып көрсетеді.
Абыхан аға – абырой мен ақылдың қос тізгінін қатар ұстаған, бақытын еңбектен іздеген, адалдықты ту еткен жан. Бүгінгі жастарға, болашақ ұрпақтарға өнегелі өмірі үлгі бола бермек. Ол кісінің тұлғалық-менеджерлік тәлімінің ішінде көшбасшылық, жауапкершілік, азаматтық, теңдік, ізгілік, жақсылық, демеушілік, қамқорлық, татулық, еңбекқорлық, жомарттық, кеңпейілділік, отансүйгіштік сияқты ерекшеліктері адами бейнесін уақыт өткен сайын жарқырата түседі деген сенімдеміз.
Шаркүл Таубаева,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
педагогика ғылымының докторы, Қазақстан ғылым академиясының академигі