Тарих жылнамасында өзінің қаралы, нәубет жылдарымен қалған зұлматтың бірі – Ауған соғысы. Алыстағы елді тек картадан ғана қызықтаса да, «Интернационалдық борышын өтеу керек» деген сол кездегі Кеңес одағының елірме ұранының салдарынан енді ғана 18-ге толған өрімдей жастар Ауған жерінің топырағын басып, қанды қырғынның ортасынан бір-ақ шыққан еді.
1989 жылы 15 ақпанда Кеңес әскерлері Ауғанстан аумағынан шығарылды. Бұл 10 жылға жуық уақытқа созылып, 15 мыңнан астам азаматтың өмірін қиған күн болып тарихтың қаралы беттерін толтырды. Кеңес өкіметі келмеске кетсе де, бұл күн ТМД елдерінде жыл сайын аталып өтеді. Осыған орай, сол сұрапыл жылдардағы майдан даласында көзбен көрген зұлмат жайлы естелігіммен бөлісуді жөн көрдім.
Егер де Ауғанстанның солтүстігіндегі Салаңнан өтіп, Чарикар тасжолымен жүріп Кабулға кіретін болсаңыз, ең бірінші «Жылыстан» аумағына тап боласыз. Осы аймақты «Жылыстан» деп әскери мамандар шартты түрде атап, кейіннен сарбаздар арасында кеңінен таралып кетті. Ал жергілікті халық «Қайырхан» деп атайды. Жылыстанда 1979-1989 жылдары 108-дивизияның 181-мотоатқыштар полкі қоныстанды. Таудың етегінде біздің 118-жеке автомобиль батальоны орналасты. Жылыстан жоғарғы және төменгі болып екі аймаққа бөлінген. Төменгі Жылыстанда бірнеше әскери бөлімшелер болды.
1986 жылы шілденің орта шенінде Термез қаласындағы 3 айлық оқу-жаттығу дайындығынан өткен сарбаздарды «ИЛ-76» ұшағымен Кабул қаласына жеткізді. Кабул әуежайында орналасқан уақытша орнығу орындарынан 2 офицер келіп, 9 зенитшіні «Камаз» көлігімен шаһардың солтүстігінде орналасқан әскери бөлімшеге жеткізді. Бұл бөлімше 118-автомобильді батальон еді. 3 казармадан тұратын шағын ғана батальон. Ал автопаркі өте үлкен аймақты алып жатыр екен. Батальонның ортасында сарбаздар сап түзейтін асфальт төселген алаңқайы бар. Офицерлердің басқару орталығы осында жайғасқан. Штаб бастығы, капитан Корнев 9 сарбаздың алдына шығып, зенитшілер мен автоколонналардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бірден кірісіп кету керектігін ескертті.
Әлі есімде. Термезде дайындаған 9 зенитшінің біреуі – мен, үшеуі – өзбек, үшеуі – литвалық, бір тәжік пен бір беларусь еді. Литвалық Канчаускас екеуміз бірінші ротаға түстік. Екінші күні автопаркке барып, бірден іске кірісіп кеттік. «Камаз» көлігінің үстіне орналастырылған «ЗУ-23-2» зениткасы – бізге таныс. 3 ай бойы осы қаруды атумен, оны шашып-жинаумен айналыстық. Шаң басқан зениткамызды бөлшектеп, оны тазалап, майлап, 23 миллиметрлік снарядтарды оқпанына толтырып, жалпы әскери рейс жасауға дайындап қойдық. Бір апта болмай, «Бісміллә» деп бірінші әскери тапсырмаға шығып кеттік. Көлікте взвод командирі Рашид Ғаймаддинов пен жүргізуші Сергей, зениткада менімен бірге оқтаушы Канчаускас болды. 20 сарбазы бар бір ғана «Камаз»-дың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жолға шықтық. Кабулдың қала көшелерімен келеміз. 18 жасар жас сарбаздың бірінші рет шетелді, оның халқын, ескі шаһарын көруі. Көз тартар бірнеше ондаған көпқабатты үйлерді көрмейсің. Халқының діншіл екені ұлттық киім үлгілерінен көрініп-ақ тұр. Орталығынан өтіп бара жатып, азанның дауысын құлағымыз шалып қалды. Қазақ елінде жүріп өмірімде азанның дауысын естіп көрмеппін. Жағымды әуен туралы командирімнен сұрағанымда: «Намаздың уақыты келгенде, соны мұсылмандарға естірту үшін азан айтылып тұрады», – деп түсіндірді. Соны да білмейсің бе дегендей түр танытты. Сөйтсем, командирім Өзбекстанның татары екен. Екі зенитшінің алғашқы әскери тапсырмасы оқиғасыз өтті.
Батальонда 30-дан аса қазақтың сарбазы болды. Басым көпшілігі – жүргізушілер. Солардың бірі – Әбдіразақ Сабырханов. Біз Ауған жеріне 1986 жылдың шілдесінде келсек, Әбдіразақ 1985-тің шілдесінен осында екен. Бір жыл ішінде 50-ден аса әскери рейс жасап, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сарбаздар арасында абыройлы, орнымен ғана сөйлейтін Әбдіразақпен кешқұрым отыра қалсақ, сөз алғанда өзіне жұмылдырып қаратып алатын қабілеті бар еді. Әбдіразақ қазақ сарбаздарының арасында ғана емес, жалпы оны офицерлер де сыйлап, жауынгерлер құрмет тұтатын.
Бір-екі айда біз де тәжірибе жинап, машықтана бастадық. Келесі бір қауіпті әскери рейстердің бірі Кабулдан 330 шақырымдай жердегі Құндыз қаласында орын алды. Бұл әскери рейстің масштаб тұрғысынан да, жауапкершілік тұрғысынан да біз үшін ауқымы кең болды. Себебі рейске 40-қа тарта жүк көлігі қатысты. Қалыптасқан ереже бойынша жолға шыққан автоколоннаның әр 10 көлігін бір «БТР» немесе бір «БМП» сүйемелдеуі керек. Бірақ сол «БМП»-ның әскери рөлін көбінесе «Камаз» көлігіндегі «ЗУ-23-2» зенитка атқаратын. Соның бірі біздің «зениткалық есеп» болды.
Осы рейстегі алғашқы шайқас Пули-Хумри шаһарынан шыққаннан кейінгі 10-шақырымда басталды. Тау шатқалынан содырлар біздің колоннаға қарай бірнеше оқ жаудырды. Алайда шығын болмай, сарбаздарымыздың дені аман қалды. Енді бізге оқтың шыққан нүктесін, дәл мекенін анықтау бірінші мәселе еді. «Оң жақтағы жотаның ағаштары бар, шеткі төбесінен атылды» деп ориентир берілген кезде, келесі жауап қайтарар жедел амал бізден болуы тиіс. Сыңарым, оқтаушы Канчаускас трос-затворды тартқаннан кейін, анықталған аймақты көздеу нысанасына алып, содырлар шыққан жерді оқтың астына алдық. 23 миллиметрлік снарядтың жойқын күші бар. Жарылыстан шаңы шығып, қопарылған жерден енді бізге қарай оқ атылмайтынына көзіміз жеткеннен кейін, автоколонна әрі қарай өзінің қалыпты қозғалысымен жүре бастады. Командирден алғыс алып, Канчаускас екеуміздің мәз болып қалған жайымыз бар.
Менің осы батальондағы әскери қызмет кезіндегі ең үлкен шығын, есімнен кетпес ең ірі қайғылы оқиға – 3-ротаның содырлар торылуына тап болып, түгел қырылып қалғаны. Автоколоннаның негізгі қызметі – оқдәрі мен қару-жарақ, азық-түлік және құрылыс материалдарын тасу. Басқа қалаға алыс рейске шықсақ, бақайшағымызға дейін қаруланып, қозғалысты жіті бақылауда ұстаймыз. Ал Кабул қаласының маңына немесе жай ғана құрылыс материалдарына бара қалса, кейде жеңіл түрде ешқандай қарусыз бара салатын. Осы селқостық бізге жаза ретінде қайғы-қасірет болып жабысты.
1986 жылы 4 қыркүйек күні 3-ротаның взвод командирі Владимир Беглов бастаған №1143 автоколонна жедел түрде 30 шақырым жерден құрылыс материалдарын алып келуі үшін 13 жүк көлігі жолға шығып кетеді. Екі взвод командирінде ғана бір-бір тапаншадан, ал қалған сарбаздар қарусыз еді. Автоколонна Кабулдан шыққан мезетте Жалалабад тасжолының 15-шақырымында арнайы жасақталған содырлардың қалың қолына тап болып, біздің осы рейстегі сарбаздарымыз түгелдей қырылып қалады. Солардың ішінде бізге жебеу болып жүрген Әбдіразақ Тұрсынқожаұлы да бар еді. Екі взвод командирі, бір прапорщик, 15 жауынгердің барлығы да ерлікпен қаза тапты. Алла Тағалам жатқан жерін жайлы қылсын! Бір нәрсеге толық көзім жетті. Ерлік сабақтастығының бар екендігін 10 жылға созылған соңғы сұрапыл соғыстағы қаракөз бауырларымыздың қайсар батырлығы дәлелдеп кетті.
Ауғанстанды иеленгісі келген коммунистік билік ақыры жеңілісін мойындады. Жеңілісі былай тұрсын, Кеңес империясы құлады. Кеңес өкіметі сол елдегі қуатты тарихи таным-түсінікті, діни сенімді, салт-дәстүрді, өзін-өзі қорғау және сақтау дәстүрін бұза алмады. Тек қырғын салып, адамдардың жүрегіне, тарих парағына өшпес қанды із қалдырды. Сол үшін мен де бұл соғыстың саясат тұрғысынан әділетсіз екенін білемін. Дегенмен сол соғыстағы қарапайым сарбаздардың, ауыл жігіттерінің шайқастағы ерліктері жадымызда қалуы шарт.
Алдажар Сейітұлы,
Ауған соғысының ардагері