Талғарда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Алматы облысының Полиция департаменті әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
“Тараптар қылмыстық іс материалдарымен толық танысты, іс сотқа жіберу үшін прокурорға жолданды.
Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізілді, шамамен 200 куәгерден жауап алынды, барлық күдіктілердің оқиға орнында айтқан жауаптары тексерілді, процесс қатысушылары арасында беттестірулер өткізілді, сондай-ақ қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған өзге де тергеу әрекеттері жүзеге асырылды. Қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға бере отырып, 8 бейнематериал зерттелді” – делінген ПД хабарламасында.
Полицияның ақпараты бойынша, қылмыстық іс 62 томнан тұрады, оның ішінде барлық жиналған дәлелдемелер, сараптама қорытындылары, жауап алу хаттамалары және басқа да маңызды материалдар бар.
Еске салайық, былтыр 4 қазанда Талғар қаласында дүкенде болған жанжал төбелеске ұласып, Шерзат Полат есімді жасөспірім қаза болған.
Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.
12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
Ал 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың туысы Нұрғанат Ғайыпбаев қайтыс болды. Полиция “марқұм өзіне қол салған” деген алдын ала болжам барын хабарлаған.
Прокуратура соттың ашық өтуін сұрайтындарын жеткізді.