Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов «Өлке тынысы» ЖШС құрамындағы Алматы облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінің бас редакторлары Қуаныш Тұнғатар мен Забира Сайділдинаны қабылдады. Жүздесу барысында тараптар мерзімді басылымдардың бүгінгі ахуалы, көтеріп отырған жүгі мен таралымы жайында пікір алмасып, алдағы уақытта бірлесіп атқарар жұмыстар жайлы ой бөлісті.
Алдымен сөз тізгінін алған Забира Дайранқызы ғасырдан асқан ғұмыры бар басылымның тарихы жайлы аз-кем ақпарат беріп, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңалықтарды жариялау, мемлекеттің басты бағытын насихаттау барысында газеттің алар орны мен маңыздылығы туралы баяндады. Ал Қуаныш Абайбекұлы өз кезегінде Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда «Оқитын ұлт» жобасын ұсынғанын, осыған байланысты «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттері республикада алғашқы болып өңір елдімекендерінде «Оқитын ұлт – оқитын отбасы» акциясын ұйымдастырғанын айтып өтті. Ол Қарасай жерінде аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаеваның қолдауымен өткізілген «Қазақ газеті» атты форумға жоғары баға беріп, газет ұжымы атынан алғысын білдірді. Осындай түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде қос басылымға жазылушылардың қатары артып келе жатқаны да әңгіме өзегіне айналды.
Кездесуге арнайы келген Алматы облысының Құрметті азаматы, ардагер-журналист Қанат Тәкебаев мерзімді басылымдарға жазылу, газет-журналдарды оқу дәстүрі кері кетіп бара жатқанын ашына айтып, жұртшылықтың ақпарат алу мәдениетін қалыптастару барысында атқарылар жұмыстар жайлы өз ойымен бөлісті. Сөз арасында қазіргі нарықта жекелеген газеттердің де көп екені, олардың мазмұны мен сапасы журналистика талабына сай келмейтіні, салдарынан қаншама газет бума-бума болып келген күйі қоймаларда жатып қалатыны айтылды. Осы орайда облыстық екі газет – «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» басылымдарының орны бөлек екені, екі басылымда да аптасына үш рет мазмұнды материалдар жарияланатыны әңгіме өзегіне айналып, мекеме қызметкерлеріне тілшілері толық режимде жұмыс істейтін, талапқа сай жарық көретін басылымдарды ғана оқуға кеңес берілді. Өкінішке қарай, кейбір басқа газеттер бизнес көзіне айналған, ақпараттық тапсырысты орындау үшін жиендік жасап, көшіріп басатын да редакциялар аз емес. Кездесуде мұндай бизнеске айналған басылымдардың орнына облыс әкімінің үнжариясына қолдау көрсету қажеттігі әлдеқайда ұтымды қадам екені сөз болды.
Баспасөз өкілдерінің пікірін мұқият тыңдаған Жасұлан Тоққожаұлы Қарасай ауданының экономикалық-әлеуметтік ахуалы турасында мәлімет беріп, өңірлік газеттер жайлы да өз ойын ортаға салды. «Әкем Тоққожа Естенұлының әр күні газет оқудан басталатын. Сондықтан мерзімді басылымдарды қалт жібермей оқу, жаңалықтарды қадағалау бала кезден сүйегіме сіңген әдет десем де жарасады, – деді ол. – Кей кезде газет қарауға қолым тимей кетсе, иісін сағынатын да шақтарым болады. Сондықтан баспасөздің қоғамды біріктіру, халықты бір мақсатқа ұйыстыру, мемлекеттің басты бағытына жұмылдырудағы атқарар қызметін жоғары бағалаймын. Оқымайтын ұлттың болашағы да бұлыңғыр. Облыстық басылымдарды қолдау жалғаса береді».
Тараптар алдағы уақытта да бірлесе іс атқарып, тәуелсіз еліміздің асқақ рухты ұрпағын қалыптастыруда жұмыла жұмыс атқаруға уағдаласып тарасты.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы