2012 жылдың көктемінде, Алматыдағы аяқталмаған оқуға қарамай, Талдықорғандағы Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі болып шыға келдім. Бір топта төрт жыл, магистратурада екі жыл жұп жазбай қатар оқыған Қуаныш Тұнғатар, Мұратхан Тұрар – үшеуміз бір айдың айналасында Алматы облысының абыз басылымына жұмысқа тұрдық. Және бұрын-соңды еш жерде қызмет етіп көрмеген ашық ауыз үшеудің алғашқы сыналған тұсы да осы екен. Басқаны қайдам, біздің ащы терімізді алған – бас редактордың бірінші орынбасары Жәкең – Жанкүміс Жәмеңке болды.
Әлгі екеудің қалай өткенін шет жағалап қана білем, әсіресе, Жәкеңнің алдын көріп шыққан соң, жұмысқа тұрсам дегенде, екпіні үй жығардай болып келген Мұратхан алғашқы әкелген мақаласының қызыл ала болғанын көріп, ойланып қалды. «Басы мынадай басталған істің соңы қалай болады?» деп іштей толқып қалған, «Өзім туып-өскен өңір ғой, үй-ішіме де жақын», деп жайнаң қаққан әлгі бір жарқ-жұрқ реңі «Алматыдан да бірдеңе табылып қалар» деген екіұшты, сенімсіздеу күңкілге ауысып, азды күн жүрексініп жүрді.
Алғашқы әсер көп жағдайда алдамшы келеді.
Бірден аңдалды, Жәкең – адамның сыртқы келбетіне – киім киіс, жүріс-тұрыс, сөйлеу мәнері, өзін ұстауы, тазалығына қатты мән береді екен. «Адамның киіміне қарап оның талғамын, талғамына қарап, қандай адам екенін білуге болады» дегені бар кейінірек. Рас, «Бағасы маңызды емес, бойына қонымды киім таңдап кие білу де мәдениеттің бір үлгісі». Тіпті, тырнағы өсіңкіреп кеткен адамды да көзілдіріктің ар жағынан сұстана қарайтын өткір көз қалт жібермейді. Сұқтана, тесіле қарайтын әдеті жоқ, бірақ бүкіл болмысыңды қашан, қалай бақылап үлгергенін аңдамай қаласың. Оның дүниетанымындағы адамдық адал еңбек ету сияқты моральдық қағидалармен ғана шектелмейді. Қарапайым тіршілік те, кісі баласына тән игіліктер де, күнделікті нормалар да көлеңкеде қалуға тиіс емес. Еңбек етсең, тындырғаныңа қарай қарымтасын ал. Сонда ғана өмір сүрдім деп толық сеніммен айта аласың. Әйтпесе, олпы-солпы киімін түзей алмай жүрген адам өзгенің жыртығын жамаушы ма еді?! Өз бойын түзей алмай жүрген, аузынан сөзі, қойнынан бөзі төгілген жігерсіз адам кімге тұлға болғандай?! Бір рет жұмыс сұрап келген бір жас жігітті шығарыпсалма сөзбен қайтарып жібергеніне куә болдым. Тырнағы өсіп кетіпті. «Жазуы да тырнағы сияқты екен», – деді бірауыз.
«Жұмыстан тыс уақытта қыдырыңдар, жассыңдар ғой», – дейтін.
Күз кезі. Жәкең әріптесіміз Мұратхан екеумізді ертіп, Алакөл ауданына іссапармен барды. Жазылу науқаны кезіндегі «Жетісудың» дәстүрі. Газет оқырмандарымен кездесу өткізіп, аудандағы бірді-екілі ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, таң қараңғысында аттанған сапардан ел жата бір-ақ оралдық. Үйге жеткенде: «Ертең демалыңдар», – деді. Біз мәзбіз. Жақсылыққа жақсылық жасамақ ниетіміздің түрі, бүрсігүні материалдарды жазып, реттеп, тас-түйін барамыз деп жатырмыз. Жәкең: «Бұларға демал десе, жұмыс туралы айтады», – деді кейіп. «Ертең демаласыңдар, арғы күні жазасыңдар. Сонда жақсы жазылады. Жақсы жазылмаса…»
Ол кезде тереңіне толғай қоймасақ та, кейін ұғына түстік: бұл – мейірім екен, бұл – кеңдік екен. Бізді, біздің жастығымызды аяғаны, аялағаны екен. Газет жақсы шығуға тиіс, оған сөз жоқ. Бірақ солай екен деп, қолыңнан келместі талап етіп, бермесіңді тартып алар қаталдыққа барған жері жоқ.
Жәкең тәртіпке қатты көңіл бөледі. Көлденең қара көбейтіп жүретін жазғышбектерді ұнатпайтынын ашық білдіріп отырады. Сол үшін де оның қасында жүрген шақта сол жазғышбектердің бірі мен емес пе екенмін деген сұрақ бір сәтке құрсауынан босатпайтын. «Журналист қай жерде жүрсе де, идея іздеп жүруге тиіс» дегенді жиі қайталап отырады.
Идея мен тақырып қою сияқты газеттің күнделікті тіршілігіндегі еңбегін айтып жату артық. Қай кезде де «подсказка» беріп, соңғы шешімді тілшінің өзіне қалдырып отырады. Ойында дайын тұрған тақырыпты қайтсе де өзіңе айтқызуға тырысатын, тіпті болмай кеткенде ғана, күле отырып өзі айтуға мәжбүр болған сәтіндегі жарасымды мақтан тұнған жүзі, әзілге орап, «Соны да білмейсіңдер!» дейтін салқын жымиыс… Жұматай аға (Оспанұлы, қазір Жетісу облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы) бірде Жәкең туралы «Жетісудың» жүрегі ғой» деп қалып еді. Соншама жылын арнаған, еңбегі сіңген газет қой, қай уақытта да жолына құрбан болардай, әр нөмір, әр бетін аялап отырады. Мәндісі бар, мәнсізі бар, облыстық әкімдік бар, басқармалар бар, басқасы бар, қаншама іс-шара өткізеді, солар туралы қаншама хабарлама жазылып жатады, шығып жатады. Сырттан, оқырмандардан келетін қаншама хат-хабар, әуесқой тарихшылардың «зерттеулері» бірінің ізін бірі басып келеді де тұрады – газетке тыным жоқ. Соның біреуі де Жәкеңнің алдын көрмей, жоспарға ілінбейді.
«Редакторларыңның алдынан өттім» деп, біздің бөлімге тепсіне келетін аймақтық «авторитет» шалдармен талай айқастық. «Жастықта көкірек зор», қолың қышып тұрады, үтір-нүктесі, сөйлем құрылымы тұрыпты кейбір көңілге қоныңқырамаған деректеріне дейін «жетілдіріп», талай «жақсылық» жасадық. «Жақсылығымыз» үшін талай рет «сыбағамызды» да алдық. Жаратпай тастаған кезіміз де аз емес. Ондайда аталарымыз шарт кетіп, бастық жағалап кетеді. Мұндай шаруаларға дипломатиялық тұрғыда қарайтын бас редактор Жақыпжан аға (Нұрғожаев) бір мәрте ғана шағымданушы шалға көз қылып, «жығып бергені» болмаса, асау аталарымыздың шаруасы бастықтардың алдынан қайта шықпайтын. Бір қызығы, бөлімдегі «бетімен кеткен» балаларды жөнге салғыштар Жәкеңнің алдына кіре бермейтін. Батпайтын болса керек. Сірә, кірсе де, ондағы әңгіме бізге жете бермейді.
Жәкең ұжымдағы қай қызметкерді де бес саусағындай біледі. Кімнің қолынан не келерін, қай салаға икемі барын ә дегеннен-ақ қапысыз таныған, істің орайына қарай тапсырма жүктейді. Тапсырма берер алдында алдына шақыртып алады, асықпай, ақылдасады. Бұл ақылдасудың астары көп: бірі – тең дәрежеде сөйлесіп, кеудеңе сенім ұялата түссе, екіншісі – жас демей, бала демей, «Менде мынадай бір ой бар» деп бастап, тақырыпқа қатысты білім-білігіңді тәптіштеп тексеріп алады. Бәрін қамтып, жан-жақты болуын қадағалап, шығарып салады. Ойлайсың, жазылуға тиіс бүкіл дүние айтылды, ендігісі оңай, жазу ғана деп. Көп өтпей аусарлығыңа налып тұрасың. Бүкіл дүниені айтып, жол сілтегені – жұмысыңды жеңілдету емес, жауапкершілік салмағын ауырлата түсер жүк екен.
«Газет – бір күндік, сөзі – мың күндік» – жиі айтатын сөзі. Алдына келген, қолына түскен қай жас тілшіге де газеттің отымен кіріп, күлімен шығар атқарушы тетік ретінде емес, ертеңі, болашағы бар адам, жеке тұлға ретінде қарайды. Мұның бәрі кейінгі ой, қарамағында жүрген кездерде, кезекті тапсырманы орындап, оның кезекті санға жол тартқанын малданып, көлденең тіршілікке, бүгінге деген уайым, ертеңге деген алаң жоқ, сыбай-салтаң жүре берген сияқтымыз.
Көзіңнен сәл ғана от көрсе, сөзіңнен аздаған жылу сезінсе, сырт көзге суықтау көрінер жүзіне білінер-білінбес қан тебер еді. Езуіне күлкі үйіріле қалады. Онысын жасыра беріп, жүзін терезеге бұрып ала қояды. Аз уақыт ішінде ғана, бәлкім, туған анаңдай, бәлкім, жанашыр әпкеңдей етене болып кеткен осы бір мейірін жұмбақ қылып ішіне бүккен салқын һәм жып-жылы адамға қарап отыра бергің келетін. Еркелегің келіп кететіндей, тіпті, әлгі тұңғиық көздің тереңіне жасырып қойған жып-жылы шуақты неге ашық ұстап жүрмейсің деп, қиғылық салғың келетіндей.
Газетке үйренісіп, жаздың шуақты күндерімен астасқан шырайлы бір кезең орнаған.
Өмір-ғұмырда қызмет етіп көрмеген, шамалы ғана жазуы бар сары ауыз тілші алғашқы сынақтардан жақсы өттім деп өзін еркін сезіне бастады. «Жетісудың» табалдырығын аттаған күннен арада екі-үш айдың жүзі аунамай-ақ, болысып-толысқандай, айналаға маңғаз көз тастайтын әдет пайда бола бастапты. Алғашқыда жай ғана ескертті: «Айға жуықтады, хабарламадан өзге ештеңе жазбадың».
Қалыптасқан тәртіп бойынша жоспар өткізуің керек. Жоспардың бәрі сол күйінде орындала салмайтыны болады, өзгереді, шегеріледі, кейде тіпті ұмыт болады. Басқаны қайдам, жас адам қулықты алдымен үйренгіш келеді, жоспарға келгенде жомарт болдым. Бірақ Жәкең сол арада немесе араға уақыт салып барып, ұсынған жоспарыңа қатысты оңаша талқылау жасайды. Пісіп, жетілу тұрыпты, сұлбасы мен жөн-жосығы өзіңе де беймәлім, әйтеуір, міндеттен құтылу үшін асығыс жасалған жоспар қай бір оңа қойсын? Көбі жарамсыз болып шығады. «Тағы не айтасың?» Ештеңе айта алмайсың. Содан соң ғана өзі ұсынбақ тақырыпты суыртпақтай бастайды. Алғаш, бір қырын ғана аңдатып, іздене түсуді тапсырып, шығарып салады. Арада екі күн өтеді. Басыңды қасып, тағы отырасың. Өз ойыңнан бірдеңелер қосқан болғаныңмен, көңілінен шықпай тұрғанын айтқызбай біліп тұрсың. Ақыры, сенен оңған «ұсыныс» түспейтініне көзі жеткенде, суыртпақтап айта бастайды. Одан арғысы, оңай, жазу ғана…
Осы күні өзіміз де жастармен біраз жұмыс істедік, бірақ жас, тәжірибесіз тілшімен дәл осылай жұмыс істеу өте қиын болып шықты. Кімнің әуеніне төңкеріліп отырғандайсың? Ал Жәкең ол жағына өзін де, уақытын да аяған жоқ. Тапсырманы, өзі көріп тұрған материалды түсіндіріп беріп, «Ал, жөнел» десе, ешкімнің ештеңесі кетіп бара жатқан жоқ. Бірақ Жәкең бір тапсырманың өзін осылай, ұзағынан толғап, арыдан ойластырып отырады. Толық түсінгеніңе көз жеткізгенше сатылап тергейді. Өз көзқарасыңды айта бастағанда барып: «Давай, дерзай!» – дейді.
Жазу созыла береді. Күн сайын тықақтап сұрамайды. Сенің материалыңа тіреліп тұрған ештеңе жоқ, «Жетісудың» «запасы» мол, оны біліп алғанбыз. Алғашқыдағыдай емес, екпін басыла бастаған, ет пен терінің арасындағы көбік-желік тараған, жүрдек қол баяғыдай жұлқынбайды. Осындай бір кезеңде шақыртып алды. Тәптіштеп жағдайымды, көңіл-күйімді сұрады. Ештеңеге алаңдап жүрмегенімді айтам. Бәрі жақсы екенін айтам. «Онда неге жазбайсың?» Біз жақ үнсіз. Егер анау-мынау мәселе болып жатса айтуымды, түсіністікпен қарайтынын ескертіп, шығарып салды. Алқымға пышақ тақалғандай болғанда бірдеңе жазған болдым. Оқыды. Шақыртты. Қолында – менің жазғаным, көңілсіз ұстап отыр екен. «Мынауыңның қандай екенін өзің де біліп тұрсың ғой? Көңілсіз жазыпсың». Тағы біраз ескертулермен қолыма ұстатты. Ескертулеріне сай түзеткеннен қайта жазып шыққан оңай көрінген. Жазудың жауапкершілігі деген дүниенің бар екенін жиі естіп, жиі айтып жүрсек те, тұңғыш рет сол күні сезінген сияқтымын.
Шын ынтаңмен жазған бір жолың болса, тауып алып, түртіп қояды. Алғашқы күндерде, әкімдіктің әлдебір жиналысына қатысып, соны етектей қылып жазып келгенім бар (әдетте, мұндай жиындардың хабары мықтаса 80-100 жолмен беріледі). Суреттеп бастаппын. Біраз көсілсем керек. Жәкең күліп отырып оқып шықты. «Хабарлама бұлай жазылмайды. Бірақ кәдімгідей жаныңмен жазыпсың, бір жолын қысқартуға қимай отырмын. Келесіде бұлай жазба, бір жолға, осы күйінде жіберем», – деді. Бұл – ең алдымен адамға, жас адамға деген қарым-қатынас екен. Ұстаздың, ананың жүрегі ғана түйенің бойындай мін табуға болатын жерден иненің жасуындай жақсылық таба алады екен. Кейде шақырып алып, «Бәлен досың дұрыс жаза алмай жүр ғой. Өзінен сұрасам, «бәрі жақсы» дегеннен басқа сөз айтпайды, не болып жүр, білсеңші», – дейді. Бәлкім, біздің «нашарлаған» кезімізде де, біреулерден солай сұраған шығар, кім біледі?
Тура осы кездерде прозалық жинағым шыққалы жатқан. Басында 10 баспа табақ еді, баспаның ұсынысымен 20-ға бір-ақ көтеріп алып, енді соны толтыра алмай қиналып жүргем. Жәкең хабардар, еркіндік берді. Кітабымның ақырғы нұсқасы баспаға кеткенше газеттің шаруасына тиіп-қашып қана араласып жүрдім десем болады. Кітап кетті. Әне-міне шығайын деп жатыр. Осының әсері болар, әдеби ортаға кеткім келді – Алматыға қарап ұлыдым да отырдым. Екі күннің бірінде барып қайтам. Кештете барып, таң ата Талдықорғанға қайтып келіп жүрген кездерім болды. Шала ұйқымен редакцияда отырасың. Жұманы күтпей сұранып кетуім көбейді – сылтау табылады. Жүрісімнің сұйылып бара жатқанын Жәкең елдің алды болып аңдады. Шақырып алып, бүгін-ертеңгі емес, жалпы өмірлік жоспарым туралы сұрайтынды шығарды. «Верстка» болмайтын, еркіндеу күндері кабинетінде ұзағырақ отыратын болдым, редакция жұмысынан тыс, жеке басқа, ұстанымдарға байланысты әңгімелер. «Қызың бар ма?» деп сұрады бір күні. «Дұрыстап таңда, маған көрсетіп алмай үйленеді екенсің…» деп жұмсақ күлді.
Бұл қара күз, мен Алматыға қайту туралы іштей шешім қабылдап қойғам. Барар жерім де ыңғайланып қалған – «Қазақ әдебиеті» газеті. Тек кел деген бір ауыз сөз күтіп жүрмін. Уақыт жылжыған сайын мазам кете бастады. Бәрінен қиыны – басшылықтың алдынан өту, бұл университетті енді бітірген, өмірлік тәжірибесі аз адам түгілі, сақа жігіттердің өзі үшін үлкен күшке түсетін нәрсе. Ақыры Алматыдан күткен хабарым келген күннің ертеңіне редакцияға барсам, басшылықтан ешқайсысы жоқ екен. Дәл сол күні маған бұл жағдай ыңғайлы көрінді. Жұмыстан кету туралы арызымды жазып, қалдырдым да, тайып тұрдым. Жұматай ағама телефонмен ескерттім, салқындау қоштасты. Одан әрі бас редактор Жақыпжан ағама да, Жәкеңе де хабарласуға батылым жетпеді.
Араға бір апта салып, құжаттарымды алып кетуге барғанда Жәкең: «Жетісу» – «проходной двор» емес, кетсең де бұлай қашып кетуге болмайды. Әлде сенсіз газет шықпай қалады деп ойладың ба? Әлі жассың, сол үшін де кешіріп отырмын. Қайтеміз, жолың болсын», – деп ақталуға, сылтау айтуға да мүмкіндік қалдырмай, шығарып салды.
Кешіріп отырғаны әшейін сөз, көрместей болып ренжіді-ау деп ойладым. Ренжігенде жүзіңе тесіле бір қарап, теріс айналып, терезеге қарап отырып алатыны болушы еді, сол түңілісті кейпін көпке дейін ұмыта алмай жүрдім. Газеттің 95 жылдығында өзім құралпы жігіттер хабарласып, мерейтойлық нөмірге арнайылап мақала жазуымды сұрағанда таңғалдым. Жоспарға енгізіпті. Сонда ғана Жәкеңнің соңғы кездескенде шын ренжи алмағанын, көңілсіздеу айтса да, шын тілекші болғанын түйсіндім.
Үлкенді ағай, апай атап үйреніп қалған ауыз ә дегенде «Жәке» дегенді еркін айтып кете алмай, біразға дейін тосырқап жүрдім. Бұрыннан қызмет етіп жүрген қыз-жігіттер шешесіндей адамға Жәке деп тұрғанын көргенде, тіксініп қалушы едім. Бір-екі мәрте «апайдан» аузымыз күйген соң, біз де тырыса бастадық. Кейіннен үйрендік. Біреулер өзінен аға жасай алмай жүргенде, «Жәке деп айт, сенің «апайың» маған ұнамайды» деген талап қоятын адамды ақылға сыйдырып көріңіз. Ең болмаса, ресмилендіріп, әкесінің атын жалғап айт десе ғой. Арада ай аунамай жатып, Жәкелеп тұратын болдық.
Апай дегенді ұнатпайтын Жәкеңмен осыдан он жыл бұрын кездескенде (мына жолдардың негізі сол кезде жазылған, не үшін екенін ұмыттым, жарияланбай қалды. Енді соны аздап толықтырып ұсынып отырғанымды ескерткім келеді) пысықтығым ұстап: «Сіздің 60 жасыңызға қызу дайындық жүріп жатқан сияқты», – дедім. «Қой, олай деме, мұныңды ешкім естімесін, ұят болады», – деді Жәкең екіұштылау. Түсінбей, дағдарып қалғанымды түрімнен көріп: «Қыздың жасы деген болмаушы ма еді?» – дегенде ғана оңбай қателескенімді бір-ақ білдім. Жәкең күлді. Жүзінде баяғыдан етене «Соны да білмейсің бе?!» деген мереймен астас әлгі бір жарасымды мақтан тұнып тұрды.
«Қыздың жасы – құдағи болғанша ғана өлшем. «Апай» ештеңе емес, «әжеге» құлағыңызды үйрете беріңіз», – деуім керек екен сонда. Осы күні әже атанып, немере сүйіп отырған Жәкеңнің бізден сонша жасырып баққан мейірімі сыртына шыққан да болар?!
Алмас НҮСІП,
Республикалық «Jas Alash» газетінің бас редакторы