Мемлекет басшысы өз Жолдауында еңбек адамы мен жұмысшы мамандықтары туралы айта отырып, оқушы жастарды болашақта өз Отанының адал азаматы, патриоты болуға шақырды. Қоғамда еңбексүйгіштік пен кәсібилік құндылықтары әрдайым бірінші орында тұруы тиіс екенін Президент әрқашан айтып келеді. Бұл «Жауапты азамат – адал еңбек – лайықты табыс» қағидатына толық сәйкес келеді.
Дәл осы қағидаттарды Талғар политехникалық колледжінің студенттерімен кездесу өткізген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің өкілдері басшылыққа алды. Кездесудің мақсаты – жастарға адалдық пен еңбексүйгіштік құндылықтарын, қоғамдағы әділдік пен таза табысқа жетудің маңыздылығын түсіндіру. Шара «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» деп аталды. Кездесу «заң және тәртіп» ұғымын ілгерілетуге, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға бағытталған TED-х форматында өтті. Шара басталмас бұрын оқу орнының фойесінде колледж басшылығы аспаз, электрик, бағдарламашы, дәнекерлеуші сияқты жұмысшы мамандықтарының тұсаукесерін өткізді. Аталған мамандықтарды меңгерген студенттердің жұмыстары – шойыннан жасалған макеттер, қолдан соғылған сәндік торлар, тігілген әртүрлі киімдер мен аспаздық тағамдардың көрмесі ұйымдастырылып, ЛЭД-экран арқылы веб-әзірлемелер мен жасанды интеллект туралы айтылды.
Кездесуге қатысқан Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт, осы департаменттің аса маңызды мәселелер жөніндегі офицері Ернар Игіліков қоғамдағы жемқорлық мәселелері жөнінде өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Айдос Мамыт Қазақстан үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып саналатынын атап өтті. Ол әдеттегідей дайын баяндаманы оқып шықпай, керісінше студенттік аудиториямен тікелей сөйлесіп, жанды диалог орнатуға бел буды. Сөйтіп, әңгіме тікелей сұрақ-жауап форматында өтті. Айдос Жанұзақұлы сыбайлас жемқорлық, оған қарсы іс-қимыл бойынша алдын алу шаралары, осы мақсатта агенттік немен айналысатыны, пара дегеніміз не, қоғамға осыншама әлеуметтік қауіп төндіретін зұлымдықтың қандай зиян келтіретінін жан-жақты түсіндірді. Әңгіме барысында өз өмір жолынан мысалдар келтіріп, нәтижелерге қалай қол жеткізгені, жақсы оқуға және адал еңбек етуге қандай жайттардың түрткі болғаны жөнінде айтып берді. Студенттермен әңгімелесе отырып, спикер олардың назарын өз мамандықтарын меңгеріп қана қоймай, бәсекеге қабілетті, сауатты болуға, өзін-өзі жетілдіруде үлкен жетістікке жету қажет екеніне аударды.
– Ең бастысы, біз өзімізге, айналамыздағыларға адал болдық. Оқытушылардан әртүрлі қитұрқы жолдармен қажетті баға алуға тырыспай, адал оқып, соған лайық әділ баға алдық. Адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі – адалдық. Адал болу, адал жұмыс істеу және адал табысқа жету – жеке адамды ғана емес, бүкіл қоғамды жақсартудың негізгі тәсілі. Заң мен тәртіпті сақтайтын ел ғана қауіпсіз қоғам мен құқықтық мемлекет құра алады. Осы құндылықтарды ұстанатын, өзін және басқаларды құрметтейтін, өз өміріндегі қиындықтарды адал жолмен еңсеретін адам міндетті түрде табысқа жетеді, – деді Айдос Мамыт.
Өз кезегінде, колледж де сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізіп жатқанын айта кету керек. Мұнда 2024-2025 оқу жылында студенттердің күшімен сынып сағаттары, «Біз – сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» тақырыбында ашық сабақтар өткізілген. Сондай-ақ «Саналы ұрпақ» үйірмесі жұмыс істейді, республикалық конкурста осы тақырыпта үздік деп танылған эссе жазғаны үшін бірнеше оқушы грамотамен марапатталған.
Кездесу соңында Айдос Мамыт студенттерді адал болуға шақырып, ынтымақтастық белгісі ретінде қолдарын алға созып, «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» дегенді бейнелейтін үлгіде естелік үшін суретке түсуді ұсынды. Шара қатысушыларының пікірінше, кездесу екі тарап үшін де жемісті және пайдалы болды. Балалар сұрақ қойып, тиісті жауап алды.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы