Ұйғыр ауданының орталығы Шонжыдағы атшабарда ұлттық ат спорты түрлерінен Алматы облысының чемпионаты басталды. Жарысқа әр ауданнан 18 және одан жоғары жастағы 150-ден астам шабандоз бақ сынауға келді.
Ашылу салтанатында қатысушылар шеруі өтіп, ұйымдастырушылар аталған чемпионаттың мән-маңызына тоқталды. Сан ғасырлық тарихы бар ұлттық ойындар халқымыздың өмірі мен мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналғанын, жас ұрпақтың отаншылдық рухта тәрбиеленуіне этноспорттың қосатын үлесі зор екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше тоқталды. Өйткені онда тарихымыз, мәденитіміз бен салт-дәстүріміз жан-жақты көрініс табады. Сонымен қатар бұл жарыс елді ынтымаққа шақыратын халықтық мереке іспетті», – деді Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова.
Қатысушылар ұлттық ат спортының төрт түрінен – көкпар, аударыспақ, жамбы ату мен теңге ілуден сынға түседі.
«Ұлттық ат спорты бойынша облыс біріншілігін жыл сайын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Бұл – жай ғана жарыс емес, ұлттық болмысымыздың шынайы көрінісі. Қатысушылар арасында адал бәсеке орын алып, бір-біріне деген құрметі артады. Салт-дәстүріміз кеңінен насихатталады. Ұлттық мұрамыз ұлықталып, береке-бірлігіміз арта түседі», – деді Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек,
Жарыс Алматы облысы тұрғындарын салауатты өмір салтына үндеу, салт-дәстүрді жаңғырту, жарысқа қатысушылардың спорттық шеберлігін арттыру, Қазақстан чемпионатына қатысу үшін үздіктерді Алматы облысының құрамасына іріктеу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Жарыстың әр түрі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, медаль, диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Жалпы жүлде қоры – 2 000 000 теңге.