Соңғы кездері музыка тыңдау харам, тіпті домбыра да харам деген сөзді естіп қалатын болдық. Сегіз ғасыр қазақ халқымен біте-қайнасып, шариғаты мен дәстүріміз қамшының өріміндей қатар өріліп кеткен Ислам дінінде музыкалық аспаптар, оның ішінде, жанымызға жақын домбыра харам ба? Бұл сауалдың жауабын дін саласындағы ғалымдардың пікірімен де бере салуға болады. Дегенмен, қазақ халқының дүниетанымына, тұрмыс-тіршілігіне, тіпті дін таратуда музыканың рөлі қандай болғанын саралап барып сауалдың жауабын іздеп көрейік.
Қазақ даласы таңдайына бұлбұл құс ұя салған әншілерге, домбыраны саусағымен ғана емес, көңілімен сөйлететін күйшілерге, орақ тілді ақындарға, өлең сөзін судай сапырып, ешкімге жеңіс бермеген шешендерге бай болған. Арнайы музыкалық білімі болмаса да, Ұлы даланың өмірін, философиялық тағылымын, кең пейілдігілін музыка тілімен жеткізген. Г.Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» дегенін білесіздер. Олай болса, айналамызды музыкаға толтырып қойып, өзі махаббатпен жаратқан адамзат баласына музыканы харам етті, оның ішінде, ұлттық құндылығымыз домбыраны харам етті деу ақылға қона ма? «Что нужно для обрусения инородцев?» деп еңбек жазған, қазақ халқын орыстандыру мақсатында мәдениетін көп зерттеген, орыстың шығыстанушы ғалымы Александр Алекторов бір мақаласында: «Сыртта соғып тұрған боран, мен жылы зілмәңкеде (жер үй) отырып, ән тыңдадым. Әнші тері тулақтың үстіне жайғасып отырып, домбырасының ішегін қаға бастады. Ішектің баяу дірілі,орындаушыға жақындай түскен адамдардың қозғалыс дыбыстары, домбыраның күмбірлеген қайғылы дыбысы маған ерекше әсер етті. Мына сияқты қарапайым әнге, қарапайым музыкаға қанша поэзия сыйып жатыр?! Қолдан істеген екі шекті домбырада мұндай нәзік, мұндай әсем дыбыстар шығады дегенге мен еш уақытта сенбеген болар едім», – дейді.
Көзі ашық, өркениетті елден келдім деген музыка зерттеушісін таңдайына тәтті өрік салғандай тамсандырған – қарапайым екі ішекті домбырамен орындалған қазақ музыкасының құдіреті. Ал сол құдіретті харам деп айта аламыз ба? Ақселеу Сейдімбек: «Музыканың тілі ортақ деген пікір дұрыс емес. Музыканың да ұлттық тілі, иірімі, әуезі бар, ол өз топырағында дүниеге келген халықтың болмысымен біте-қайнасып жатады», – дейді. Ақселеу ағамыздың осы сөзінің дәлелі 1000 жыл бұрын өмір сүрген Қорқыт күйлерінің бізге жетуі, 800 жыл тарихы бар «Ақсақ құлан» күйінен бүгінгі ұрпақ рухани азық алып отырғаны емес пе?! Өз төл тарихын, бабалар жолын, Ислам дінінің қазақ жеріне қалай тарағанын білмейтіндер, тіпті білгісі келмейтіндер музыканы харамның қатарына жатқызғысы келеді.
Адамның психикасына кері әсер ететін музыканың бар екендігінде дауымыз жоқ. Бірақ діннің өзі жыршылардың таңнан-таңға айтқан жырларымен тарады емес пе? Халық фольклорын жете зерттеген заңғар жазушы Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «Қазақ ортасына Ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген пікір дұрыс. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан да мұсылманшылық діні де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген. Бұған ескі әдебиеттегі толып жатқан қиссалар дәлел», – дейді. Ал ХІХ ғасырдағы орыс зерттеушісі В.Радлов діни дастандардың уағыздық қасиеті жайлы: «Қазақтар арасында Исламды орнықтыруға бір «Жұм-жұманың» (қисса, дастан) әсері даланы кезіп жүрген жүздеген молдадан артық тәрізді», – депті. Осыдан-ақ қазақ даласына дін таратуда, дінді насихаттауда музыканың рөлі қаншалықты болғанын білуге болады.
Төрткүл дүниенің прогресшіл халықтары ғылым ғарыштап, ғаламтор жайлап жатқан заманда да бір-бірін әдебиеті мен өнері арқылы танып мойындап отыр. Сағат Әшімбаев бір сөзінде: «Гректердің атын әлемге әйгілі еткен алтынмен асық ойнаған атышулы патшалар емес, дүниедегі жарық пен нұрды көре алмай зар болып өткен Гомердің дария дастандары, ағылшындардың әлемге мәшһүр болғаны Шекспирдің ұлы драмалары», – деген болатын. Олай болса, бесік жырынан басталған ұлттық музыкамызды ұлықтай бергеніміз – ең дұрыс жол. Маңдайға ақындықты, таңдайға әншілікті Алла береді. Өзінің сүйген құлына осындай дарынды дарытып алып, сендерге музыка харам деп тыйым салуы біз білетін Ислам құндылықтарымен сәйкес емес. Бір ғұлама: «Егер жер бетінен әдебиет пен музыканы алып тастасақ, онда тек техниканың тарсылы мен тиынның сылдыры ғана қалар еді», – деп айтқан екен. Осындай болудан сақтайтын, халықтың жүрегіндегі сезімді сол халықтың жанын тербейтіндей дыбысқа айналдыра алатын ең бірінші құндылығымыз, ол әрине – домбыра. Сөз басындағы музыка харам ба деген сауалдың жауабын «Әннің естісі бар, есері бар» деген Абай нақылын басшылыққа алып, есті ән ешқашан харам болмайды деп жауап бере аламыз.
Жұмахмет ЖАЙЛАУБАЕВ,
ҚР Мәдениет қайраткері