Туған жер
Шыр еткен сәби үнім сенде естіліп,
Көршіге кіндігімді ел кестіріп.
Әкешім қойдан таңдап қалжа сойып,
Әжем қиған итжейде теңдестіріп.
Туылып текті әулеттің бағына ұл,
Тойлапты думан жасап шағын ауыл.
Әжем бастау суына жуындырған,
Түспесін деп әрқашан арына кір!
Тамған еді сол жерге кіндік қаным,
Бастауымның тұнбасын
мың жұтқамын.
Есім кете береді сол өңірге,
Сезетіндей жүрегім бір құт барын.
Орқаш-орқаш қызыл тас таңғажайып,
Біздің елдің көктеуі – малға лайық.
Он шақты үйдің жұмақтай мекені еді,
Аман сақтар жылдарда алмағайып.
Осы ауылда жер танып, еңбектегем,
Атам мені алдына ап, ермектеген.
Бұзау бағып, тай мініп, айран ішіп,
Жалаңаяқ, жалаңбас ержеткен ем.
Кеудемде балалықтан толып арман,
Әкемше ағаштан оқ жонып алғам.
Туған жер деген ұғым содан бері,
Жүрегімнің төрінен орын алған.
Ол кезде ештемеден тарықпағам,
Күндерде тарпаңдығын танытпаған.
Аңсарым ақ ұшақты жақын көру,
Арманымдай жарқырап қалықтаған.
Жандар жоқ тиын қуып тымырайған,
Бәрі жайсаң, аулақтау зұлым ойдан.
Он шақты жан әңгіме қыздыратын,
Майшамның маңайында сығырайған.
Қырма сақал ұл болып балақайың,
Құтты өлкесін сағынды қарапайым.
Мамықтай жастар ма екем
туған жердің,
Сәбиімде жау көрген қалақайын?!
Сағыныш кеудеме жыр өрнектеуде,
Баяғыдай болар ма мен жеткенде?!
Қамсыз қайран күнімнің белестері,
Туған жерде қалыпты мен кеткенде.
Өз өмірім
Сүріндіргің келеді ә, өмір, мені,
Келген жоқпын оп-оңай берілгелі.
Күні, түні жырыммен жігерленем,
Майдангермін күрестің шебіндегі.
Жеңіп тұрып жеңілем ақымақтан,
Қаным да сан тулайды тасып аққан.
Мұңдасым да жырларым, сырласым да,
Өмір сүріп келемін жасымастан.
Бұйырмайтын бақыт па мен сенетін,
Жындылығым шамалы ел сөгетін.
Қайсарлықтың кемесін жасап алғам,
Оның да себебі жоқ теңселетін.
Ата-анамның алдында қаршадаймын,
Ақ сүті мен ақылын ар санаймын.
Өз өмірім – өзімнің еншім ғана,
Оны ешкімге дәлелдеп шаршамаймын.
Мен жайлы
Мені біреу өзінше өсектейді,
Қалтама тиын түссе есептейді.
Аңғал-саңғал жүргенде бір кезігіп,
Несібесін татырмай, жесек дейді.
Біреулер ақын дейді жыры бөлек,
Дос дейді адал әрі құны да ерек.
Біреулер сырлас жанның өзі дейді,
Жабыққанда жаныңа тілі медет.
Мені біреу қу дейді алданбайтын,
Ашкөз дейді өзгеше жалмаңдайтын.
Жалқау дейді біреулер жатыпішер,
Алдында ас жатса да қарманбайтын.
Біреулер жомарт дейді тесік қалта,
Бөлісер көлденеңнен несіп болса.
Қонақжай азаматтың өзі дейді,
Тыныштық бола бермес есікте онша.
Жұрт жүреді тілімен өрмек тізіп,
Жатады бәрін елпек жел жеткізіп.
Не десе де, о десін, елім – бағым,
Шыңдаған шыдамдығым ержеткізіп.
Шалалық қосарланып даналықпен,
Шабыт алам өмірден нәр алып мен!
Әкем де осы жағын сезген шығар,
Тұсауымды кесерде ала жіппен.
Ақ қанат
Аспаннан қалықтап ақ қанат,
Әлемді кетердей баққа орап.
Аппақ қар қымтады, маңайды,
Жер бетін тозаңнан ақтап ап.
Бір сәтке жұмақтың қаласын,
Көргендей есіңнен танасың.
Ғашықтар ұмытып наласын,
Аппақ сыр жайлаған санасын.
Құстар да көрінбей сайраған,
Гүлдер де жоқ мүлдем жайнаған.
Бір ләззат сыйлайды жаныңа,
Тып-тыныш, тап-таза айналаң.
Жүрсең де аяздан түршігіп,
Жайнайсың жалынды жыр шығып.
Ақ мамық оранған әлемнен,
Нәр алар қайнаған тіршілік.
Ағарып кеткендей өңдерім,
Ақ жаулық жамылып дөңдерім.
Ақ ұлпа аспанға бет алды,
Жалғауға тірліктің шеңберін.
Нұрболат СЕРІКҰЛЫ
Қарасай ауданы