Перейти к содержимому
Главная страница » Тазалық пен татулық тоғысқан аула

Тазалық пен татулық тоғысқан аула

Жайлы, жасыл желекке оранған, қауіпсіз әрі көрікті ме? Қаламыздағы көптеген аулаларда ертегіні өз қолымен жасауға болатынын дәлелдеп жүрген жандар бар. Бүгінгі әңгімеміз Талғар қаласының «Автобаза» шағынауданындағы Светлов көшесі, №9 үй тұрғындары туралы. Бұл аула бүгінде ауданның көрікті орындарының біріне айналған.

Барлығы бірнеше жыл бұрын тұрғындардың бастамасымен отырғызылған жалғыз гүлзардан басталған еді. Бүгінде ол көз сүйсіндірер әсем мекенге айналып, әртүрлі жастағы көршілердің басын қосатын ортақ игілікке айналды.

Жуырда біз осы аулада болып, гүлдер әлеміне енгендей әсер алдық. Мұнда жайқалған раушан, сәлдегүл, ирис, гортензия және басқа да сан алуан гүлдер мен өсімдіктер көздің жауын алады. Осындай әсемдіктің барлығы үй тұрғындарының маңдай тері мен жанашыр еңбегінің нәтижесі. Олардың қатарында Татьяна Трубнина, Евгения Ясинская, Галина Дмитрова, Любовь Куликова және Ольга Кучаева бар. Бұрын мұғалім, есепші, байланыс саласының маманы болып еңбек еткен бұл зейнеткерлер бүгінде де қол қусырып отырмай, өздеріне ұнайтын іске ден қойған.

Осыдан бес жыл бұрын бұл аумақтың көрінісі мүлде басқаша болатын. Үй маңы қараусыз қалып, бос жатқан жер еді. Тұрғындардың айтуынша, жеті жыл бұрын жергілікті әкімдік үйге жылу жүйесін тартып, аумаққа топырақ төгіп, жерді тегістеп берген. Дәл сол кезде тұрғындардың өз аулаларын көркейту туралы ойы туындаған. Ұзақ талқылаудан кейін қаржы жиналып, гүл тұқымдары сатып алынды. Сөйтіп, бүгінде көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген гүлге көмкерілген шағын оазис дүниеге келді.

Тұрғындардың айтуынша, мұның бәрі белсенді азаматтардың таза орта мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы шынайы ынта-жігерінің арқасында жүзеге асқан. Үй маңындағы аумақ бірнеше бөлікке бөлініп, әр тұрғын өзіне тиесілі жерге күтім жасауды мойнына алған. Көпжылдық табанды еңбек пен төгілген маңдай тердің нәтижесінде аулада күтімді көгалдар, сәнді жиектастар, жайлы орындықтар және тұрғындардың өз қаржысына сатып алынған үстелі бар жабық демалыс орны пайда болды.

Біз барған кеште белсенді тұрғындар осы демалыс алаңында гүлдердің арасында әңгіме-дүкен құрып отырған екен. Олардың пікірінше, мұндай нәтижеге тұрғындардың ауызбіршілігі мен ортақ іске деген жауапкершілігі жеткізген. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Мәселен, жылдар бойы өсіп, басқа ағаштар мен гүлдердің дамуына кедергі келтіріп тұрған ескі ағаштарды алып тастау, сондай-ақ қоршау орнату қажет.

Қуантарлығы, белсенді тұрғындардың жігері әлі де мұқалмаған. Олар алдағы уақытта да ауланы көркейту жұмыстарын жалғастыруға ниетті. Сонымен қатар, тату көршілік пен достықтың сырымен де бөлісті. Олардың айтуынша, бір тұрғын өз гүлзарына күтім жасай бастағанда, көршілері де соған қызығып, игі іске жұмыла кіріседі.

Өткен жылы бұл аула қалалық «Ең үздік аула» байқауының жеңімпазы атанды. Белсенді тұрғындарға қала әкімдігі тарапынан бағалы әрі естелік сыйлықтар табыс етілді.

– Әрқайсымыз өз ауламызды ең көрікті орынға айналдыра аламыз. Тазалық пен жайлылық – тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, баршамыздың ортақ еңбегіміздің жемісі. Сондықтан гүл егіп, қоқыс тастамай, белсенді көршіңізге жылы сөз айтып қолдау көрсетуден бастаңыз, – дейді кейіпкерлеріміз әңгіме соңында.

Біз барған күні аулада Көкшетаудан келген қонақтар да болды. Олар мұндай көркем әрі күтімді ауланы Қазақстанның ешбір жерінен көрмегендерін айтып, тұрғындардың еңбегіне жоғары бағасын берді.