Алматы облысында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып, қоғамда берік орнықты. Өңірлерде сенбіліктер өткізу қалыпты үрдіске айналса, жергілікті тұрғындардың бастамасымен қала мен ауыл аумақтары жасыл желекке бөленіп келеді.
Бұл игі бастама Еңбекшіқазақ ауданында да кең қолдау тапқан. Мұнда мыңдаған тұрғын, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, жастар мен кәсіпкерлер ауқымды экологиялық шараларға белсенді қатысуда. Олар бірлесіп ағаш отырғызып, саябақтарды тазалап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Жуырда Есік көлінің жағасында жастарға арналған «Eco Life – жастар таңдауы» атты экологиялық интерактив ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімі Талғат Байеділов, Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Ахметов, аудандық мәслихат төрағасы Бекет Ахметов, депутаттар, бөлім басшылары, жергілікті тұрғындар мен жастар қатысты.

Шара әсерлі флешмобпен басталып, көл жағасында бірнеше тақырыптық алаң жұмыс істеді. Онда аудан мектептерінің оқушылары өздерінің тың жобаларын таныстырды. Айта кету керек, аудан оқушылары экология саласындағы инновациялық жобаларды белсенді жүзеге асырып, цифрлық технологиялар мен жаңартылатын энергия көздерін кеңінен қолдануда.
Олар ұстаздарының жетекшілігімен қызыл калифорниялық құрттарды өсіріп, органикалық тыңайтқыш өндіру технологиясын меңгеруде. Сонымен қатар «ақылды» жылыжайлар, ғылыми-зерттеу зертханалары мен экологиялық мониторинг жүйелерін жасап, жасанды интеллект көмегімен өсімдіктерді өсіру және қоршаған ортаның жай-күйін талдау жұмыстарын жүргізуде.
Жастар тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесіне де ерекше көңіл бөлуде. Пайдаланылған целлофан пакеттерді, пластик ыдыстарды және металл қалбырларды тұрмыс пен бақшаға қажетті бұйымдарға айналдырып немесе арнайы қабылдау орындарына тапсырады.
«Eco Life – жастар таңдауы» экологиялық интерактивінің қатысушыларын құттықтаған аудан әкімі Талғат Байеділов жастар мен еріктілерге белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғыс айтып, жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беру – елдің таза әрі жарқын болашағының кепілі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Бүгінде экологиялық мәдениет ұлттық құндылыққа айналып келеді. Екі жыл ішінде бұл бастама жалпыхалықтық қозғалысқа ұласты. Оның басты қозғаушы күші – сіздер, жастарсыздар. Сіздер қоғамға үлгі болып, ортақ іске зор үлес қосып келесіздер. Бүгінгі шараға шығармашыл әрі жасампаз жастар жиналып отыр. Қазақстанның ертеңі сіздердің қолдарыңызда. Біз мұндай игі бастамаларды әрдайым қолдаймыз және жүзеге асуына жан-жақты көмек көрсетеміз, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде Мәди Ахметов экологиялық таза Қазақстанды қалыптастыру әр адамның өзінен басталуы тиіс екенін айтты.
– Қазіргі таңда экологиялық қауіпсіздік стратегиялық маңызы бар мәселеге айналды. Ал оң өзгерістердің бастамашысы – отансүйгіш жастар. «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» сияқты бастамалар әр қазақстандықтың санасында орнығуы қажет. Біз бүгінде осы бағдарламаның нәтижесінде қалалар мен ауылдардың тазарып, жасыл аймақтардың көбейіп жатқанын көріп отырмыз. Ең бастысы – адамдардың қоршаған ортаға деген көзқарасы өзгеруде. Бүгінгі акция соның айқын дәлелі, – деді ол.
Аудандық мәслихат төрағасы Бекет Ахметов те мектеп оқушылары мен студенттердің экологиялық бастамаларға белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталды. Ол жастардың ғылыми жобалары мен зерттеулерін қолдау арқылы еңбекқорлық пен ізденімпаздық құндылықтарын дәріптеу қажеттігін атап өтті.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Әбіттің айтуынша, «Eco Life – жастар таңдауы» акциясының негізгі мақсаты – экология мәселелеріне қарапайым, қолжетімді әрі қызықты тәсілдер арқылы назар аудару.
– Біздің міндетіміз тек ақпарат беру емес, жастарды нақты іске тарту. Осы арқылы оқушылар мен студенттердің экологиялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға ұмтыламыз. Қуантатыны – жастардың белсенділігі артып келеді. Мұндай шаралардың жақсы дәстүрге айналуы дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді, – деді ол.
Айта кетерлігі, оқушылар мен студенттер шараға өздері ғана қатысып қоймай, достары мен жақындарын да экологиялық бастамаға жұмылдырды. Акция барысында қатысушылар Есік көлінің жағалауын тазалап қана қоймай, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына жас шыршалар отырғызды.
Туған ауылға, қалаға, туған жерге деген сүйіспеншілік қарапайым игі істерден басталады. Ағаш отырғызып, айналаны таза ұстау арқылы әр адам өз өңіріне ғана емес, тұтас елдің болашағына үлес қоса алады. «Eco Life – жастар таңдауы» акциясы әр азаматтың шағын қадамы үлкен өзгерістерге жол ашатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
