4 маусым – мемлекеттік рәміздер күніне орай, «AMANAT» партиясы Балқаш аудандық филиалы саябағында мемлекеттік Ту көтеру рәсімі орындалды. Салтанатты жиынға Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, «AMANAT» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Марат Ноғайбаев, мекеме-ұйым қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік шара аудан басшысы Азат Үкітайұлының мемлекеттік Туды көтеру рәсімімен ашылып, одан кейін Мемлекеттік әнұран орындалды. Шараның шымылдығын түрген Балқаш ауданы әкімі Азат Үкітайұлы балқаштықтарды мерейлі мерекемен құттықтады.
– Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимн – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің қасиетті нышандары, халқымыздың бірлігі мен ұлттық мақтанышының белгісі. Рәміздеріміз әрбір азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігін, ел болашағына деген сенімін айқындайды. Бүгінгі Рәміздер күні еліміз үшін ерекше тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жаңадан қабылданған Конституциямызға сәйкес, құқықтық әрі әділетті мемлекет құрудың жаңа бағытына нық қадам бастық. Жаңарған Ата заңымыз – мемлекетімізді нығайтудың, азаматтардың құқығы мен теңдігін қорғаудың басты кепілі. Ал мемлекеттің басты заңы мен оның қасиетті рәміздері егіз ұғым болып табылады, – деген аудан басшысы Ата заң елдігіміздің құқықтық негізін бекітсе, ал мемлекеттік рәміздеріміздің сол елдіктің рухын асқақтататынын айшықтады.
Мұнан соң құттықтау сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев мемлекеттік рәміздеріміздің біздің өткен тарихымыз бен бүгінгі бақытты күнімізді жалғап тұрған алтын көпір екеніне және көк Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранның сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың, елдік пен егемендіктің белгісі екеніне тоқталды.
Салтанатты шара барысында жастар атынан мінбе төріне көтерілген Ләззат Жасұланқызы көпшілік қауымды айтулы күнмен құттықтап, ел дамуы жолындағы рәміздердің маңыздылығын тілге тиек етті.

Мерекелік басқосу барысында аудан өнерпаздары патриоттық әндерді нақышына келтіре орындап, еліміз бен жерімізге деген мақтаныш сезімін әсем әнмен жеткізді.
Мемлекеттік рәміздер – егемен еліміздің өткен тарихы, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың көрінісі.
Сондықтан мұндай ұлттық мерекелерді атап өту жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа баулитыны сөзсіз.

Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы
