Көктем келісімен тал-терек отырғызу елімізде игі дәстүрге айналған. Өскелең ұрпаққа үлгі болар «Таза Қазақстан» акциясына орай тасашылықтар 200 түп тал отырғызып, сауапты іске өз үлесін қосты. Аудан көлемінде бұл іс наурыз айында басталып, аумақты көгалдандыру, елдімекендерді санитарлық тазалау және абаттандыру айлығы шеңберінде ұйымдастырылуда.
Ауылды көгалдандыруға бұл жолы Кеген аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, жастар мен оқушылар бел шеше кірісті. Олардың белсенді әрекеттері арқасында мешіт жанындағы саябаққа көктерек, қарағаш секілді ағаш көшеттері отырғызылды.
Игі шарада сөз сөйлеген ауылдық әкімдіктің құрылымдық бөлімше басшысы Мәрлен Ибрагимов:
– Дана халқымыз «Бір тал кессең, он тал ек» деп ықылым заманнан бері қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға ерекше мән беріп келеді. Міне, баршамыз республика көлемінде қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан сенбілікке қатысып, өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бұл болашақ ұрпақ үшін жасалған игі қадам деп білемін. Бүгін егіліп, 10-15 жылдан соң мәуелі ағашқа айналатын тал-теректің қызығын ертеңгі ұрпақ көреді, – дей келе, жиналған көпшілікке, шараны ұйымдастырушыларға зор алғысын білдірді.
Ал аудандық жастар ресурстық орталығының жастарға қызмет көрсету және NEET тобымен жұмыс бөлімінің басшысы Мерей Әубәкір халықтың денсаулығы мен ұрпақ болашағына оң әсерін тигізіп, өңірдің көркеюіне үлес қосатын тал-терек отырғызу шарасынан қалыс қалмау әрбір азаматтың борышы екенін айтты.
Аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Тоғжан Қанатқызы шараның басы-қасында болып, көгалдандыру жұмысына қолдау көрсетті. Бұл шараның маңыздылығын көпшілікке түсіндірді.
– Адамның табиғатсыз өмір сүре алмайтыны белгілі. Табиғатқа да әркез күтім керек. Сондықтан, айналамызды таза ұстауды әркім өзінен бастағаны жөн. Бүгінгі сенбілікке қатысып, осындай игі іс-шараға атсалысқаныма қуаныштымын. Ағаш егу – атадан балаға мирас болған сауапты іс. Бұл сауапты іс мұнымен тоқтамауы керек, – деген ол өзгелерді де шараға атсалысуға шақырды.
Жастардың жұмыла көтерген бастамасы – өзгелерге үлгі. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақын үкілі үміт артқан жастарымыз жалындап тұрса, келешегіміздің де кемел болары хақ. Болашақта бұл жас көшеттер елге сая болар үлкен ағашқа айналар деген сенім зор. Ең бастысы, туған жерді түлету әр азаматтың парызы екенін еске салып тұратын болады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы