Әлемде туризм жылдан жылға дамып келеді. Тіпті, қазір қолы жеткендер космосқа дейін сапарлап жатыр. Денис Тито есімді алғашқы туристің ғарыш кеңістігіне біздің елден, Байқоңырдан ұшқаны бәрімізге белгілі. Ал адамдардың жер бетіндегі саяхатын санап тауыса алмайсыз. Бүгінгі таңда алты құрлықты алты айналамын десең де ешқандай тосқауыл жоқ. Қалтаң көтерсе, қалағаның алдыңда. Өйткені туризм табыстың қайнар көзіне айналды. Сондықтан көрікті жерге кенде емес елдер бұл саланы дамытуға мүдделі. Нәтижесінде экономикасы өркендеп, халқының тұрмысы түзелген мемлекеттер аз емес. Хош, сонымен туристі көптеп тартуда алдымен қандай жұмысты қолға алған жөн? Әрине, ең бірінші ол – тазалық. Тазалық бар жерде – тәртіп бар.
Шетелде демалып келген туысыңыздан, досыңыздан, танысыңыздан, қай-қайсысынан сұрасаңыз да, олар әңгімесін сол елдің тазалығынан бастайтыны анық. Еңбек демылысына шыққан сайын әлем елдерін аралағанды ұнататын досым Дубайға осымен үш рет барып келді. «Маған ол жердің тазалығы мен қызмет көрсету сапасы ұнайды. Осыған дейін біраз мемлекетте болдым. Бірақ Дубайдың жөні бөлек» деген еді. Ал Ұлыбританияда оқып келген әріптесім тұманды альбион елінің мәдениетін айтқанда, аузымыз ашыла тыңдаймыз. Ол жердегі шағын қала көшелерінің өзі айнадай жарқырап тұрады екен. Осы тектес әдемі сөздерді басқа да ағайыннан талай рет естідік.
Айналаны таза ұстау біздің де қанымызда бар қасиет еді ғой. Бұрын ата-бабаларымыз қоршаған ортамен үнемі тығыз байланыста болған. Халқымыздың салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында табиғатты аялау ережелерін әулеттік тәрбие арқылы атадан балаға аманаттап отырған. «Қара жер қарыз арқалайды», «Судың да сұрауы бар», «Күте білсең жер жомарт» деген өсиет сөздер соның дәлелі. Қазақ – жаратылысынан эколог халық. Табиғатты Ана деп қадірлеуінің өзінде үлкен мән жатқаны сондықтан. Міне, осы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жатқан байланыс өкінішке қарай бірте-бірте сұйылып бара жатқандай көрінеді. Адам баласы ысырап, ынсап, үнем деген түсініктерге жете мән бермейтін халге жеттік. Енді келіп өзге елдерге таңдай қағып отырған жайымыз бар.
Табиғатқа залалын тигізбей өркениет көшіне қарай жылжу – адамзаттың парызы. Сол парызды дұрыс өтеп жүрген елдер баршылық. Өйткені олар ата-бабасынан жалғасқан сабақтастық жібін үзіп алған жоқ. Ал біздің бойымыздағы сол қасиетті қызыл қоғам өшіруге тырысты. Тәуелсіздіктің арқасында ғана күйреуге аз-ақ қалған ұлттық құндылықтарымызды қалпына келтіруге күш салып жатырмыз. Сондай ауқымды жұмыстардың бірі де бірегейі – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы десек, артық айтқандық емес.
Былтыр сәуір айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен аталған акцияны жүзеге асыруға жұмыла кірістік. Бұл идеяның басты мақсаты – халықтың назарын табиғаттың ластану проблемасына, қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға аудару еді.
«Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты», – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Биыл акцияның басталғанына бір жыл болды. Осы уақыт ішінде жер-жерде тазалық шаралары қолға алынып, мыңдаған тонна қоқыс шығарылып, қоршаған орта жаңа кейіпке ене бастады. Күні кеше Астанада өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев акцияға атсалысып жатқан барша ағайынға алғыс білдірді.
«Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын! Осы шара шеңберінде бүкіл еліміз бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабымызды толтырды. Айналамызды жинау, ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған орта қалыптастырамыз. Барлық аула мен көшені, саябақ пен алаңқайды ұқыпты ұстау – өз қолымызда. Тазалық пен тәртіп – дұрыс өмір салтын ұстанудың басты көрінісі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы», – деді Президент.
Бүкіл елді қамтыған акция, шын мәнінде өркениетке бастар жол екені анық. Десек те, арамызда «Таза Қазақстан» идеясын жан жүрегімен сезіне алмай жүргендер де аз емес. Біз оған сенбілікке шығу барысында көз жеткізіп келеміз. Бұл акция құдды бір бюджет қызметкерлері мен жоғары оқу орындарында оқитын жастарға ғана арналғандай. Мұны айтып отырған себебіміз, кезекті тазалық шарасына жиналғанда дүкен айналасы қоқысқа толып жатқанын көзіміз көрді. Сатушыға ескертіп айтып едік, олар ат тонын ала қашты. «Біз бұл дүкеннің иесі емеспіз, жалға алып қана отырмыз» деп ақталуға тырысты. Сондықтан бизнес өкілдеріне де тазалықты сақтауда қатаң талап қойған жөн деп ойлаймыз. Одан кейін мектептердің айналасында бос бөтелкелер мен кәмпит қағаздары шашылып жатады. Оны жинау бір адамның ғана, мектептің ауласын тазалайтын жұмысшының міндетіне айналған. Ал оқушыларды білім ордасын таза ұстап, сенбілікке шақырсаң «Менің балам құл емес» деп шабаланып шығатын ата-аналар бар.
Үкімет 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын мақұлдады. Аталған бағдарлама аясында осы айтылған мәселелер дұрыстап қолға алынса дейміз. Сонда ғана біз Президент бастамасын биік деңгейге көтереміз. Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп айтқан. Иә, тәртіпке бағынған, тазалықты сақтаған ел ешқашан құл болмайды.
Болат МӘЖИТ