Перейти к содержимому
Главная страница » Жапон соғысының жауынгері

Жапон соғысының жауынгері

     Екінші дүние­жүзілік соғысқа қатысқандардан Жамбыл ауданында бүгінде арамызда бір ғана майдангер қалды. Ол – Ұзынағаш ауылының тұрғыны Федор Ковалев.

Федор Ковалев 1927 жылдың 11 қарашасында Беларусьтегі Могилев облысы Климлев ауданы Орловка селосында дүниеге келген. 1941 жылы Орлов бас­тауыш мектебін бітіріп, 1942 жылы «Красный Беларусь» ұжым­шарында жұмыс­шы болып еңбек етеді. 1944 жылдың қазанында әскерге алынып, 34070 әскери бөлі­мінде екі айлық дайындық курсынан өтеді. 1945 жылдың мамырында фашистік Германия тізе бүккенімен, жаһандық соғыс әлі аяқталмаған еді.
Федор Мельянович тамыз айында Кеңес-Жапон соғысына қатысады Жапондармен соғыста взвод командирінің көмекшісі бола жүріп, Отан үшін жан аямай шайқасады. Әркез шабуылға шығар алдында жауынгерлерге рух беріп, жігерлендіріп отырады. Командир­дің оң қолы екенмін деп өзін жауынгерлерден артық санамапты, ұрысқа бірінші болып алдымен ұмтылыпты. Майдандағы ержүрек­тігі үшін кеуде­сіне орден, медаль
тағылады.
Соғыс аяқтал­ғаны­мен, оны әскерден бір­ден босата қоймапты. Туған селосы Орловкаға әскерден 1951 жылдың маусым айында ғана оралады. Соғыс өрті шалған деревнясын қалпына келтіруге бел шешіп кіріседі. 1951-1952 жылдары Кузнецов ауданындағы Прокофьев училище­сінде комбайншы курсын оқып бітіріп, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосады. Таңның атысы, күннің батысы трактордан түспей, егістік басында еселей еңбек етеді.
Қонақжай қазақ елінің Ұзынағаш ауылына 1969 жылы көшіп келеді. Содан бастап зейнеткерлікке шық­қанға дейін ұзақ жыл аудандық техника-жөндеу стансасында дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Өз ісін жетік меңгерген маман ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу жұмысындағы жоғары жетістіктері үшін атақ-абырой мен сый-құрметке бөленеді. Үнемі Құрмет грамоталарын алып, бағалы сыйлықтармен марапатталып жүреді. Ауыл шаруашылығы техни­ка­ларының білгірі атанып, 1973 жылдың социалистік жары­­­сы­ның жеңімпазы атанады.
Жұмыстағы әріптестері оны Федя ағай деп атапты. Көршілер арасында сыйлы, көмек сұрап келген барлық адамға қолынан келген жәрдемін аямапты. 1987 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмай, балаларына барынша көмектескен. Үш бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде олардан ондаған немере-шөбере сүйіп отыр. Федор Ковалев ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Жуков», «Еңбек ардагері», Жеңістің 20, 40, 55, 70, 75 жылдығы мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

Серік Сатыбалдиев

Жамбыл ауданы