Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін арнайы шақырып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Журналистер қауымының ауданға сапары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Бақанас ауылында орналасқан Сүндетбай болыс атындағы саябаққа ағаш көшеттерін отырғызу жұмысын көруден басталды.
Аудан көлемінде ұйымдастырылған сенбілікке мекеме-ұйым қызметкерлері, мектеп ұстаздары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, саябақ ішіне ағаш көшеттерін отырғызды.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған сенбіліктің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан басшысы өңір көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, биылға жоспарланған бірқатар ауқымды шараны атап өтті.
Келесі кезекте сөз алған Балқаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев саябаққа ағаш көшеттерін отырғызу жақсы бастама екенін тілге тиек етіп, шараға қатысушыларды табиғатты таза ұстауға үндесе, ауданның Құрметті азаматы Айтжан Есімов игі істі қолға алып, бір кісідей атқарып жатқан жандарға ақ батасын берді.
Шара барысында журналистер қауымына сұхбат берген Азат Үкітайұлы аграрлы ауданның негізгі саласы мал шаруашылығының дамуы жайында айтып, мал тұқымын асылдандыру, көбейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар аудан тұрғыны жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, шаруашылықтарын дөңгелетіп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар егін шаруашылығының бүгінгі жай-күйін кеңінен әңгімелеп, егістік алқаптарындағы су тапшылығы мәселесі бойынша Іле өзенінен су бөлінетін «Тасмұрын» магистралды каналының бастапқы сағасына 5 және 6-бұрандалы бөгет орнату, Іле өзенінің сағасын қазу, егістік алқаптарына су тарататын каналдарды тазалау жұмыстарының жоспарда тұрғанын алға тартты. Бүгінгі таңда ауданда арпа-бидай себіліп, көктемгі дала жұмысының қарқын алып жатқанын және егін егумен тұрақты айналысатын шаруашылықтар мемлекет тарапынан арзандатылған жанар-жағармай мен тыңайтқыштарға қол жеткізгенін тілге тиек етті.
Өз сөзінде аудан басшысы Іле сағаларына механикалық тазалау жұмысы жасалынғанын және бұл істің әлі де жалғасатынына тоқталды. Жол жөндеу, білім шаңырақтарын күрделі жөндеуден өткізу, елдімекендерді ауызсумен қамту, ауыл көшелеріне тас жолдар салу, түнгі жарықтар орнату, баспанасыз жүрген отбасыларды тұрғын үйлермен қамтамасыз ету мәселелерін де баяндап өтті.
Бұдан соң БАҚ өкілдері Бақанас ауылында құрылыс жұмысы толық аяқталған 4 пәтерлі 6 тұрғын үйдің ашылу салтанатына қатысты. Онда көпшілікті жаңа қонысымен құттықтаған аудан әкімі Азат Құтпанбетов баспана кезегінде тұрған отбасыларға пәтер кілтін табыстаудан артық қуанышты сәт болмайтынын айта келе, ауыл ажарына көрік беріп тұрған тұрғын үйлердің құрылысын жүргізген «BC Lengthy Life» ЖШС директоры Жеңіс Рахымберліұлына алғысын білдірді.
Салтанатты шараның ең есте қалар сәті тұрғын үй иелеріне баспана кілтін табыстау болды. Өйткені бұл – тұрғын үй кезегінде тұрған пәтер иелерінің көптен күткен қуанышы. Шара соңында тұрғын үйлердің лентасы қиылып, әжелер шашу шашты. Жиналған көпшілік мәре-сәре болып, қоныстой иелерін құттықтады.
Бұл шарадан кейін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Іле өзенінің жағалауында жалғасын тапты. Мұнда да аудан басшысы өңір көлемінде атқарылатын тазалық жұмыстарына қысқаша тоқталып, «Тазалық – денсаулық кепілі» деген қанатты сөзді негізге алып, туған өлке тазалығы басты байлық екенін атап өтті.
«Таза болса табиғат, аман болар адамзат» деген ұранды басты назарға алған аудан тұрғындары Іле өзенінің Бақанас ауылына тұспа-тұс жағалауындағы күл-қоқыс, тұрмыстық қалдықтарды арнайы жабдықталған техникаларға тиеп, қоқыс төгуге белгіленген орындарға жөнелтті. Онда белсенділік танытқан «Іле – Балқаш» табиғи резерватының жастар қауымы жыл сайын «Саябақтар шеруі» акциясы бойынша тазалық жұмыстарын жандандырып жүргендерін, бүгінгі іс-шара соның жалғасы екенін айтып, аудан тұрғындарын табиғатты ластамауға шақырды.
Бұдан соң журналистер Береке ауылына атбасын бұрды. Ауыл тұрғыны Қуат Демеуқұлов жылқы өсіруді қолға алып, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Ол жылқы бағуды көптен бері армандап жүргенін және сол мақсатына жетуіне мемлекеттік бағдарламаның көмегі тигенін айтып, жаңадан қолға алған шаруашылығын көрсетті.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Асқар Кәдірұлы мен аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Әлібек Бөпешбаев журналистер қауымын Ақдала ауылдық округіне қарасты «Қайсар» шаруа қожалығының егіс алқабына бастап барды. Дала төсін дүбірге бөлеп, бидай егіп жатқан шаруашылық иесі Қажымұқан Орынбаев пен механизаторлар Қайрат Қадырханұлы мен Айдос Қажымқанұлы атқаратын жұмысы шаш-етектен болса да, бір сәтке тізгін тартып, қонақтармен сұхбаттасты. Қажымұқан Ізтайұлы шаруашылыққа тиесілі 107 га жердің 51 гектарына бидай, 56 гектарына күріш егуді жоспарлап отырғанын, бүгінгі таңда бидай егу жұмысы жүріп жатқанын айтты. Ал аудан әкімінің орынбасары Асқар Кәдірұлы өңір бойынша 29247,9 гектар суармалы жерге егін егу жоспарланғанын, көктемгі дала жұмысына қажетті техникалардың және егін егумен айналысатын шаруашылықтарға мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағада жанар-жағармай берілгенін, ауқымды жұмысқа шаруашылықтардың қарқынды кірісіп жатқанын баяндады.
Осылайша бақ дарыған Балқаш ауданына сапар шеккен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері ырысы тасыған құт мекеннің тыныс-тіршілігімен жақын танысып, өңірдегі ауқымды істі көзбен көріп, көңілге түйіп қайтты.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы