Жамбыл ауданында «Ахыска» деп аталатын түрік этномәдени орталығы жұмыс істейді. Орталықтың жетекшісі Рафик Гвиняшевтің айтуынша, қоғамдық бірлестік 2012 жылы құрылған.
Аталған орталық түрлі мәдени-көпшілік шара ұйымдастырып, көркемөнерпаздар ұжымы, спорттық секциялар құруға жәрдемдеседі, фестиваль, конкурс, спорт жарыстарын өткізеді. Түрік диаспорасы шоғырланған елдімекендерде ұлттық салт-дәстүрді сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған шаралардың басы-қасынан табылады. Бірлестік ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласады. Мемлекеттік тілді насихаттап, Рәміздер күнінде ел нышандарына құрметті арттыру үшін дөңгелек үстел ұйымдастырып, түрік жастары орталық алаңда флешмобқа қатысады. «Ахыска» ұйымы аудандағы қоғамдық келісім және даму мекемесімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сонымен қатар мүмкіндігінше жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етіп, оған жастарды барынша тарту да басты міндетінің бірі саналады.
Жамбыл ауданында Ахыска түріктері негізінен Ұзынағаш пен Қасымбек ауылында тұрады, Аққайнар, Ынтымақ және Қарғалы елдімекендерінде де біраз үйлі жан бар. Жалпы саны шамамен 4 мыңға жуық. Осы орайда этномәдени орталықтың белсенді мүшелерін атай кету орынды. Мәселен, Ұзынағаш ауылының тұрғыны Хейранса Эюбова аудан орталығындағы С.Бердіқұлов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 30 жылдан аса ұстаздық еткен. Осы мектепте Дуся Ахметова да 20 жылдан аса бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет істеген. Қазір Дуся Сардалқызы зейнеткер, үш баланың анасы, алты немеренің әжесі. Қос ұстаз да өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне өзіндік үлестерін қосқан жандар. Шәкірттерінің арасында мектепті үздік бітірген түлектер бар. Орталықтың жұмысына белсене атсалысып, жастар тәрбиесіне зор үлес қосқан Фахралин Айтаев, Муслим Мехралиев, Аңсар Эюбов сияқты ақсақалдардың, халық қалаулысы Паша Чумаевтың есімдері құрметпен атауға лайық.
Қасиетті қазақ жері тағдыр тәлкегімен Қазақстанға еріксіз қоныс аударылған түрлі этностардың құтты мекеніне айналды. Солардың бірі –Ахыска түріктері бұдан 80 жыл бұрын Грузиядан күштеп жер аударылған. Олардың біразы Жамбыл ауданынан жайлы пана тапты. Сонда жергілікті халық өзі ас-суға жарымай отырса да арып-ашып келген босқындарға көмек беріп, демеу көрсетті. Жат жерлікті жатырқамай, қолда барымен бөлісті. Бүгінде сол халық өсіп-өнді. Қиын-қыстауда қол ұшын созғаны үшін өздерін қазаққа қарыздар санаған аға буын өкілі мұны балаларына өсиеттеп отырды.
– Аталарымыз бен әкелеріміз түбі бір қазақ халқына риза. Мұны бүгінгі ұрпақ та есінен шығармай, өздерінен кейінгілерге аманаттап отыруға тиіс. Өйткені біздің Отанымыз бір, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Осы мемлекеттің дамуына бәріміз бірігіп, бір ел болып жұмыла атсалысуымыз керек. Ал Қазақстан халқының бірлігі мерекесі бізді бұрынғыдан да жақындастыра түседі. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген шынайы достығының жарқын көрінісі, – деген Рафик Яшаевич этномәдени орталық мүшелері 1 мамырда Қасымбек ауылында жиналып, Қазақстан халқының бірлігі мерекесін той-думанмен атап өткелі жатқанын айтты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы