Тілім менің – тірегім. Осындай тақырыппен Кеген аудандық Мәдениет үйінде тіл фестивалі өтті. Аталған шара ақ жаулықты әжелердің ән шашуымен басталды. Жиналған көпшілікке кітап көрмесі ұсынылып, онда қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов атындағы өнер мектебінің оқушылары жасаған қолөнер бұйымдары мен аудандық тарихи-өлкетану мұражайының жәдігерлері қойылды.
Тіл фестиваліне Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, қаламгер, ұстаз, өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы Гүлзира Сейітбекқызы, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Нұрмаман Оқас, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Қуаныш Амантайұлы, ауданның зиялы қауым өкілдері, тілге қамқорлық танытып жүрген кәсіпкерлер, қоғамдық кеңес мүшелері мен жастар қатысты. Келген қонақтар аудан өнерпаздарының театрландырылған қойылымын тамашалады. Ән әуелеп, күй шалқыды.
Игі шарада алғашқы құттықтау сөз алған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Нұрмаман Оқас:
– Ана тіліміз – ата-бабамыздың асыл аманаты, ұлттың жаны мен жүрегі, елдігіміздің негізі, тұтастығымыздың тірегі. Ұлы даланың сан ғасырлық шежіресін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан қазақ тілі барша Қазақстан халқын біріктіретін ортақ мұраға айналды, – дей келе, көпшілікке жылы лебізін жеткізді. Бұдан кейін филология ғылымының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы, Ө.Жаңабаев атындағы орта мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі Ауғанбай Гүлдана тілге қатысты кең көлемді баяндама жасады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатын іс-шараларға белсене қатысып жүрген үшін бірқатар азаматқа Алғыс хат пен Құрмет грамотасын табыс етті.
Фестиваль аясында «Тіл майталманы – 2025» номинациясымен Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Рүстем Әлімов, «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы – 2025» номинациясымен Ө.Жаңабаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айдана Нұрланқызы, «Тілге жанашыр кәсіпкер – 2025» номинациясымен «Көлбастау тур трэвел» этноауыл демалыс орнының иесі Ұлан Рысбекұлы, «Үздік бейнеролик – 2025» номинациясымен аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Салтанат Саматқызы марапатталды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы