Қазақ журналистикасындағы ерен тұлғалардың бірі – Сарбас Ақтаев. 91 жасқа қадам басқан қаламгер көсемсөздерімен ғана емес, өнеге-тәлімдерімен де үлгі. Редакторлық білігі, ұйымдастырушылық шеберлігі, кадр тәрбиелеудегі ерекшелігі – «Ақтаев мұрасының» бір парасы. Кезінде абыз атамыз Алматы облыстық газеті редакторының бірінші орынбасары болды. «Социалистік Қазақстанның» басшылық құрамында еңбек етті. ҚР Жоғарғы Кеңесінің органы «Халық кеңесі» газетін тарих сахнасына шығарды. «Ақиқат» журналын басқарып, тәуелсіздік идеологиясын ғылыми негізде қалыптастыруға қатысты. Ол кісінің болмысынан байқағанымыз, жады әлі де мықты, айтары аз емес. Сондықтан Журналистер күні қарсаңында қария қаламгерге бүгінгі әріптестері атынан арнайы сәлем беріп, «Сарасөз» тәлімгерлік клубына қатысуды өтіндік. Өткен күннен шерткен әдемі әңгімелері өзіндік әсерімен баурады.
Баспасөздің де тегі бар
– Әр нәрсенің тегі бар, ешнәрсе жоқтан пайда болмайды. Бұл сөз «Алатау арайына» да қатысты. Талдықорған кеше Жетісу облысы атанған соң, соның құрметіне деп өздеріңізбен ілесіп барған «Жетісу» газетін қалдырған екенсіздер. Соған бола газеттің тегі өзгермейді. Алматы облысына қызмет еткен баяғы «Жетісу» – бүгінгі «Алатау арайының» түбірі. Ал ондағы «Жетісу» – енді Талдықорғанның газеті. Көрші облыстың шежіресіне кірді. «Алатау арайы» – ата басылым. Бұйыртса, 2028 жылы 110 жылдығын қарсы алатын боласыздар.
Кезінде газет тарихын анықтауға біз де еңбек сіңірдік. Ол кезде бас редактор Әбдіуәли Қарағұлов, бірінші орынбасары Кәкімжан Қазыбаев. екінші орынбасары – менмін. Редакциямен байланыстағы авторлардың ішінде Ақтөбе, Орал, Қарағанды обкомдарының бұрынғы хатшылары – Мақай Жүнісов, Шәріп Өтепов, Рақымалы Байжасаровтар сияқты сұңғыла азаматтар болды. Әрқайсысы бір-бір энциклопедия. Бірде сол адамдармен пікірлес алматылық ардагер Хұсайынбек Әміров:
– «Огни Алатаудағы» әріптестерің «Заря свободы» газетін өздерінің тегі ретінде белгіледі. Тура осы тұста қазақ-ұйғыр тілдерінде «Жетісу ісші халық мұхбыры» жарық көріпті. Басылым сендерге негіз болуға жарап тұр, – деді әрі қызықты, әрі тың мәселенің шетін шығарып.
Елең еткізген жаңалықты Кәкімжан Қазыбаевқа жеткіздім. Екеуміз бірігіп бас редакторды қуанттық. Әрине, бұл жақсы, ал оны құжатқа айналдыру одан да жақсы. Әбдіуәли аға көпті көрген көсем мінезімен ұзақ ойланды. Содан кейін бір байламға келді.
– Онда қол қусырып қарап отырмайық. Аталған газеттің алғашқы сандарын табу керек. Шаң басқан архивтердің арасына сүңгіп, жертөледе ұзақ отыруға тура келеді. Соның нәтижесінде ғана мемлекеттік архивтің анықтамасы қолымызға тиеді. Әйтпесе бәрі бекер, бос әңгімемен ешнәрсе дәлелденбейді, – деп бас редактор Кәкімжан екеумізге сұраулы жүзбен қарады.
– Бұл істі бастаған Сарбас, енді өзінің аяқтауына мүмкіндік берейік, – деді әріптесім. Сөйтіп, мен архивтегі сирек басылымдар бөліміне жол тарттым. «Сабақты ине сәтімен» деген рас екен. Ә дегенде-ақ қалың қағаздың арасынан «Мұхбырдың» тұңғыш нөмірі шыға келді. Қуанышымда шек жоқ. Бір құшақ тікпені қобыраған күйінде көтеріп, архив басшысының бөлмесіне жетіп барыппын. Ол кісінің іс-әрекетімді қызықтап, жымиып қарағаны әлі есімде. Алтын тапқандай желпінген «жеңімпаз» күйімді түсінді.
– Келін ұл тапқандай, төбең көкке екі елі жетпей тұр ғой. Сірә, олжаң құнды сияқты, – деді еркелете үн қатып.
– Дұрыс айтасыз, аға, іздегенімді тез табам деп ойламаппын. Жолым болды, – дедім.
Мемлекеттік архивтің директоры Серікбай Бейсенбаев – үлкен ғалым. Бірқатар жоғары лауазымды қызмет атқарған қайраткер адам. Газет тігіндісін алдына жайып қойып, асықпай ақтарды. Содан кейін мен дайындаған анықтама жобасын зейін салып оқыды. Артығын алды, кемшілігін толтырды. «Іздегенің үшін, тапқаның үшін саған рақмет!» – деп анықтамаға қол қойып, мөрін басты.
Осындай ізгі әрекеттің арқасында біз ұрпаққа керек тарихи шаруаны тындырдық. 1965 жылдың басы еді. Содан бастап басылымның маңдай тұсына «Газет 1918 жылдың 21 маусымынан шыға бастады» деген жазу тұрақты орналасты. Меніңше, бұл көрсеткіш енді Талдықорғандағы «Жетісудан» біржолата алынып, «Алатау арайының» маңдайшасына айшықталуға тиіс. Өйткені газеттің тегі осылай. Егер құжатты жоғалтып алсаңдар, анықтаманы мемлекеттік архивтен қайта сұратуға болады. Еш қиындығы жоқ, бәрі тиісті тізімде тіркеулі тұр.
Редакторлар мектебі
«Алатау арайының» ататегін басқарған мықтылар басылымды бір-біріне абыроймен аманаттап отырған. Әрбір жетекші өз ерекшеліктерімен үлес қосқан. Мәселен, «Жетісу ісші халық мұқбырын» ұйымдастырған Сабыржан Шәкіржанов татар ұлтынан. Соған қарамастан қазақ баспасөзіне еңбек сіңірді. Мен ол кісінің көзін көрдім, әңгімелестім. «Сыры кетсе де, сыны кетпепті». Балуан тұлғалы, бүркіт қабақты жан екен.
Бұрын башқұрт, татар газеттеріне атсалысыпты. Тағы бір қызық деректі кездестірдім. Сәкен Сейфуллин «Қазақ әдебиеті» кітабында салт-сана, әдет-ғұрып жырларының бір тобын Есіктің тұрғыны Абайдың аузынан жазып алған Сабыржан» деп жазыпты. Міне, сол кісі осы Шәкіржанов болып шықты.
Облыстық газет келесі кезеңде «Тілші» атанды. Оны жақсы білесіздер. «Тілшіні» әйгілі әйел қайраткер Сара Есова апамыз басқарды. Түркістан жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың серігі. Ол кісіні де тыңдадым. 1922 жылы өзі қол қойған «Тілшінің» алғашқы санын «Ардақты оқушыларға» деген бағдарламалық мақаламен ашыпты. Артылған сенімге, үлкен жауапкершілікке үлкен жоспарлармен жауап беруге тиіс екендерін айтады. Мақаланы бас редактордың ұзақ мерзімге арналған стратегиялық жоспары деп бағаладық. Бүгінде осындай дәстүрді жалғастырса несі жаман!? Жұмысқа жаңадан келген әр редактор Сара апасы секілді жұртқа бағадарламасын баяндап, идеясын ұсынса, ол одан ұтылмайды. Сара апамыз сәт сайын өміршең идеяларға ұмтылған. Тың тақырыптарға құлаш ұрған. Жаңа авторлар, жазуы шебер тілшілерді іздеген. Басқаны былай қойғанда, бір ғана Ілияс Жансүгіровтің танылуына жол ашқаны тарихи қамқорлық қой.
Енді «Алатау арайының» «Сталин жолы» деген тағы бір атасына тоқталайын. Оның бас редакторы – Хасен Өзденбаев. Саясатта да, шығармашылықта да шыңдалған кадр. Қостанай, Семей облыстарында жүріп қанатын қатайтқан. «Еңбекші қазақта» (қазіргі «Егемен Қазақстан») бөлім меңгерушісі болды. Алғырлығы білімімен ұштасты. Редакция қызметкерлеріне қойылатын талапты ширатып отырған. Сын мақалалардың пәрменін арттырған. Қоғамдағы кемшіліктердің түзелуіне мұрындық болған. Тіпті, қызыл цензура қысымынан жасқанбай, жариялылықты қоштап, халықтық шараларға батыл кіріскен.
Хасен Өзденбаев, сонымен бірге талантты аудармашы. М. Шолоховтың «Тынық Донын» қазақтың төл шығармасына айналдырды. «Адам тағдыры», «Олар Отан үшін шайқасты» кітаптары жайлы да осыны айтуға болады. И. Гончаровтың «Обломовын», О. Бальзактың «Шегірен былғарысын» көпшілік іздеп жүріп оқитын қазақ кітаптарының қатарына қосты. Жазушы атанбай-ақ жазушылардың жанын терең түсінген мұндай аудармашы қаламгер әдебиетте өте сирек.
Әбдіуәли Қарағұловтың тұсында облыстық газет «Коммунизм таңынан» «Жетісуға» ауысты. Асыл ағаның тәлімін де, тәрбиесін де көп көрдім. Әбекең әділетті және қайсар еді. Соның бір мысалы мынандай: соғыс жылдары Әбекең басқарған Қарағанды облыстық газеті ақындар айтысын ұйымдастырады. Шараны жоғары деңгейде өткізу үшін жергілікті қаламгерлер барын салады. Аталған айтысқа Ғабит Мүсірепов қонақ ретінде қатысады. Жазушы қарағандылықтарға риза болады. Алайда республикалық басылымдардың бірі айтысты Ғабит Мүсірепов ұйымдастырды деп хабар таратып жіберген.
Қатені дұрыстау керек. Ол үшін Әбекең Орталық комитеттің өзіне телефон соғады. Ондағылар тайсақтап, жабулы қазанның жабулы күйінде қалғанын қалайды. Бұл жерде жеке бастың мәселесі жоқ. Бүкіл қарағандылық қаламгерлердің еңбегі атаусыз қалғалы тұрды. Ақыры үлкен хатшыға кіріп, бәрін ретке келтіреді. Мен білетін Әбекең сыпайы көрінгенмен, жалпақшешейлікке, келісімпаздыққа көнбейтін. Олжас Сүлейменов секілді ұлының өзіне тартқаны сондықтан шығар деп топшылаймын.
Әбекеңнің материал оқығанының өзі бір мектеп. Қайсыбір қазымыр редакторлардай жазғаныңды бассалып сызғыламайды. «Осы қалай болар екен?» дейтін тұсқа ақырын ғана қарындашпен белгі соғады. Содан соң мақала иесін шақырып алып, онымен терезесін тең ұстап ақылдасады. Жетектеп отырып бәрін автордың өзіне өңдетеді. Енді манағы бір қайнауы ішіндегі дүние күмістей жарқырап жұтынып шыға келеді. Кемшілігін өзі түзеп үйренген журналист сол сәтте пәлен жылға жетерлік тәлім жинағанын жүрегімен сезеді. «Шаужайлай берсең, тұлпарды да тоқыратып аласың, қаламының желі бар жігіттерді еркін көсілтіп, оның өзіндік қолтаңбасына тиіспеген лазым», – деп отыратын жарықтық.
1958 жылы «Лениншіл жаста» Кәкімжан Қазыбаевтың Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев екенін әйгілеген очеркі шықты. Кантария мен Егоров тұрғанда, Қошқарбаевты олардың алдына шығару – біртүрлі көрінгені рас. Бұлайша қалам сілтеу батылдық қана емес, батырлық та еді. Өзім іштей ұстаз тұтқан аяулы азаматпен алғаш «Жетісу» газетінде жүз көрістік. Тізе қосып бірге қызмет еттік.
Кәкең тың тақырыптарға қалам тартуды қалайтын. Көсіле, шешіле сөйлейтін әңгімешіл еді. Басы тақырыптар мен идеяларға толып тұратын. Қай қырына көз салсаң да, ол кісі асу бермес биік шыңға ұқсайтын. Жазғандары баяндауының әсемдігімен, оқиғасының қанықтығымен баурап алатын. Шығармаларының әсерлі оқиғасы, анық бояуы оқырманды тәнті ететін. Кемелдене келе мемлекет қайраткері дәрежесіне жетті. 20 жылдай небір лауазымды саланың тізгінін ұстады. Бірақ қаламы қаз-қалпынан танбады.
Облыстық газетті көркейткен, ағартушылық көшін алға сүйреген азаматтардың бәрін бір демде түгендеп шығу мүмкін емес. Қуанарлығы, мен білетін редакторлардың көбі өскелең өмір талабына сай еңбек етті. Өмірдің заңы бойынша технологияның дамыған кезіндегі бүгінгі толқын кешегі аталарынан озуы керек. Кем түсуге хақысы жоқ. Осындай штрихтар сабақ болсын деп ойымды ортаға салған жайым бар.
Ұжымдасқан ұтады
– Диплом бойынша, мен – мұғаліммін. Онда да орыс тілі пәнінің мұғалімімін. Бірақ өмір бойы ана тілімді ғана пір тұттым. Көкшетау облысындағы ауыл мектебінде сабақ бердім. Жергілікті қазақ баспасөзіне қатыстым. Комсомол жастар ұйымына белсене араластым. Олар мені қуана-қуана өз қатарына тартты. Алайда пешенеме журналистік тағдыр бұйырыпты.
Кезінде «Мен үшін «Жетісудың» жөні бөлек» деген тақырыппен сұхбат бергенім бар. Сонда «Өзіме қандай жақсылық тілесем, «Жетісуға» тура сондай жақсылық тілеймін. Жетісу жерін Көкшетаудан кем көрмеймін. Екеуі де мен үшін қасиетті, екеуі де сарқылмас сағыныштарым!» деген едім. Сол сөздерім қазір де өз күшінде.
Арқадан Алматыға ауысқанда «Ара» журналына қызметке тұрдым. Ұзамай, Әбдіуәли Қарағұлов ағам «Жетісу» газетіне қызметке шақырды. Редактордың орынбасары болдым. «Жас адам айына бір рет шығатын журналда жүруші ме еді? Газетке кел, қызметтің қара қазанында қайна», – деп еді Әбекең сенім артып. Мұнда табаны күректей тоғыз жыл еңбек еттім. Шығармашылығымның даңғыл жолы осы ортада қалыптасты. «Жетісу» – менің екінші университетім.
Мен қызметке келгенде байқағаным, облыстық газетте жергілікті кадрлар жоқтың қасы екен. Дереу мәселені күн тәртібіне шығарып, олқылықтың орнын толтыруға күш салдым. Қапшағай су электр стансасының іске қосылуын, Іленің теңізге айналғанын алғашқы болып көрсеткен де біз едік. Журналистерді жұмылдырдым. Олармен бірге жүрдім. Өзім де деректі хикаят жазып шықтым.
Облыстық газетте редакциялық алқа жасақталды. Егер іскерлігімен көзге түсетін болса, ол құрамға жай тілшіні де қосатын едік. Алқаның шешімі – ұжымдық шешім. Ол орындалатын және бақыланатын. Алқа отырысында қызметкерлерді жиі тыңдайтынбыз. Қорытылған ортақ ой-пікірге ешкім дау айта алмайтын. Бұл редакцияны әділ басқарудың басты әдісіне айналды.
Енді лездеме туралы бір сөз. Мәселен, Әбдіуәли Қарағұлов лездемеге ерекше мән берді. «Сыншылдық басым болсынды» басшылыққа алатын. Жақсы мен жаманды анық ажыратуға үйрендік. Долбарлауға рұқсат жоқ. Сонда ғана талқылау қорытындысы көптің көңілінен шығады. Жақсы материалдар орындалу сапасына қарай «Күміс тақтаға» ілінетін. Нашар материалдар аяусыз сыналатын. Журналистерге сыйлық бергенде, лауазымын өсіргенде осы қорытындылар өлшем болып негізге алынатын.
2018 жылы 100 жылдық мерейтойға үлес қосу мақсатында «Жетісу» – Сабыржаннан Жақыпжанға дейін» атты 160 беттік кітап шығарып, әріптестерге ұсындым. Сіздерге айтқан әңгіменің толық нұсқасының бәрі сонда бар.
Өмір – өзен! Қозғалыстар арқылы қоғамдар мен адамдар орын ауыстырады. Журналистика ғана өз орнында қалады. Себебі ол – халықтың рухани кемелденуіне қызмет көрсететін киелі құрал. Сондықтан қаламгер қашан да сергек болуға тиісті.
Түйін
– Орыстың ұлы жазушысы Иван Гончаров: «Өмірден тәжірибесі бар адам бір жақсы кітап жазуға тиіс. Ал екі-үш кітап жазу үшін жазушы болуың керек», – деп айтқан екен. Журналистиканы ысырып қойып, әдебиетке кеткенімде біраз дүние жазар ма едік деген де ой келеді кейде. Бірақ, әйтеуір біреу газет шығару керек қой. Соған қарамастан біреулер «журналист деген – қаламгердің екінші сорты» деп ойлаудан қымсынбайды. Бұл дұрыс емес.
Журналистер – алғы шептің адамдары. Іс-әрекеттер барысында өмір мен оқиғалардан озып жүреді. Алайда олардың жанкешті еңбегіне жеткілікті баға берілген жоқ. Бірде-бір журналист Мемлекеттік сыйлықты иеленбепті. Кеңес өкіметі кезінде орыс қаламгері В. Песков журналистігі үшін ғана Мемлекеттік сыйлық алған. С.Смирнов та солай. Біздің елде журналистің еңбегіне әділ баға берілмей келеді. Журналистің шығармасын жарқыратып шығарайық деген ешкім байқалмайды. Қазір қолы жеткендер, ақшасы барлар қарапайым қара мақаласын кітап етіп шығарып жатыр. Ал өмірбақи белгілі тақырыппен шұғылданып, келелі мәселелерге үн қосып жүрген адамдар көзге ілінбей, көптің біріне айналған жайы бар.
Кейбір баспасөз өміріміздің келеңсіз жақтарын, көлеңкелі тұстарын тіміскілейтін болды. Кемшіліктерді ғана шатпақтап ұра береді. Адамды кемшілігін айтып емес, жақсылығын айтып тәрбиелеу керек емес пе? Өз басым қасымдағы адамдардың терезесі тең болғанын қалаймын. Институтта лекция оқып, дәріс бермесем де, жанымдағы жастарға тәрбие беріп, оларды баулыған адаммын. Өз заманымда менен тәлім-тәрбие алған жастар бүгінде қазақ баспасөзінің тұтқасын ұстап отыр деп нық сеніммен айта аламын. Олар мені ұстаз ретінде сыйлайды. Кезінде ақын Сырбай Мәуленовтің Бауыржан Момышұлына қаратып: «Өзің батыр болмасаң да, жан аға, Шығып едің сан батырды арқалап», – деп айтқан сөзі бар. Сол айтқандай, өзім бас редакторлықтан қалсам да, талай бас редактордың ұстазы болғанымды мәртебе санаймын. Бүгінгі шындық жаршылары солар. Ал шығармашылық шырайын шындық ашады.
Міне, шама-шарқымыз келгенше сұрақтарға жауап қайтардым деп ойлаймын. Айту – бізден, тыңдау – сіздерден. Ұнаған тұстары болса, кәдеге жаратарсыздар.
– Әңгімеңізге рақмет, ата! Тәліміңіз таусылмасын!
Әңгімелескен – Болат Мәжит