Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бастаған зиялы қауым өкілдері Қонаев қаласындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, артынан облыс өнерпаздары ақын әндерін шырқады.
– Абай Құнанбайұлы – ұлтымыздың рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға. Оның қара сөздері – адам болмысына терең бойлаған философиялық мұра. Ал поэзиясы – тіл тазалығы мен көркемдігінің озық үлгісі. Ұлы ойшылдың «Толық адам» тұжырымдамасы әлі күнге өзекті. Білімге, еңбекке, адалдыққа, әділдікке үндеген идеялары қазіргі заманда да біздің бағыт-бағдарымыз болып отыр, – деді Марат Елеусізұлы.
Облыста хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында өңірдің 119 Мәдениет үйі мен 144 кітапханасы, 15 музейінде жыл басынан бері 30 мыңға жуық адамның қатысуымен 146 кездесу, концерт, көрме және әдеби акциялар ұйымдастырылған.
Ақын мерейтойы туған жерінде дүркіреп өтті. Игі шараға облысымыз да өз үлесін қосып, Абай еліне символикалық мәні терең «Алтын адам» мүсінін тарту етті. Сондай-ақ Қазақстанның Халық әртісі, күйші Секен Тұрысбектің жетекшілігімен «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі және облыс өнерпаздары «Абай жолы» атты рухани концерт ұсынды. Бұл – екі өңір арасындағы құрмет пен достықтың белгісі, сондай-ақ рухани байланысты нығайтуға сеп болмақ. Сонымен қоса «Aspan Fest» фестивалінің кезекті бағдарламасы Абай әндеріне арналды.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы




