Перейти к содержимому
Главная страница » Сапалы жол – сәтті сапар кепілі

Сапалы жол – сәтті сапар кепілі

      «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы аймақ бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жол­дарын жөндеумен және күтіп ұстаумен айналысады. Қазіргі таңда облыстағы республикалық жолдар желісінің ұзындығы 1734 шақырым. Осы жолдардың жай-күйіне назар аудару мақсатын­да журналистер үшін пресс-тур ұйымдастырылды.

Биыл облыстағы респуб­ликалық маңызы бар жолдардың 247 шақырымына орташа жөндеу жүргізілуде. Бұл қатарда Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандары жолдарының 200 шақырымы бар. Журналистер қауымы «Көкпек-Кеген-Түп» 26-41 шақырымы, «Кеген-Нарынқол» 0-74 шақырымы, «Жалағаш-Саты» 18-24 шақырымында болып, ондағы жұмыс барысымен таныстық. Бұлардың ішіндегі ең күрделісі – қараша халық көптен зарыға күткен республикалық маңызы бар «Кеген-Нарынқол» автомобиль жолы. Бұл жолға шамамен 70 жылдан соң, су жаңа асфальт жабындысы төселуде. Жөндеу жұмысы Кеген ауылының «Иін» аталып кеткен тұсынан Сарыжаз ауылына қарай басталып, қазіргі таңда 20 шақырым жол жасалынып, «Маруся» асуына жеткен.
Жоба аясында ұзындығы 74 шақырым болатын «Кеген-Нарынқол» жолы орташа жөндеуден өтуде. Мердігер мекеме – «Нұрлы жол-7» ЖШС, ал техникалық қадағалауды «KZ Стройэксперт» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны – 8,002 млрд теңге. Бұл турасында «Нұрлы жол-7» ЖШС-нің жоба жетекшісі Қанат Әбілқайыров мағлұмат берді.
– Қазіргі уақытта бұл іске 50-ден астам техника мен 70-тен астам адам жұмылдырылған. «Кеген-Нарынқол» тас жолының 20-шы шақырымында тұрмыз, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Биылғы жоспарды толық орындап, 37 шақырымға асфальт төсейміз деген ойдамыз. Бұл жоба екі жылға, яғни 2025-2026 жылдарға жоспарланған.
«Аз күнде аудан тұрғындарына «Ойқарағай» көмір кенішінен ауыр жүк көліктерімен көмір тасымалданады. Сол кезде алып техникалар жаңадан жасалған жолды құртпай ма?» – деген сауалымызға «Стройэксперт» фирмасының эксперт-маманы Қуат Махметұлы былай деп жауап берді:
– Ауыр жүк көліктерінен жаңа жолға ешқандай нұқсан келмейді. Өйткені, жасап жатқан 20 шақырым жолдың 10 шақырымын бір метрге дейін тереңдікте қаздық. Көріп отырғандарыңыздай, «Маруся» асуын да солай жасап жатырмыз. Жолдың сапасына екі жыл кепілдік бар, оған мердігер компания жауап береді. Алдымен ірі түйіршікті ыстық асфальтты 6 сантиметр қалыңдықта салсақ, келесі жылы оның бетіне ұсақ түйіршікті асфальтты 5 сантиметр қалыңдықта төсейміз. Бұл төселген жолдың ұзақ жыл қызмет ететініне кепілдік береді.
Сапар барысында «Қаз­АвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыс­тық филиалының бөлім басшысы Жанат Өтепбергенов жол жөндеуге қатысты жоспармен бөлісті.
– Жалпы, Алматы облысында қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстарына арналған бес жоба әзірленуде. Атап айтқанда, Кеген ауданына қатысты «Көкпек-Кеген-Түп» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 53-68 шақырымы аралығын күрделі жөндеу бойынша жоба жасалынып жатыр. Келесі жылдың сәуір айына дейін келісімшарт бойынша жоба аяқталуы керек. Мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржы бөлінген жағдайда іске асырылатын болады. Одан бөлек «Алматы-Бішкек» республикалық маңызы бар автомобиль жолының күрделі жөндеуі бойынша жоба жүзеге аспақ. Оның да жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде, ол 19-27 шақырым­ды қамтиды, – деді ол.
Жол жөндеу жұмыстарына байла­нысты көлік жүргізуші­лерінің де пікірлерін білген едік.
Ақжол Есболатұлы есімді көлік жүргізу­шісі:
– Сарыжаз ауылының тұрғы­ны­мын. Осы жол салынып жатқаннан бері күнделікті бақы­лап жүремін. Былтырдан бері жолымыз жөнделуде. Оған дейін қаншама қиыншылық болды. Көлігімізді бір айда екі-үш рет жасайтын едік. Жол салғалы бері ол машақаттан құтылдық. «ҚазАвтоЖол» компаниясына алғысымызды білдіре­міз. Жол сапалы жасалынып жатыр, – десе жүргізуші Советбек Тастеев:
– Бұл жолда жиі жүремін. Бұрын жол нашар болғандықтан көлігіміз көп сынатын еді. Тапқан табысымыз қосалқы бөлшектерді сатып алуға кететін. Жұмыскерлерге рахмет, жол жақсы жасалуда. Сапасына көңілім толады, – деп пікір білдірді.
Күрежолды жөндеуге арналған құрылыс материалдары жолға бөлін­ген қаражат есебінен алынады. Жол жабынына қажетті ірі және ұсақ түйір­шікті асфальт толықтай «Нұрлы жол-7» мердігерлік ұйымының асфальт зауытында өндіріледі. Бұл бір жағынан бюджеттен бөлінген қаржыны үнемдеу болса, екіншіден бір ғана ұйыммен бірлесіп, қолайлы жұмыс атқаруға мүмкіндік туғызып отыр. Асфальт зауыты «Кеген-Нарынқол» күре жолының бойында, Сарыжаз ауылынан таяқ тастам қашықтықта орналасқан. Зауыттың маңында шағын карьер бар. Жол жабынын төсеп біткеннен кейін жол жиегіне төсейтін қиыршық тастар да сол жерден алынады. Сағатына 160 тонна асфальт өндіруге болатын бұл зауыттың жұмыс істеу жүйесі де ерекше.
Бұл турасында асфальт зауытының директоры Сабыржан Кәрімов әңгімелеп берді.
– Қазір жол жөндеу жұмыс­тары­ның қызу науқаны. Асфальтқа сұраныс өте көп. Күніне 10-12 сағаттан, демалыссыз жұмыс істейміз. Тек ауа райы келеңсіздік тудырған жағдай­да ғана жұмыс уақытша тоқта­­тыла­ды. Барлық технология автомат­тандырылған. Карьерден алынған қиыршық тас алдымен 160-170 градус­та қорытылады. Одан соң арнайы элеваторда көлеміне қарай іріктеледі. Барлық үрдіс аяқталғаннан кейін асфальт 150 градуста дайын күйінде бірден қызу жұмыс атқарылып жатқан орынға жөнелтіледі. Зауытты осыдан бірер ай бұрын қажеттілік туындаған соң аштық. Мұндағы барлық бөлшек жиналмалы болғандықтан, кез келген уақытта бұзып, орнын ауыстырып, құрастыра аламыз. Сонысымен тиімді. Зауыт сағатына 160 тонна асфальт өндірсе, күніне 1000 тонна қиыршық тасты уатып шығарады, – деді ол.
Жол сапасы жақсарғаннан кейін Кеген мен Нарынқолға келушілер саны да арта түседі деуге толықтай негіз бар. Туристік бағыттарға апаратын жолдарды дамыту тек Алматы облысында емес, жалпы республика бойынша қолға алынған. Биыл еліміз бойынша республикалық маңызы бар 544,7 шақырым автожол жөнделмек. Оның ең ауқымды бөлігі Алматы облысына тиесілі. Сапалы жолдар, заманауи сервистік кешендер мен қауіпсіздікке сай инфрақұрылым – бұл тек демалушылар үшін ғана емес, аймақ экономикасы үшін де маңызды инвестиция. Жаңартылған жолдар автожүргі­зушілерге жайлы және қауіпсіз жағдай жасауға ғана емес, облысымыздың көлік инфра­құрылымы мен туризмін дамытуға сеп болмақ. Сонымен қатар аймақ экономикасының дамуына тікелей әсер етеді. Логистика жақсарып, ірі нарықтарға барыс-келіс жеңілдейді. Осылайша, іргелес аудандардағы шағын және орта кәсіпкерліктің өсуіне ықпал етеді. Туризм бойынша жол желісінің жақсаруы облыстағы туристер үшін, әсіресе Көлсай, Қайыңды көлдері, «Қара шатқал» және «Шарын шатқалы» бағыттарына қатынауды жеңілдетеді. Туризмнің дамуы жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлікті өркендетуге де негіз болары сөзсіз.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы