Перейти к содержимому
Главная страница » Әйел және цифрлық әлем

Әйел және цифрлық әлем

    Қонаев қаласында «Pespublica» партиясы жаны­нан құрылған «Re Women» әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Әйел және цифрлық әлем: бизнес, медиа, шабыт» атты форум өтті. Шараға «Pespublica» партиясының тең төрағасы Максим Барышев, ҚР Парла­менті Мәжілісінің депу­тат­тары Айтуар Қошмамбетов, Нұргүл Тау, Динара Наумова, Екатерина Смолякова және 100-ден астам әйел кәсіпкер, сарапшылар мен мемлекеттік, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Мақсаты – кәсіпкер әйелдерді қолдау, олардың құқығын қорғау, кәсібін дамытуға көмектесу.

Облыс бойынша «Re Women»-нің 20 филиалы бар. Алдағы уақытта аудандық деңгейдегі 39 филиал ашылады деп жоспарлануда. Қауымдастық 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншіден, әйел кәсіпкерлерді қолдау үшін түрлі іс-шаралар, форумдар мен кездесулер ұйымдастырады. Екіншіден, олар­дың біліктілігін арттыруға арналған оқыту курстары мен тренингтер өткізеді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы алуға, гранттар мен жеңілдетілген несиеге ие болуға көмектеседі. Сондай-ақ әлеуметтік бағытта әйелдер құқығы мен мүддесін қорғау да басты назарға алынған.
– «Pespublica» партиясының стратегиялық бағытының бірі – әйел­дерді қолдау. «Re women» қауымдас­тығының құрылғанына небәрі жеті ай болды. Осындай аз уақыт ішінде 2 мыңға жуық белсенді, кәсіппен, әлеуметтік жобалармен айналысатын әйелдердің басын қосып, қызу жұмыс жүргізудеміз. Бүгінде еліміздің тұрақты дамуында нәзікжандылардың рөлі зор. Форумда әйелдердің көкейінде жүрген мәселелер, ұсыныстар тыңдалып, талқыланды. Алдағы уақытта осы сауалдарды Парламент қабырғасында көтеріп, шешу жолдарын қарастырамыз, – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова.
Қауымдастық жұмысының бір бағыты – әйелдерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау. Бұған Мәжіліс депутаты әрі әлеуметтік кәсіпкер Динара Наумова кеңірек тоқталды. Ол Парламентке келмей тұрып-ақ ерекше балаларға тегін көмек көрсететін инклюзивті фитнес орталығын ашқан. Онда ДЦП, аутизм, даун синдромы бар балалар мамандардың көмегіне жүгініп, ем қабылдайды, ең бастысы, мұның бәрі тегін жүргізіледі. «Біз барлығына бірдей көмектесеміз деп айта алмаймыз, бірақ белгілі бір топтағы балаларға жәрдемдесуге күш салудамыз. Көбіне алыс өңірлерде тұратын ерекше балалар әлеуметтік қолдаудан тыс қалып жатады. Қазіргі таңда осындай жеткіншектерге барынша көмек қолын созуға тырысып жатырмыз», – деген ол форумның негізгі мақсатын таныстырды. «Менің ойымша, әйелдер қауымдастығының болуы маңызды. Бұл – әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың басты тетігі. Біз әлеуметтік жобаларды көбірек талқылап, оны жүзеге асыруға күш салуымыз керек. Партияның ұстанымы да осы – халыққа жақын болу, тек ел көлемінде ғана емес, облыстық, аудандық деңгейдегі түйткілдерді шешуге үлес қосу. Басты мақсатымыз – әйелдерді шабыттандыру, бағыт-бағдар беру және балаларға қолайлы жағдай жасауға ықпал ету», – деді Динара Рустамқызы.
Шараға қатысқан кәсіпкер Яна Исакова: «Бұл – бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасып, ой-пікірімен бөлісетін алаң. Кәсіпкерлер мен сарапшылар өзара байланыс орнатып, жаңалықтардан хабардар болады, өз жетістіктерімен бөліседі. Бұл – қатысушылар үшін үлкен мүмкіндік», – деп жиынның мән-маңызын атап өтті.
Форумда «Impact Zone» көрмесі де ұйымдастырылды. Онда кәсіпкер әйелдер әлеуметтік және туризм саласындағы жобаларын ұсынды. Сондай-ақ әйелдердің бизнестегі рөлі, оларды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар, әлеуметтік кәсіпкерліктің экономикадағы маңызы жайлы сөз болды. Маркетолог, AI саласының сарапшысы Сергей Конев ChatGPT мен нейрожелілерді дұрыс қолдану жолдарын түсіндірді.
«ChatGPT-дан басқа да платформалар бар. Мәселен, «Midjuorney» арқылы әдемі суреттер, «VO3» жүйесінде шағын мультфильм жасауға мүмкіндік бар. Ал «Heygen» көмегімен өзіңіздің виртуалды бейнеңізді жасап, кез келген мәтінді сөйлетіп, тауарыңызды таныстыра аласыз. Қазір маркетолог не HR маманы болмасаңыз да, нейрожелілерді кәсіби деңгейде меңгеруге болады. Шағын бизнес иесін мысалға алайық. Ол штат санын көбейте алмайды, бірақ нейрожелілерді белгілі бір рөлге енгізіп, қызметкер ретінде қолдана алады. Осылайша оның виртуалды командасы пайда болады. Осы арқылы тиімді стратегия құрып, инвестиция бойынша кеңес алып, заңгер мен психологтың да көмегіне жүгіне алады», – деген маркетолог-маман жасанды интеллектінің күннен-күнге дамып, кейбір мамандарды басып озғанын да айтты. «Бұрын жұмысқа қабылдағанда: «Компьютермен жұмыс істей аласың ба?» – деп сұрайтын. Ал қазір жасанды интеллектіні қаншалықты меңгергеніңе қарайды. Бүгінде ЖИ-ды түсінбеген маман жұмыссыз қалуы мүмкін. Себебі жасанды интеллект маркетологтарға қарағанда стратегияны әлдеқайда тиімді құра алады. Бұрын дизайнерге тапсырма беріп, үш күн күтуге тура келетін. Ал қазір үш-ақ минутта суретті жасап, соның ішінен ең жақсысын таңдап алуға болады. Бұдан бірнеше жыл бұрын ғана жасанды интеллект қиял-ғажайып оқиға сияқты еді. Бүгінде бұл өміріміз бен кәсібімізге үлкен өзгеріс алып келген шындыққа айналды», – деді ол.
Осылайша форумда әйел кәсіпкерлер өз ісін дамыту бойынша пайдалы білім алып, тәжірибе алмасып, таным көкжиегін кеңейтті. Мұндай жобалар әйелдерді шабыттандырып, жаңа белестерге жетелейді. Сонымен қатар еліміздің цифрлық әрі экономикалық дамуына да сеп болмақ.

Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА

Қонаев қаласы