Перейти к содержимому
Главная страница » Салаға серпін береді

Салаға серпін береді

     Облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев Оңтүстік Корея деле­гациясы өкілдерімен кездесті. Онда ауыл шаруашылығындағы жаңа өзгерістер, саланы дамыту жолдары сөз болды. Сондай-ақ өзара тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істеп, келісім орнату жайы талқыланды.

Алдымен Ғани Айдарұлы облыстағы ауыл шаруашылығы саласының жай-күйін баяндады.
– Облыстың агросаласы жан-жақты дамыған. Мұнда бидай, арпа, күріш, қара бидай, сұлы сияқты 10-нан астам дәнді дақыл, күнбағыс, соя және сафлор тәрізді майлы дақылдар өсіріледі. Сонымен қатар қант қызылшасы, картоп, көкөніс пен жеміс-жидек егіледі. Облыс мал шаруашылығы үшін жем-шөп өсірумен де айналысады. Осы жылы ауылшаруашылық дақылдарының егіс көлемі 412,0 мың гектарға жетті. Шаруашылықтар отандық және шетелдік жоғары репродуктивті тұқымдарды пайдаланады. Облыста жылыжай шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда жалпы ауданы 79,2 гектар болатын 48 жылыжай шаруашылығы бар. Оның 18-і – өнеркәсіптік, 19-ы – фермерлік, қалғаны – қарапайым жылыжайлар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 19,9 мың тонна болса, биыл 35,0 мың тоннаға жетеді деп жоспарлануда. Қазіргі таңда 13,8 мың тонна көкөніс жиналды. Бұл өнім облыс пен Алматы қаласы нарығына ұсынылуда, – деген облыс әкімінің орынбасары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларын баяндады. Айтуынша, минералды тыңайтқыштарға 60%, тұқым шаруашылығын дамытуға 70%, электр энергиясы, газ және көмір шығындарына 20%-ға дейін субсидия беріліп, ал жылыжай салу мен кеңейтуге жұмсалған инвестициялардың 25%-ы өтелген. Сондай-ақ биыл тыңайтқыштар, пестицидтер, басым дақылдар және тұқым шаруашылығын дамытуға 2,7 млрд теңге субсидия бөлінген.
Келесі болып сөз кезегін алған Санджу қаласының әкімі Кан Ен Сок Қазақстан мен Оңтүстік Корея 30 жылдан астам уақыт бойы ынтымақтастықта байланыс орнатып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар Алматы облысы ел дамуындағы маңызды өңір екенін, жаңадан бой көтеретін Алатау қаласы заман өзгерістеріне толық сай келетініне тоқталды.
– Қазір Оңтүстік Кореяда инновациялық технологияларға үлкен көңіл бөлінуде. Бірақ ауыл шаруашылығы да назардан тыс қалған жоқ. Санджу кішкентай қала болса да, агроөнеркәсіпте айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген. Қазіргі таңда бұл салаға озық технологиялар енгізіле бастады. Осы арқылы біз табиғатқа, экологияның таза болуына үлес қосып келеміз. Санджу қаласының даму стратегиясы осы бағытта жоспарланған. Мемлекет пен инвесторлардың қолдауының арқасында 2019 жылдан бері «Ақылды ферма» жобасын іске қосып, оны жетілдіруге күш салудамыз. Біз тек ауыл шаруашылығын цифрландырып қана қоймай, фермерлердің де кәсіби дамуына мән береміз. Қазір жастар қалаға ағылып жатады. Ал біз олардың ауыл шаруашылығы саласына жұмыс істегенін қалаймыз. Сол үшін жастарға арналған арнайы жобамыз бар. Қазақстанның жер аумағы, табиғат жағдайы агросаланың дамуына өте ыңғайлы. Алдағы уақытта аталған бағдарламалар Қазақстанда, Алматы облысында да жүзеге асырылып, ауыл шаруашылығының жаңа деңгейге көтерілуіне көмектеседі деп ойлаймын, – деді ол. Одан әрі «GREEN ECO» ЖШС директоры Роман Шнайдерман, «EURASIAN GREEN PRODUCT» ЖШС басшысы Марат Темірбайұлы өз өнеркәсібін таныстырып, ондағы өнімнің сапасы, көлемі, қайда экспортталатыны жайлы кеңінен баяндады.
Шара соңында екі тарап ауыл шаруашылығы саласында тиімді жобаларды іске асырып, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ниетті екендіктерін жеткізді.

Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА