Перейти к содержимому

Ұлттық жоба – ел игілігіне!

      Алматыда журналистерге арналған «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасына қатысты тренинг өтті. Бұл – еліміздің өмірлік маңызы бар салаларында жылдар бойы қордаланған жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған ауқымды мемлекеттік бағдарлама. Кездесу барысында сарапшылар мен өкілетті органдар өкілдері тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңарту тетіктерін талқылады.

2025-2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының басты мақсаты – жылу, электр және сумен қамту желілері мен нысандарын кешенді жаңарту. Ұлттық жобаны іске асыру апатты жағдайлар және инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендетуге, халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, еліміздің тұрақты экономикалық дамуына ықпал етпек.
Тренингте келтірілген деректер коммуналдық жүйелердің сын көтермес жағдайға жеткенін айғақтады. Мәселен, еліміздегі электр желілерінің орташа тозу деңгейі 76 пайызға жеткен. Ал 14 электр стансасы 80 пайыздан астам тозған. Жылу желілеріндегі жағдай да мәз емес, бұл саладағы орташа тозу деңгейі 55 пайызды құрайды. 12,1 мың шақырымдық жылу желісінің 6,7 мың шақырымы шұғыл ауыстыруды қажет етеді. Әсіресе қыс маусымы ұзақ өңірлерде жағдай күрделі. Павлодар облысында тозу деңгейі – 82 пайызға, Қарағанды мен Абай облыстарында 68 пайызға жеткен. Осындай өңірлерде жыл сайын ірі апаттар болып, мыңдаған тұрғын қақаған қыста жылусыз қалуда. Осы орайда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев сөз алып, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша баяндамасын слайд арқылы жеткізді.
– Мемлекет басшысының тапсыр­масымен 16 қазаннан бастап 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тарифтердің өсуіне мораторий енгізілді. Бұл шешім электрмен, жылумен, сумен және газбен қамту сияқты негізгі қызмет түрлеріне қатысты. Тарифтерді ұстап тұру табиғи монополия субъектілерінің операциялық шығындарын оңтай­ландыру және тариф түзетулерін кейінге шегеру арқылы қамтамасыз етіледі. Халық табысын қорғау – басты мақсат. Сол себепті инвестициялық іс-шаралардың толық орындалуы мен әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй көмегін сақтау механизмдерін қатар іске асырамыз, – деді.
Сумен қамту саласында да күрделі түйткілдер бар. Ел бойынша су инфрақұрылымының орташа тозу деңгейі – 40 пайыз. Көптеген су құбырының пайдаланылып келе жатқанына 30 жылдан асқан. Мұның салдарынан жиі ақаулар болып, су сапасы төмендеп, халық денсаулығына қауіп төнуде. Бұған қоса, Қазақстан әлем бойынша су тұтыну көрсеткіші ең жоғары елдердің бірі саналады. Еліміздегі су тұтыну деңгейі өзге дамыған елдермен салыстырғанда он есе көп.
Тренингте келесі сөз кезегін алған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің директоры Әлия Мырзағалиева ұлттық жобаның маңызына тоқталып өтті.
– Біз халықаралық қаржы инсти­туттарымен келіссөз жүргізіп, салынған қара­жаттың қайтарымын қамтамасыз ететін, ке­пілді тариф негізіндегі тетік әзірледік. Бұл тәсіл жобаларды жүзеге асы­руға ашық әрі тұрақты жағдай қалыптасты­ра­ды. Сондай-ақ отандық өндірісті дамытуға ерекше мән берілуде. Ұлттық жоба жергілікті өндірушілердің үлесін барынша арттырып, импортқа тәуелділікті азайтып, ел ішінде жаңа жұмыс орындарының көбеюіне жол ашады, – деп сөзін түйіндеді ол.
Тренинг қонақтарының айтуынша, ұлттық жобада төрт негізгі бағыт айқындалған. Олар – инфрақұрылымды жаңғырту, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру, ішкі құндылық үлесін өсіру және халыққа арналған өтемақы тетіктерін енгізу. Бұл бағыттардың табысты жүзеге асуында цифрландыру шешуші рөл атқарады. Жылумен қамту жүйелеріне интеллектуалды есептеу құрылғылары (Smart Metering) мен электр желілеріне «ақылды жүйелер» (Smart Grid) енгізу арқылы 42 пайызға дейін жылу жоғалтуды азайту көзделіп отыр. Барлық коммуналдық желінің цифрлық дерекқоры 2025 жылдың соңына дейін толық жасақталмақ.
Спикерлер жаңғырту жобасын қар­жыландыру үшін әртүрлі құрал пайдаланылатыны жөнінде де сөз қозғады. Жоба мемлекеттік-же­кеменшік әріптестік, концессиялар және «Инвестицияға айырбас – тариф» қағидаты арқылы жүзеге аспақ. Сондай-ақ олар негізгі назар жергілікті тауар өндірушілерге аударылатынын алға тартып, олардың үлесі 2025 жылы 20 пайыздан 2029 жылға қарай 60 пайызға дейін өсетіні жоспарланғанын жеткізді. Энергетика мен коммуналдық секторды жаңғырту бұл тек техникалық жаңару емес, елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтудің және халықтың өмір сапасын арттырудың маңызды қадамы болмақ.

Құралбек СӘБИТОВ