Перейти к содержимому
Главная страница » Қаламгерге құрмет

Қаламгерге құрмет

     Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылында белгілі жазушы, жур­налист Нағашыбек Қапалбек­ұлының 75 жасқа толуына арнал­ған «Тау баласы» атты шығар­машылық кеші өтті. Мерекелік шараға Жамбыл ауданы­ның әкімі Нұрлан Ертас қатысып, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілін мерейтойымен құттықтады.

Шараға келгендер алдымен Үмбетәлі ақынның кезінде өзі тұрған қара шаңырағында Құран оқытып, музейімен танысты. Әдеби-сазды кеш осы ауылдағы ақын атындағы мектепте өтті. Аудан басшысы Нағашыбек Қапалбекұлының бүгінге дейін елуден астам кітап шығарғанын атап өтіп, елі мен жері үшін атқарып жатқан қайраткерлік еңбегіне тоқталды. Ол құрастырып шығарған Жамбылдың 40 томдық, Сүйінбай ақынның 10 томдық жинағы және басқа да талай тарихи тұлға жайлы зерттеулеріне баса тоқталды.
Әдеби кешке Қазақстан Жазушы­лар одағынан бір топ қаламгер арнайы қатысып, мерейтой иесіне деген жылы лебіздерін білдірді. Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Нағашыбек Қапалбекұлының шығарма­шылық жолына тоқталып, оның қазақ әдебиетіне қосқан елеулі үлесін атап өтті. Сондай-ақ филология ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық қыздар педагогика­лық университетінің профессоры Гауһар Балбабаева жазушы шығармашылығы туралы баяндама жасады. Әдебиеттанушы, сыншы Армиялбек Сағындықұлы, «Шалқар» радиосының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Болатбек Төлепберген және ауыл тұрғындары ақ тілегін білдірді. Әріптестері мен замандастары Нағашыбек Қапалбекұлының қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесін, терең ойлы туын­дылары арқылы ұлттық рухты, туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріпте­генін ерекше атап өтті.
Кешті жүргізген Үмбетәлінің неме­ресі, ақын, суретші Әуелбек Ысқақов Нағашыбек ­­Қапалбек­ұлының шығар­малары бүгінгі ұрпақ үшін руха­ни қазына екенін айтты. Оның қала­мы­нан туған әрбір шығарма – адам­дық қадір-қасиетті қастерлеуге, еңбек­ті бағалауға және ұлттық құн­дылық­­­тар­ды құрметтеуге шақы­рады. Кезін­де осы ауылға халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың есімін беруге және музейін ашуға жазушы көп еңбек сіңірген. Мұрағаттан өлең-жырларын жинап, екі томдық шығар­малар жинағын құрастырып шығарды.
Шара барысында жергілікті өнерпаздар қаламгер туындыларынан үзінді оқыды, Үмбетәлі атындағы орта мектеп ұжымы өнер көрсетті. Нағашыбек Қапалбекұлы жас оқыр­мандардың қойған сұрақтарына жауап беріп, ұрпаққа тағылым болар ой-пікірімен бөлісті.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы