Перейти к содержимому
Главная страница » Үздіктер іріктелді

Үздіктер іріктелді

     Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылындағы балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебінде ушу және пенчак силаттан жас­өспірімдер арасында облыс­тық чемпионат өтті.

«Бұл сайыстың мақсаты – үздік шыққан спорт­шыларды Қазақстан құрамасына іріктеу. Олар келер жылы ушу мен пенчак силаттан Азия және әлем чемпионатында бақтарын сынайтын болады», – дейді жаттықтырушы Имаржан Идилаев.
Жарыстың ашылу салтанатына Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орын­басары Ерболат Сарабеков және ардагер-спортшылар қатысып, қатысу­шыларға сәттілік тіледі.
Аталған чемпионатқа облыстың әр аудан-қаласынан барлығы 11 команда қатысып, 430-дай жекпе-жек шебері күш сынасты. Екі күнге созылған сайыс қорытындысы шығып, жеңімпаздар анықталды. Бірінші орынды Талғар қаласының командасы жеңіп алса, екінші орынды Қонаев қаласының жекпе-жек спорт мектебі, ал үшінші орынды Еңбекшіқазақ ауданының спортшылары иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медаль және Алғыс хатпен марапатталды.

Анарбек МӨКІШҰЛЫ