Перейти к содержимому
Главная страница » Жас балуандар белдесті

Жас балуандар белдесті

     Талғар қаласындағы №2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінен 2012-2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында ашық турнир өтті. «AMANAT» партиясының облыстық филиалы мен Талғар аудандық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы ұйымдастырған байрақты бәсекеде облыстың әр өңірінен келген 50 жас балуан бақ сынады.

Турнирді «AMANAT» партиясының облыстық өкілдігі хатшысының міндетін уақытша атқарушы Аслан Көбентаев ашып, өз тілегін жеткізді.
– Қазақ күресі – ұлттық спорт түрі. Бүгінгі таңда қазақ күресіне қызығатын жастар қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Бүгінгі турнир жай ғана спорттық жарыс емес, жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған шара, – деп жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
«AMANAT» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының орынбасары Серік Дүмшібаев та сөз сөйлеп, жасөспірімдер арасында спорттық жарыстарды өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов жас балуандарға арнап жалынды сөз айтты.
– Қазақ күресі – ата-бабамыздан қалған мұра. Кезінде Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарымыз боз кілемде белдесіп, қазақ күресінің нағыз үлгісін көрсетіп кетті. Сол бабаларымыздың күрескерлік мінез, ерлік қасиеттерін бойларыңа сіңіріп, нағыз балуан атануларыңа тілектеспін, – деді еңбек және спорт ардагері. Сондай-ақ жарысқа қатысушыларды №2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айгүл Битуова мен турнирдің бас төрешісі Әділет Ахметов құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Бұдан соң Мемлекеттік Гимн орындалып, жас спортшылар жарысқа шықты. Іле, Талғар, Жамбыл, Қарасай аудандары мен Қонаев және Алатау қалалары­нан келген балалар күрестің жарқын үлгісін көрсетті. Турнир соңында жүлдегерлер «AMANAT» партиясы Талғар аудандық филиалының бағалы сыйлықтары және аудандық дене шынықтыру бөлімінің грамота, медальдарымен марапатталды.
Турнир қорытындысы бойынша 32 кг салмақ дәрежесінде Алатау қаласынан Мәди Тұрсынәлі 1-орынды, талғарлық спортшылар Ерсұлтан Қуанышбай 2-орынды, Дінмұхамед Ауған 3-орынды иеленді. 35 кг салмақ дәрежесінде Іле ауданынан келген Исмат Оразхан 1-орынды, қарасайлық Әлихан Қайратов 2-орынды, талғарлық Амандық Саттар 3-орынды еншіледі. 38 кг салмақ дәрежесінде Алатау қаласынан Әли Жақабай 1-орынды, ілелік Заңғар Сейілбек 2-орынды, қарасайлық Айбат Қонар 3-орынды қанжығалады. 42 кг салмақ дәрежесінде Іле ауданынан Ерхожа Ислам 1-орынды, Алатау қаласынан Нұрислам Шайза 2-орынды және талғарлық Темірлан Көтерме 3-орынды иеленді. 46 кг салмақ дәрежесінде Қарасай ауданынан Рамазан Жамалов 1-орынды, Қонаев қаласынан Айсұлтан Сахан 2-орынды және Іле ауданынан Данияр Серік 3-орынды жеңіп алды.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы