Перейти к содержимому
Главная страница » Жігер жаныған жүздесу

Жігер жаныған жүздесу

    Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылында орналасқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Республика рухы – болашақтың бағдары» тақырыбында тағылымды кеш өтті. Мерекелік жиынға В. Белинский атындағы орта мектептің кадет сыныбы оқушылары шақырылды.

Мемлекеттік Әнұран орындал­ғаннан кейін алғашқы сөз Шамалған ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Баян Рымбаеваға берілді. Ол еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының құқықтық негізін қалаған Егемендік декларациясының мәні мен мазмұнына тоқталды. Осыдан кейін мінберге кештің қадірменді қонақтары – Қазақстанның Құрметті жазушысы, халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері, Қазақ телевизиясының ардагері Жұмаш Кенебай-Көкбөрі, көрнекті ақын, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, ТҮРКСОЙ Жазу­шы­лар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Қуат Қайранбаев көтерілді. Олар сан ғасырлық тарихында жері­нің тұтастығы мен елінің азаттығы жолын­да күрескен қазақ халқы­ның жанқияр ерлігінен бастап, тәуелсіз­дікке жол ашқан Желтоқсан көтерілісі, егемендік нышаны болған Декларация­ның қабылдануы және одан кейінгі азат елдің іргетасын нығайту жолындағы халқымыздың ерен еңбегі жайында кеңінен әңгімеледі.
Кездесу соңында оқушылар келген қонақтарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Кешті қорытындылаған «Атамекен» тарихи-мәдени орталы­ғының директоры Аяужан Сәдуақасова қонақтарға ризашылығын білдіріп, естелік кәдесый табыстады.
Кеш барысында Қарасай аудандық Мәдениет үйінің әншілері Нариман Әбдірахманов, Айсәуле Қайырғазина, Ерлан Әлихан тәуелсіздігімізді дәріптеп, ұрпақты жігерлендіретін рухты әндер орындап, басқосудың сәнін келтірді.

Өз тілшіміз
Қарасай ауданы