Перейти к содержимому
Главная страница » Чемпионды қарсы алды

Чемпионды қарсы алды

    Алматы әуежайында Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиялық ойындардың жеңімпазы Андрей Самаринді жерлестері зор қуанышпен күтіп алды. Ол 67 келі салмақта грек-рим күресінен есту қабілеті бұзыл­ған спортшылар арасында чемпион атанып, ел мерейін үстем етті.

21 жастағы Андрей финалдық белдесуде ирандық Мехди Бакшиді 11:1 есебімен айқын басымдықпен ұтты. Ал финалға дейін қырғызстандык Дінмұхамед Бигелдиевті – 5:2, болгариялық Дилян Димитровты – 8:0, армениялық Жора Григорянды  8:0 есебімен жеңді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Таңатаров оның жетістігін ерекше атап өтті. «Андрей Самариннің жеңісі – көп жылдық еңбектің, жүйелі дайындықтың нәтижесі. Ол табандылық пен өзіне деген сенім ең жоғары нәтижеге жеткізетінін дәлелдеді», – деді ол.
Аталған жарыста қазақстандық грек-рим күресінің шеберлері ел қоржынын үш медальмен толықтырды. Атап айтқанда, 130 келіге дейінгі салмақта Хайратхан Шонқу – күміс, ал 97 келіге дейінгі салмақта Рамазан Абдырасыл  қола медаль алды. Алтыннан алқа таққан Андрей Самарин: «Бұл жеңіс – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Жеке жаттықтырушым Ардақ Молдахметовке, ата-анама, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спортты дамыту дирекциясына және маған қолдау көрсеткен барша отандастарыма алғыс айтамын», – деді чемпион.
Сурдлимпиялық ойындар – есту қабілеті бұзылған спортшыларға арналған ең беделді жарыс, төрт жыл сайын өтетін Олимпиада ойындарының баламасы саналады. Осы жылғы жарысқа 81 елден 3000-нан астам спортшы қатысып, 21 спорт түрі бойынша 209 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан атынан 8 спорт түрі бойынша 78 спортшы бақ сынады. Ауқымды турнир биыл сурдлимпиялық қозғалыстың 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп, ерекше тарихи мәнге ие болды.
Андрей Самарин Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында туып-өскен. Облыстық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша екі жасында алған күйік жарақатының салдарынан мүгедектікке ұшыраған. Күреспен 10 жасынан бастап айналысады. Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер. Қазіргі уақытта Қазақ спорт және туризм академиясының 2-курс студенті.
Бұған дейінгі жетістіктеріне келсек, ол грек-рим күресі және еркін күрестен Қазақстанның 11 дүркін чемпионы. 2023 жылы Бішкек қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты чемпионатында грек-римнен I орын, еркін күрестен II орынға ие болды. Сол жылы тағы да Қырғызстан астанасында жалауы желбіреген жарыста грек-рим және еркін күрестен әлем чемпионы атанды. 2024 жылы Малайзия елінде еркін күрестен 63 келі салмақта Азия-Тынық мұхит ойындарында I орын алды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл  ауданы