Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданын аралады. Шелек, Масақ, Нұрлы ауылдарында болып, ондағы әлеуметтік нысандардың жай-жапсарымен танысты. Құрылыс жұмысы жүргізіліп жатқан ғимараттарды көріп, нысандардың сапалы әрі уақытылы қолданысқа берілуі керектігіне баса назар аударды.
Облыс әкімі сапарын Шелек ауылында күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан модельді ауылдық кітапханадан бастады. 2025 жылға арналған мәдениет нысандарын жаңғырту жоспарына енген кітапхананың жалпы көлемі – 524,4 шаршы метр. Былтыр ақпан айында «Consulting Company KZ» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, қаржы облыстық бюджеттен толықтай бөлінген. Бүгінде ғимараттың ішкі әрлеу жұмысы аяқталып, су жүргізіліп, кәріз жүйелері, газ қазандықтары орнатылған, едендері құйылып, электр жүйелері жасалған. Кітапханаға қажетті жиһаз, басқа да заттар түгел алынған. Тек ғимаратты қоршау мен сыртқы жөндеу жұмысы толық аяқталса, нысан ақпан айында қолданысқа берілмек.
«Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деп Мемлекет басшысы айтпақшы, жалпы қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға атсалысып, ауылдарда барынша жағдай жасауымыз керек. Шелек ауылдық кітапханасы оқырманның ойынан шығып, жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына мол мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев.

Идеологиялық саясатты жүргізу, мәдениетті қоғам қалыптастырып, өнерлі ұрпақ өсіру үшін ауылдарда кітапхана, Мәдениет үйі сынды нысандардың болуы әрі тұрақты жұмыс істеуі маңызды. Осы орайда Шелек ауылындағы Мәдениет үйінің орны ерекше. 1962 жылы бой көтерген ғимараттың жалпы аумағы – 1089 шаршы метр, 250 көрермен сиятын үлкен залы бар. Аудандағы ауқымды мәдени іс-шаралар, шығармашылық кештер мен концерттер жиі өткізілетін бұл орын – ауыл тұрғындары үшін өнер мен руханият ордасы. Бүгінде мұнда жастардың талантын ұштап, шығармашылық қабілеттерін шыңдайтын 10 үйірме тұрақты жұмыс істеп келеді. Аймақ басшысы 2011 жылы күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйінің жағдайымен танысып, өңірдегі өзге мәдениет ошақтарымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары деген баға берді.
«Өнер, білім бар жұрттар тастан сарай салғызды» деп жырлап, халықты білім мен өнерге үндеген қазақтың көрнекті ағартушы-педагог, жазушысы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп жұмыс сапарының келесі нысаны болды. 1963 жылы салынған бұл білім ошағында былтыр күзде күрделі жөндеу жұмысы басталған. Мердігер мекеме – «KARATZ» ЖШС. Құрылыс жұмысын биыл жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарланған. Нысанды аралап шыққан облыс әкімі білім ошағын кеңейту үшін жанынан салынып жатқан үш қабатты, 400 орынды оқу ғимаратының жай-жапсарымен танысты.
Іссапар барысында Марат Сұлтанғазиев Шелек ауылында орналасқан №11 өрт сөндіру бекетінде болды. Негізі 1949 жылы қаланып, 2009 жылы жөндеу жұмысы жүргізілген бұл өрт сөндіру бекетінің қызмет көрсету аймағына Шелек өңіріндегі 11 ауылдық округ, 36 ауыл кіреді. Қазір мұнда 25 адам жұмыс істейді, жеті көлік бар, оның төртеуі негізгі өрт сөндіру көлігі, бір арнайы өрт сөндіру көлігі және екі қосалқы көлік бар.
Қазіргі таңда негізгі әлеуметтік мәселенің бірі – тұрғын үй мәселесі. Осы орайда аймақ басшысы Шелек ауылындағы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналып салынған үйлерді де аралап көрді. Құрылыс сапасымен танысып, жоғары бағасын берді. Әрі аудан әкіміне: «Осындай үйлерді Шелек ауылындағы 2024 жылы ғана қолданысқа берілген 900 орынды үлкен мектептің айналасына көбірек салу керек. Халықты мектептердің жанына көбірек шоғырландыру қажет», – деп тапсырды.

Былтыр ауданда халықтың әлеуметтік осал топтарына арналып 377 үй салынған. Ал Шелек ауылы бойынша мемлекет тарапынан 52 тұрғын үй сатып алу үшін жалпы 863,5 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын таппақ.
Шелек ауылынан кейін іссапар көршілес жатқан Қаражота, Қазтай Ұлтарақов және Нұрлы ауылдарының білім ошақтарында жалғасты. Былтыр ғана қолданысқа берілген Қаражота орта мектебі заманауи үлгіде салынып, робототехника, STEM, шеберхана, қыздар жұмыс істейтін ас бөлме мен тігін бөлмелері, мәжіліс залы залы, хореография, музыка, барлық пән кабинеттері де қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Осы орайда облыс әкімі Марат Елеусізұлы: «Заманауи технологиямен толық жабдықталған мектепте зертханалар мен шеберханаларда теориялық білімін практикамен ұштастыра отырып, балалар бәсекелестікке қабілетті болып өседі», – дей келе, Қаражотаның жанында жатқан Сарыбұлақ пен Ақтоған ауылдарының жоғары сынып оқушыларының жаңа мектепте білім алуына мүмкіндік жасау жолдарын қарастыруды тапсырды. Қаражота ауылдық округіне қарасты Сарыбұлақ ауылының орта мектебі 4 ғимараттан тұрады. Бұл ғимараттар 1931-1967 жылдар аралығында салынған. Жалпы алаңы – 1 350 шаршы метр. Жобалық қуаты 180 орынға арналған. Бүгінде 193 оқушы білім алып жатыр. Мектеп салынған уақыттан бері күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Бүгінде мектепке қосымша 180 орынға арналған жапсаржай салу қажеттілігі туындап отыр.
Сол секілді Ақтоған ауылындағы білім ошағы да 1979 жылы және 1983 жылы салынған екі ғимараттан тұрады. 83 орынды мектепте 170 бала білім алып жатыр. Спорт, акт залдары, асхана жоқ. Балаларға ыстық тамақ беруге мүмкіндік жасалмаған. Мектеп күрделі жөндеуден өтпеген. Апатты корпус орнына жаңа мектеп ғимаратын салу қажет.
Ал 1975 жылы салынған Қазтай Ұлтарақов ауылындағы мектепке былтыр күзде күрделі жөндеу жұмысы басталып, бүгінде толық аяқталды. Әкім жұмыс барысымен танысып, жоғары бағасын берді. Алдағы бір-бір жарым айда мектептің материалдық базасы түгенделген соң балалар оқуын жаңарған білім ордасында жалғастырмақ. 280 орынға негізделген білім ордасында бүгінде 451 оқушы бар.
Марат Сұлтанғазиев Нұрлы ауылындағы орта мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысымен де танысты. 1985 жылы салынған бұл білім ордасындағы оқушы саны – 281. Былтыр күзде басталған жөндеу жұмысы осы жылдың мамыр айында толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы
