Перейти к содержимому
Главная страница » Ұлт перзенті – ұрпақ жадында!

Ұлт перзенті – ұрпақ жадында!

    Қонаев қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 114 жыл толуына орай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Еске алу шарасына облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов, қала ақсақалдары, мәдениет саласының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.
Жиналған жұртшылық қазақ халқының дара перзентінің ел дамуына сіңірген ерен еңбегін еске алып, оның мемлекет басқарудағы кемел саясаты мен адами болмысына тоқталды. Дінмұхамед Ахметұлының қайраткерлік жолы елге адал қызмет етудің, парасат пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі екені атап өтілді.
Шара барысында қатысушылар ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлғаның рухына тағзым етті.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туған жері Балқаш ауданында да еске алу шарасы өтті. Рәсім аудан орталығына кіреберісте орналасқан Д.Қонаев атындағы саябақтағы ұлы тұлғаның тұғырлы ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Онда қайраткер рухына тағзым жасалғаннан кейін жиналған көпшілік аудан әкімдігі жанындағы тұлға ескерткішіне келіп, мұнда да гүл шоқтарын қойып, қазақтың дара перзентін еске алды.
Шараға алыс-жақыннан арнайы келген қонақтар Мәдениет үйіне жиналып, аудандық кітапхана қыз­мет­керлері ұйымдастырған көр­мені тамашалады. Ондағы Димекең жайында жазылған кітаптарға үңіліп, мектеп оқушыларының ұлы тұлға жайында жатқа оқыған өлеңдерін тыңдады.
Дана халықтың дара перзентіне арналған «Заманның заңғар тұлғасы» тақырыбында өткен кеште Балқаш аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Бақанас» театрының өнерпаздары Димекеңнің өмір жолы мен қызметі жайында койылымды сахналады.
Еске алу шарасында сөз сөйлеген Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов пен облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Әнуар Мұхтарханұлы қайраткердің ел-жұртына сіңірген еселі еңбегін тілге тиек етті.
Дана халықтың дара ­перзент­і­­не арналған кеш Жамбыл аудан­дық «Сүйінбай сазы» халық­тық фольклорлы-этнографиялық ансамблінің және Балқаш өңірі өнерпаздары әуелете шырқаған әсем әндер мен мың бұралған бишілердің өнерін тамашалаумен жалғасты. Мәдени шара соңында «Ақ отау» мейрамханасында ұлы тұлғаның рухына арнап ас беріліп, Құран бағышталды. Жайылған ақ дастарқанның басында да Димекең жайында естеліктер айтылды.
Кие қонып, бақ дарыған қасиетті Балқаш тарихында «Елу жыл ел ағасы» атанған Дінмұхамед Қонаевтың есімі алтын әріптермен жазылған. Олай деуіміздің себебі, көзі тірісінде еңбекқорлық пен адалдықтың симво­лын көрсетіп, халқының қадірлі, ұлтының ұлы перзентіне айналған Димекеңнің туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігі, Балқаш өңіріне, оның ішінде «Ақдала алқабының» игерілуіне сіңірген еңбегі орасан зор. Сол себепті де, ауданда жыл сайын Дінмұхамед Ахметұлының туған күнін жоғары деңгейде атап өтіп, жас ұрпаққа ұлы тұлғаның дара жолын насихаттау қанымызға сіңген қасиет. Тіршілігінде-ақ әулие атанған Дінмұхамед Ахметұлының ел-жұртына сіңірген өлшеусіз еңбегін, мемлекетіміз­дің дамуына қосқан елеулі үлесін жастарға насихаттау – баршамызға ортақ парыз.

Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Қонаев қаласы,
Балқаш ауданы