⚠️ Ауа райы табылмады.
Сәрсенбі, Сәуір 22, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕР ЖӘНЕ ЖАМБЫЛ ФЕНОМЕНІ

    24.01.2026
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕР ЖӘНЕ ЖАМБЫЛ ФЕНОМЕНІ
    0
    SHARES
    89
    VIEWS

    Өткен 2025 жыл еліміздің өмірінде, қазақ қоғамында Абай жылы ретінде тарихқа енді. Қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, хакім Абайдың 180 жылдық торқалы тойын мемлекеттік деңгейде, ұлттық ауқымда атап өттік. Биыл – жыр алыбы Жамбыл жыраудың да 180 жылдық мерейтойы. Атақ-даңқы әлдеқашан әлем жүзін аралап кеткен, қолымызда қалған мәңгілік рухани мұрасы алыстан көз тартатын айыр көмей, абыз ақынның, жыр жампозы, жырау Жамбылдың мерейжасын алты алаштың баласы түгел бас қосып, атап өтетініне күмәнім жоқ.

    Қазақ ұлты, қазақ елі дарындарға, таланттарға кенде болған емес. Әсіресе, әдебиет және өнер саласында. Осы бағытта қазақ руханиятының бай да байтақ тарихын мақтанышпен айта аламыз. Ұлт руханиятының ұлы ұстындарының бірі – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті қазақ әдебиеті. Ал қазақ әдебиетінің алтын діңгектері – Абай, Жамбыл, Махамбет. Бірнеше мыңжылдықтан тамыр тартатын ұлттық поэзиямызды, яғни түркілік поэзияны халық ауыз әдебиетін, фольклорды, ұлан ғайыр жыраулық мұрамызды аттап өтіп, әңгіме өрбіту мүмкін емес.
    Мұхиттай терең халық ауыз әдебиетін, әлемдік деңгейге кетіп қалған ұшы-қиыры жоқ бай фольклорымызды айтпағанның өзінде, бес ғасырға жуық дәуірлеген жыраулық поэзиямызға ғана тоқталсақ, туған әдебиетіміздің терең тарихы көз алдымызға келеді. Жыраулық поэзияның біздегідей көтерілген деңгейін бірде-бір бүгінгі түркі халықтарының әдебиетінен таппайсыз. Бұл – бұлтартпас шындық. Жыраулық поэзияның классикалық үлгісін тек қана қазақ жыраулары мен жыршылары дүниеге келтірді.
    XV және XX ғасырлардың арасында шарықтап көтерілген, қазақы дүниетаным мен қазақы поэтикалық көркемдік қабылдаудың ең бір ғажайып туындыларын туғызған қазақ жыраулары өткен ғасырдың ортасында өздерінің тарихи миссиясын аяқтады. Жыраулық поэзия, әсіресе, өз алдымызға бөлек мемлекет болып өркендеген хандық дәуірімізде айрықша жарқырап көрінді. Сыпыра жыраудан бастап Асан Қайғы, Ақтамберді, Бұқар, кешегі Махамбет жырау, Жамбылға дейінгі алыптарымызды санамалап шыққанның өзінде, әдебиетіміздегі осынау феномендік көркемдік құбылыс болған поэтикалық үдерісті ой елегінен өткізуге болады. Біз соның бір белесіне ғана, яғни жыр алыбы Жамбылдың шығармашылығына ғана сабақтастырып әңгіме өрбітуді мақсат еттік.
    Осы орайда Жамбылдың алдында жыраулық өнердің баға жетпес үлкен мектебі жатқанын да ұмытпауымыз қажет. Соның бірі Жетісу ақындық мектебінің алтын діңгегі болған (Мұхтар Әуезовтің бағасы) Сүйінбай ақынның да әсер-ықпалын аттап кете алмаймыз. Сүйінбай Аронұлының тұтас қазақ ауыз және жазба әдебиетіндегі, қазақ поэзиясындағы тарихи орнын бағалағанда, оның қазақтың сан ғасырлық жыраулық дәстүріндегі өлшеусіз еңбегін ұмытпауымыз керек. Сүйінбай, әрине, қазақ әдебиетінің өлең, жыр және айтыс жанрында үлкен мектебін қалыптастырды. Бұл мектептен тәлім, тағылым алған, үйренген, шығармашылығына дарытқан қаншама айтулы қазақ ақындары өз туындыларында жаңа табыстарға қол жеткізді. Сүйінбай ақын Оңтүстік, Шығыс, Орталық Қазақстан елін түгел аралап, күллі қазақ жұртын өз өнерімен сусындатты. Өзіне дейінгі ақындардан өз атасы Күсептің жырларын, Жанкісі жыраудың дәстүрін тереңдете меңгерді. Аға буын ақындардан Қабан жырау (Қабылиса), Жанақ, Түбек, Шөжелермен қатар ғұмыр кешті, талай өнер сайыс­тарына қатысты.
    Өзімен тұстас Майлықожа, Майкөт, Қаңтарбай, Тезекбай, Бақтыбай, Қатаған сияқты өнер майталмандарымен жолы­ғысқан, біразымен айтыс өнерін­де сайысқа түскен. Осынау әдеби орта Сүйінбай шығармашылығына, әсіресе оның жыраулық дәстүрдегі туындыларына ерекше әсер еткен. Айталық, Сүйінбай – халық батырларын биік көркемдік деңгейге көтеріп, олардың дара образдарын сомдап, бейнелеп, елге үлгі етіп, қаһармандық жырлар толғаған эпик ақын. Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Тотан, Ботпай, Бөлтірік, Жабай, Мүйізді Өтеген батырлар туралы жырлар шығарған. Жыраулық дәстүрдің басты белгілерінің бірі – авторлары, яғни жыраулар өз туындыларын таңды таңға ұластырып, күнді күнге жалғап жырлайтын болған. Ел сілтідей тынып, жыраудың өнерін жалықпай, сүйсіне тыңдауды өздеріне абырой санаған.
    Хандық дәуірде, әсіресе, өнердің осы түрі елге кең жайылды. Атақты жырауларымыздың әйгілі эпостық жырларды – «Көрұғылы», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Қосай», «Қырымның қырық батыры», тағы да басқа күллі түркі жұртына ортақ көркемдігі аса құнды айтулы эпостық туындыларды түгелдей жырлап бере алған. Сүйінбай заманында да әйгілі жыраулық дәстүрдің туын биік ұстаған, болашақ ұрпаққа аманат етіп табыстаған бір шоғыр ақындарымыз да осынау жыраулық дәстүрімізге адал болған. Сондықтан да қазақ поэзиясында, жалпы қазақ әдебиетінде Сүйінбай ақын қалдырған жыраулық дәстүр оның шәкірттерінің шығармашылығында да жаңаша түрленіп, жаңа поэтикалық арнада жалғасын тапты. Соның бірі – Жамбыл шығармашылығы.
    Мен мақаламды ұстазым, жамбыл­тануға теңдессіз үлес қосқан, олжа салған саңлақ ғалым, профессор Мырзатай Жолдасбековтің бірауыз сөзімен бастағым келіп отыр. Тура осыдан отыз бес жыл бұрын Мырзатай ағамыз Жамбыл шығармашылығынан докторлық еңбегін қорғады. Бішкек қаласында. Алматыдан арнайы академиктер – Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішев ағаларымыз барып сөз сөйледі, баталарын берді. Жамбыл туралы тұңғыш қорғалып жатқан докторлық жұмыс болғандықтан. Сонда ұстаздарының шапанын көтеріп, бірге ілесіп орта буыннан ғылым докторлары – Рымғали Нұрғалиев, Сейіт Қасқабасовтар да жүрді. Оларға ілесіп бір топ шәкірті, жас ғалымдар – Жаңғара, Зейнол, мен және Қамбар Керейқұлов бірге бардық. Қырғыздың төрінде, Бішкектің аспанында Жамбыл бабамыздың есімі, атақ, абыройы, жырлары асқақтап, қол жетпес шырқау биікке көтерілді.
    Қырғыз Ұлттық ғылым академия­сында қырғыз-қазақ ғалымдары бас қосқан сол алқалы жиында мінберге көтерілген Мырзекең өз баяндамасын былай деп қорытындылады: «Жамбыл – халық мүддесін ғасырлар бойы армандаған қажымас қамқордың дәстүріндегі жыршы, елдің мұңын мұңдаған мүддегер, жыраулықтың көшпелі академиясы, ойшыл, даныш­пан ақын, туған халқының ар-намысы, үні, жүрегі және ақиқат шындығы. Ол – эпик әрі айтыс ақыны, абыз жырау, жауынгер жыршы, шын мағынасындағы заңғар поэзияны жасаушылардың ең ұлысы. Жамбыл­дың құдыреті оның осындай асқан шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған алып бәйтерегі болуымен де, халық ақындарының жаңа көшін бастаған даралығымен де әлемді таң қалдырған болатын. Байтақ қазақ даласын жырға кенелткен, осы бір теңдесі жоқ өнерді биікке көтерген, ілгері дамытқан даңғыл жыраулардың ең соңғы үздігі – Жамбыл!» – деді.
    Әрқашан тереңін қазып, тамырын аршып, шешен сөйлейтін, төгілте баяндайтын, тосыннан қиыстыра білетін Мырзекең Жамбыл феноменінің алтын өзегін дәл ұстап, дәнін қолға ұстатқандай айтты. Сүйсінбеске амалың жоқ. Жамбылдың жыраулық дарынын, жыраулық поэзияға қосқан баға жетпес олжасын ақынның өнерпаздық қырының ең басты қасиеті ретінде неге айшықтап айтамыз? Оның сыры тереңде!
    Жамбылтану ғылымы – ешқашан тоқтамайтын, суалып бітпейтін, таусылмайтын мәңгілік тақырып. Оның мұхиттай терең түбіндегі інжу-маржанын әр ұрпақ, әрбір замана көшіне келетін келесі буын өз биігінен зерттейді, зерделейді. Өзіне керегін алады, үрім-бұтағына аманаттайды. XXI ғасырдың ұрпағы біздер де өз сөзімізді айтамыз, саралаймыз, жүрек көзінен өткіземіз.
    Бәрімізге белгілі, ғасырдан-ғасырға жалғасып, атадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ сөз өнерінің айшықты бір саласы – телегей-теңіз жыраулық поэзия. Сақ, Ғұн дәуіріндегі, ар жағына бармай-ақ, берідегі Түркі империясы тұсындағы Йолығ-тегін, Тоныкөк, Қазақ хандығы салтанат құрған жүз жылдықтардағы жырауларымыз: Сыпыра, Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Доспамбет, Жиембет, Бұқар, Махамбет, Шөже, Майкөт, Марабай, тағы басқаларын атауға болады. Жыраулар көшін ары қарай да жалғастырып, тамырын түркілік мыңжылдықтарға тереңдетуге негіз бар.
    Қазақ жыраулары – тарихты түптеп таратып айтатын шежірешілер, миллион­даған жыр жолын жадында сақтай алатын құдіреттер, Ұлы даланың ұлы тарихын таңнан таңға ұрып, сағаттап жырлап, тыңдарманын үйіріп, селт еткізбей уысында ұстап отыра алатын сөз сиқырының иелері.
    Жамбыл да күллі мұсылман жұртына кең тараған, әлемдік рухани мұраның үздік үлгілері болып табылатын Шығыстың қисса, дастан­дарын, лиро-эпостық жырларын, әйгілі туындылар «Көрұғылы», «Манас батыр», «1001 түн», «Шахнаме», «Ләйлі-Мәжнүн», «Орақ-Мамай», «Сейіт-Баттал», «Тотыкамал», «Қыз Жібек», «Едіге», «Шора Батыр», «Қабанбай», «Бөгенбай», «Ерназар мен Бекет» және өзінің төл дастандары «Сұраншы батыр», «Өтеген батырды» да ұзақ-ұзақ жатқа айтатын болған. Жыраулардың барлығына табан астында суырып салып айта жөнелетін төкпелік, тапқырлық, көріпкелдік, данагөйлік, яғни импровизаторлық өнер тән. Керек болса, Жамбыл әрбір дастанын жырлағанда шабыт орайына қарай тыңдарман ортасына байланысты дастандарының бірнеше нұсқасын айтатын болған.
    Осы орайда ақындық өнер тарихын терең зерттеген біртуар ғалым, академик Есмағамбет Ысмайыловтың төмендегі пікірінде жыраулық поэзияға кең, ауқымды баға берілген. Профессор: «Жыраулар да ақын, көркем сөз шығарушы, өнерпаз, ауыз әдебиетінің өкілдері. Жыраудың ақыннан өзгешелігі – шығармаларының сарыны мен тақырыбы бірыңғай болып келуінде. Адам баласындағы қайғыны, зарды, ел ішіндегі ауыртпалықты толғау, әлеуметтік, елдік мәселелерді көтеру, болашақты болжап, ақыл айтып, батагөйлік ету, шешендік түйіндер жасап, терең ой қозғау – жыраулардың дәстүрлі ерекшеліктері», – деп атап көрсетеді. Сондықтан да бүкіл ел жыраулардың айтқанына құлақ түріп, әрбір сөзіне тоқтайтын болған. Ханнан бастап қарашаға дейін. Рухани байлықтың, ақындық өнердің ең биік шыңы жыраулық поэзиядан көрініс тапқан.
    Ел тағдыры, ұлттық мүдде, елдің ауыз­бірлігі, тұтастығы, халықтың болашағы туралы айтылатын жыр-толғау­лар да жыраулық поэзияның тұсында шарықтау биігіне көтерілген. Қазтуғанның, Ақтамбердінің, Доспамбеттің, Бұқар жыраудың, Махамбеттің, Сүйінбайдың толғау­ларында, өлең-жырларында елдік, ұлттық тақырыптан басқа тақырыптарды таппайсыз. Ұлттық сарын, ұлттық рух, ұлттық мүдде, тәуелсіздік үшін күрес – жыраулық поэзияның ең басты арқауы. Алтын діңгегі.
    Ал енді Жамбыл жырларын, әсіресе, толғаулары мен дастандарын алсаңыз да дәл осылай. Жамбыл ақындығының ең басты арнасы, алтын жүлгесі – ұлт тағдыры, ел тағдыры. Жамбыл өз шығармашылығына елдік мүдде, ұлттық сана, ұлттық құндылық биігінен көз салады, толғанады, алдымен халық тағдырын жырына арқау етеді. Ақынның суреткерлік таным көкжиегі кейде одан да биік деңгейге, жалпы адамзаттық құндылықтар деңгейіне дейін көтеріледі. Бейбіт өмірді мұрат ететін, күллі адамзаттық аңсарды, гуманизмді жырлайтын әйгілі «Ленинградтық өренім» жыр-толғауының әлем тілдеріне аударылуы – соның бір ғана мысалы.
    Әлемдік деңгейдегі шынайы гуманист тұлғалар қазақ жыраулары болған. Солардың бірі әрі бірегейі – ұлы жырау Жамбыл. Даналықтан тұратын, данагөй жырдың тұнығын ғана ағыл-тегіл төгетін табиғи таланттың иесі Жамбылдың барлық жанрдағы туындыларын алып қарасаңыз, ақынның әр алуан тақырыптарды толғағанын аңғарамыз. Өсиет, ұлағат, тәлім-тәрбие, тағылым тақырыбын былай қойғанда, бір ғана ерлік, батырлық, халықтық тақырыпты көтеретін Жамбылдың қос дастаны «Сұраншы батыр» мен «Өтеген батыр» эпостық жырлары – жыраулық поэзияның ең үздік үлгілері. Екі дастан да тұнып тұрған тарих. Ел тарихы, ұлт тарихы.
    Автор эпостық таным, эпостық поэтика биігінен ой толғап, өз туынды­ларында халық тағдырын тарихи ретроспектива аясында суреттейді. Тарих көші мен ұлтының жүріп өткен жолын бас кейіпкерінің тағдыр жолымен тұтастыра, тоғыстыра бейнелегенде, бір халықтың тарихи тағдыры көз алдымыздан өтеді. Метафоралық теңеулер арқылы қазақ даласындағы барлық тарихи жерлер мен тарихи оқиғаларды қамтып, айшықтап жеткізетін дастан жолдарын тебіренбей қабылдау мүмкін емес.
    «Өтеген батыр» жырын Жамбыл:
    Қырғауыл ұшып, қаз қонған,
    Аққу келіп, жаз болған,
    Алтайға қара маралды!
    Балығы таудай тулаған,
    Бақасы қойдай шулаған,
    Шортаны шоршып ойнаған,
    Алтын қаймақ Аралды.
    Қазақ бұрын құл болған,
    Күн көруге мұң болған.
    Күнді көрдік, ел болдық,
    Асу бермес, өр болдық.
    Осы бақ қонған таңымда,
    Саған да ортақ, маған да!» – деген жыр жолдарымен аяқтайды.
    Ақтамберді, Қазтуған, Жиембет, Марқасқа, Бұқар, Майлықожа жыраулар үлгісімен, жыраулық сарында, философиялық астармен толғап, адам өмірінің әрбір белесін өлең жолдарына түсіреді.
    Жалпы жыраулық поэзияда замана көшіне, яғни уақыт пен кеңістік аясындағы қоғам дамуына, сол қоғамда тіршілік кешетін адам пенденің өз ортасымен, тарихи оқиғалармен қарым-қатынасына, өмір белестеріне құрылатын өлең-толғаулар, сюжетті дастандар көп кездеседі. Сондай өлең-толғаудың үлгілерін Сүйінбайдан да жиі кездестіреміз. Мысалы, бір толғауында:
    Ақын боп жиырмада желдей
    болдым,
    Отызда асқар биік белдей
    болдым.
    Отыз асып, қырыққа
    келгеннен соң,
    Қаптаған жердің жүзін селде
    болдым.
    Қырықтан асып, елуге келгенне соң,
    Түбім терең, құрақты
    көлдей болдым.
    Елу асып, алпысқа келгеннен соң,
    Салынды суға ілінген сеңдей болдым.
    Алпыс асып, жетпіске келгеннен соң,
    Тап-тақыр ел жайлаған жердей болдым, – деп өз өмірінің әрбір белесі­не поэтикалық, метафоралық сөз тіркестеріне жүгіне отырып, мағынасы терең ой өрбітеді. Адам тағдырын табиғат құбылыстарына теңейді.
    Замандасы Майлықожа Сұлтанқожа­ұлы да алдыңғы аға буын жыраулардың салып кеткен дәстүр арнасын жалғастырып:
    Жиырма жасқа келгенде
    бұлақтайсың,
    Жиырма бес – жанып тұрған
    шырақтайсың.
    Отыз жас – ер жігіттің дер кемелі,
    Мысалы, көлге біткен құрақтайсың.
    Отыздан отыз беске келгеніңде,
    Мысалы, байлаудағы пырақтайсың.
    Қырықтан қырық беске келгеніңде,
    Байлауда мінілмеген құр аттайсың, – деп адам жасының әрбір кезеңіне тоқталып өтеді.
    Осыдан кейін Жамбылдың жыраулық поэтикалық дәстүрді жалғастырушы тұлғасы, жаңаша, жаңғырта, түрлендіре тереңдеткен, өркендеткен ақындық қасиетін де еріксіз мойындайсыз. Сыпыра жырау, Қазтуған, Ақтамберді, Доспамбет, Бұқар, Махамбет жыраулардың қолтаңбасы Жамбыл жырларында қайта тіріледі, қайта көктейді, жаңа заман, жиырмасыншы ғасыр көгінен қайта үн қатқандай көрінеді. Сондықтан да Жамбылдың жыраулық поэзиясын XX ғасырдың бірінші жартысында барлық қырымен жарқырай көрінген, күллі адамзаттың өркениет биігіне көтерілген, көркемдік, әдеби құбылыс немесе тұтас ғасырдың феномені десек, артық айтпаймыз.
    Осы пікірімізді ғалым, фольклорист, академик Сейіт Қасқабасов та шегелей түседі. Өзінің «ХХ ғасырдың ұлы жырауы» атты Жамбылдың күллі поэзиясын талдайтын, саралайтын көлемді мақаласында: «Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлеңмен өткізген Жәкең екі ғасырдың куәсі ғана болған жоқ. Оның жүз жылғы өмірі, шындап келгенде, екі ғасырға тең еді. Өйткені Жамбыл тарихта сирек кездесетін, мүлде қарама-қарсы екі заманды көрді. Ол Қазақ хандығының жойылғанын, елінің отарлыққа түскенін, қазақ даласына Ресейдің әкімшіл-отаршыл басқару жүйесін орнатқанын, сонымен қатар көрші жатқан Қоқан хандығы жасаған жаугершілігін көрді. Қызыл империяның шовинистік қатыгез саясаты мен Алаш арыстарының көпе-көрнеу, жазықсыз атылғанын көрді. 1920-30 жылдары үш миллион қазақтың қолдан жасалған аштықтан қырылғанын көрді. Сол себепті Жамбылдың «Кең жатқан байтақ-ұлан шежіремін, тарихтың домбырасын қолына алған» деп айтуы тегін емес. Осы көргені мен білгенінің бәрін Жәкең өз поэзиясына арқау еткен, оны бірде жырау болып, бірде жыршы ретінде, бірде ақын болып жырлаған, толғаған, суреттеген», – дейді. Ғұлама ғалымның осы тереңнен қамтып, дәл тауып айтқан ауқымды сөзі – Жамбыл феноменіне берілген әділ баға.
    Төкпе ақын, айтыс өнерінің де ақтаңгері, толғау, терме жанрының да шебері Жамбыл жыраудың басқа да бағыттағы құнды мұрасын тереңдеп қамтып айта беруге болады. Біз осы жолы осынау асыл мұраның бір ғана қырына – ақынның жыраулық өнеріне ғана атбасын бұрдық. Телегей теңіз мұраның қалған қырларын әдебиет тарихы, әдебиеттану ғылымы әлі де ұзақ жыл зерттейтін болады.

    Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
    Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
    Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы,
    филология ғылымдарының докторы, профессор

    Соңғы жаңалықтар

    Зейнетақы саласындағы ынтымақтастық
    22.04.2026
    Жастар орталығы ашылды
    22.04.2026
    Ел алдындағы есеп
    22.04.2026
    Глава государства подчеркнул недопустимость избирательного подхода в экологических вопросах
    22.04.2026
    Президент призвал к последовательному соблюдению норм Устава ООН
    22.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>