Мен тұрақты оқырман ретінде Алматы облыстық «Алатау арайы» газетін отбасымызбен жылда жаздырып аламын. Жасы 60-тан асқан замандастарым кезінде газет-журналды басымызға жастап оқитын едік. Сол әдет әлі күнге сақталып, облыстық газетпен дос болғаныма талай жылдың жүзі болды.
Аталған басылым өңірдің бүкіл тыныс-тіршілігін көпшілікке жан-жақты жеткізіп тұрады. «Алатау арайы» газетінің маған ең ұнайтыны – соңғы беті. Онда поэзия, өнер саңлақтары туралы көкейге қонымды материалдар беріледі. Жас таланттардың өлеңдері мен қысқа әңгімелері де көңіл көншітерлік.
Өзім де музей ардагері, Қазақстанның үздік өлкетанушысы ретінде аудан, облыс көлемінде тарихи тұлғалар мен жер-су аттары жайлы мақалалар жазып тұрамын. Шабыттанған сәттерде өлең де шығарамын. Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың ұрпағы әрі осы музейдің бұрынғы басшысы ретінде «Алатау арайы» газетінің ұжымына Үмбетәлі туралы, музейдің жұмысына қатысты жиі мақала жариялап тұрғандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын.
Атап өткенімдей, «Алатау арайында» ақын-жазушылар, белгілі тұлғалар туралы мақалалар жүйелі шығады. Сонымен қатар қаншама қылқалам шеберлері кенеп бетіне облысымыздың көркем табиғатын, атақты тұлғалардың бейнелерін салып, көптеген көрме өткізіліп жүр. Алдағы кезде осы дарынды суретшілер жайлы да газетке ауқымды материал жариялап, көпшілікке паш етсеңіздер, нұр үстіне нұр болар еді.
Газет ұжымына шығармашылық табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!
Әуелбек Ысқақов,
ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі,
Жамбыл ауданының Құрметті азаматы




