Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа Конституцияның жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Конституциялық өзгерістерді халықтың талқысына ұсыну – Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» құруға бағытталған саяси реформаларының жалғасы.
Мемлекеттік биліктің заңдылығы оның легитимділігінен білінетінін ескерсек, 15 наурызда өтетін референдумның басты құндылығы легитимділігінде болып отырғанын ешкім теріске шығара қоймас. Өйткені заңнамалық өзгерістерді халық өзі талқылап, өзі қолдап, өзі бекітеді. Констиуцияның әр бабына енгізілетін өзгеріс ел болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан мұндай шешімді халықтың қабылдауы – мемлекеттің әділетті әрі өркениетті жолға қадам басқанының айғағы.
– Ата заңға түзету енгізу халықтың тілегінен туындаған деуге толық негіз бар. Өйткені уақыт талабына сай Конституция да халықтың талап-тілегін ескеріп, елдің мүддесіне қызмет етуі тиіс. Конституцияға енгізілген өзгерістің бірі – Парламентті «Құрылтай» деп атау. Бұл атау – Ұлы даланың төл мәдениетінен шыққан ел басқару институты. Онда ортақ мүдделер талқыланып, маңызды шешімдер қабылданған. Ендігі жерде атауы ауыстырылатын құрылым партиялық тізім бойынша жасақталмақ. Партияішілік іріктеуден іркілмей өткен үміткерлер саяси додада партияның алған дауысына сәйкес мандатқа ие болады. Мұның саяси бәсекені арттырып, партиялардың белсенді жұмыс істеуіне септігін тигізетіні сөзсіз. Жаңа Ата заң жобасында Мемлекет басшысының вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, Жоғарғы аудит палатасының 8 мүшесін Құрылтайдың келісімімен тағайындайды. Ғасырлар бойы ата-бабамыздың арман-тілегі болған егемендікті көздің қарашығындай сақтау бүгінгі ұрпақтың еншісінде десек, жаңа Ата Заң жобасында тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін одан әрі берік ету көзделгені анық көрініп тұр. Мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, өкілеттіктерді нақтылауға, Парламенттің рөлін күшейтуге, сот жүйесін жетілдіруге және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған оң өзгерістер соны көздейді. Сонымен қатар ел азаматтарының конституциялық құқығын қорғау, заң үстемдігін нығайту, әлеуметтік кепілдіктерді нақтылаудың басты назарда болуы заманауи басқару үлгісін орнықтыратыны анық, – дейді «Ауыл» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қанат Бекеев.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған саяси реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Енді Президент бастамалары конституциялық деңгейде бекітілмек. Ата Заңға өзгеріс енгізу жөніндегі Референдум өткізу әділетті қоғам құру жолындағы батыл шешім болды десек, артық айтқандық болмас.
– Жаңа Конституцияның қабылдануы құқықтық жүйені жаңғыртуға және қоғамдық қатынастарды реттеудің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам саналады. Өйткені Конституция – заңдар жиынтығы ғана емес, мемлекет пен азамат арасындағы өзара жауапкершілік пен сенімнің құқықтық негізі. Ата Заңның жаңа жобасында адам құқығы мен бостандығына басымдық берілуі құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді. Сот жүйесінің тәуелсіздігі мен ашықтығын күшейту, халыққа есеп беретін мемлекеттік басқару механизмдерін бекіту қарастырылған. Бұл азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге және олардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік әділеттілік, тең мүмкіндіктер және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нормалар қамтылған. Мұндай қағидаттар қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға септігін тигізеді.
Қазіргі кезде жаңа Констиуция жобасы қызу талқыланып, қоғамдық сенімге ие болып отыр. Сарапшылар да оң баға беруде. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, көпшіліктің талқысына салынып қабылданған шешімнің қателігі болмайтыны даусыз, – деді Қонаев қаласының Құрметті азаматы Амангелді Дәнібекұлы.
Референдум – халықтың өзі үшін ортақ таңдау жасайтын сындарлы сәт. Ол халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтып, мемлекеттің халыққа деген жауапкершілігін айқындайды. Себебі оған мемлекеттің тағдырына бейжай қарамайтын еліміздің әрбір азаматы үн қосады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




