Халық сүйіспеншілігіне бөленген біртуар ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқымайтын қазақ кемде-кем. Ақын жүрегін жарып шыққан жалынды жырлар көңіл пернесін дөп басып, жаныңа майдай жағып, сырласуға шақырып тұрады. Осыған орай, облыс әкімдігінің қолдауымен Қарасаз ауылында өткен «Жырлайды жүрек» әдеби-сазды кеші ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың рухына тағзым етіп, оның мәңгілік мұрасын дәріптеуге арналды.
Айтулы шарада келген қонақтар ең алдымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев рухына тағзым жасап, ақын бюстіне гүл шоқтарын қойды. Ақын мұражайында оқушылар жырдан шашу шашып, келген қонақтарға экспозицияларды таныстырды.
Одан кейін жиналған қауым ақын Еркін Ібітанов атындағы Мәдениет үйінде бас қосты. Кештің шымылдығы «Нұрғиса мен Мұқағали» қойылымымен ақынның туған жерге деген сүйіспеншілігін айқындайтын өлеңдерін «Хантәңірі» халық театры әртістері мюзикл жанрында көрермендерге тарту етті.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, тектінің тұяғы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарова, «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, қоғам қайраткері Тоққожа Естенов, Түрксой Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет және басқа да белгілі қаламгерлер, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Алғашқы құттықтау сөзін алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев:
– Қарасаз төрінде бас қосқан қымбатты қауым! Сіздерді қазақ поэзиясының заңғары, руханияттың мәңгілік шырақшысы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай шын жүректен құттықтауға облыс әкімі Марат Елеусізұлының атынан келіп отырмын. Өлеңнің киесі жетелеп, тек облысымыздың тұрғындары емес, Алматы қаласынан ел ағалары келіп отыр. Бәріңізге алғысымды айтамын. Ақиық ақын Отанға, туған еліне деген сүйіспеншілігін, махаббатын өлеңге айналдырып, миллиондаған оқырманның жүрегін жылытты. Өмірінің соңына дейін жырлаған ақынның шығармашылығы ұлттық әдебиетіміздің мәңгілік қазынасына айналды, – дей келе асылдың сынығы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарованың иықтарына шапан жауып, сый-құрмет көрсетіп, ықылас гүлін табыстады.
Сөз кезегін алған ақын Ұлықбек Есдәулет Түрксой Жазушылар одағының Құттықтау хатын оқып, Мұқағали Мақатаевтың әдеби- мемориалды мұражайдың директоры Ерлік Ахметовке табыстай келе, Жұлдыз Мұқағалиұлы мен ақын Батық Мәжитұлын ақын Абай Құнанбаевтың 180 жыл толуына орай, «Хәкім Абай» атындағы алтын медальмен марапаттады.
Асылдың сынығы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарова сахна төріне шығып, жылы лебіздерін білдірді. Кеш барысында «Мұқағали» қорының төрағасы Бақытгүл Айдарова ақын шығармашылығына ерекше сіңірген еңбегі үшін ақын Ұлықбек Есдәулетке «Мұқағали» төсбелгісін табыстады.
Әдеби-сазды кеш аясында ақжолтай жаңалықтың бірі, облыс әкімінің қолдауымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туралы «Тәңірқұты» атты естеліктер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың тұсаукесер рәсімін облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Түрксой Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, қоғам қайраткері Тоққожа Естенов, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай, ақындар Маралтай Райымбекұлы, Бақыт Беделхан, Жұлдыз Мұқағалиұлы жасап, құтты болсын десті.
Шараның ең тартымды тұсы «Жырлайды жүрек» атты поэтикалық қойылымы болды.
Бұдан бөлек, әдеби-сазды кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәкен Майғазиев, Айгүл Иманбаева, Қуандық Қыстықбаев, театр және кино актері Асан Мәжит, «Қоңыр» тобы, сондай-ақ Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының әртістерімен өңір өнерпаздары ақын сөзіне жазылған әндерді орындап, кештің сәнін аша түсті.
Ақын өлеңдерінде көркем сөздің күші ғана емес, жүректен шыққан шынайы сезім, өмірге деген құштарлық бар. Өлмес өлеңімен жалпақ елінің жүрегіне жол тауып, бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленген ұлт перзентінің ұрпаққа ұран болған жырлары жыл өткен сайын жастармен бірге жаңарып, жыл өткен сайын кейінгі жаңа толқынмен биіктеп барады.
Осылайша, мұқым елдің Мұқағалиға деген ілтипат-құрметінің бұрынғыдан жоғары екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ,
Райымбек ауданы




