Үшінші жыл қатарынан Қазақстан шахмат федерациясы ҚР Парламенті Сенатының қолдауымен «Senat Open» ашық шахмат турнирін өткізіп келеді. Бұл сайыс Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, құқық қорғау ұйымдары саласының қызметкерлері, ардагерлер мен әйелдер арасындағы арнайы аталымдар бойынша ұйымдастырылады.
Қарасай ауданындағы «Нұр-Аман» спорт кешенінде осы турнирдің Алматы облысы бойынша іріктеу кезеңі өтті. Турнирдің ашылу салтанатында Алматы облыстық мәслихатының депутаты Лаззат Тұрлашов құттықтау сөз сөйлеп, бас төреші Виктор Панов жарыстың өту тәртібі мен ережесін түсіндіргеннен кейін 10+5 (біріншісінен бастап әр жүріске 5 секунд қосу арқылы партияға 10 минут) рапид уақыты бақыланатын швейцариялық жүйе бойынша 9 кезеңнен тұратын сайыс басталды.
Соңғы кезеңге дейін рейтингтік фаворит Мағжан Мұратұлы жеңіліссіз ойын көрсетті. Райымбек ауданынан келген Шапағат Әділбек одан жарты ұпай артта қалды. Талғарлық Владимир Беломоин мен Асқар Разақов арасындағы 3-орын үшін талас Бухгольц коэффициенті бойынша біріншісінің пайдасына шешілді. Командалық есептегі жеңісі үшін кіші кубокты Талғар ауданының шахматшылары – Владимир Беломоин, Асқар Разақов, Долкунжан Розиев, Ахат Солтанқұлов және Болатжан Данаев жеңіп алды.
Жеке және командалық сайыс жеңімпаздарынан басқа, жүлделерге тоғыз арнайы аталым бойынша үздіктер де ие болды. Соның ішінде Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің Талғар ауданындағы меншікті тілшісі, әріптесіміз Құтмағамбет Қонысбай БАҚ өкілдері арасында бірінші орын иеленіп, маусым айында Өскемен қаласында өтетін жартылай финалға жолдама алды. Ол енді өзге де 40 шахматшымен бірге Алматы облысының намысын қорғайтын болады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, диплом және Алғыс хатпен марапатталды.
Өз тілшіміз
Қарасай ауданы




