Технология қарыштап дамыған заманда тілдің тазалығы мен сөздің құны ұмыт қалмауы керек. Өйткені тіл – қоғаммен, заманмен бірге дамитын, үнемі өзгеріп, толығып тұратын жанды құбылыс. Сондықтан ана тіліміз цифрлық дәуірде сан ғасырлық сыр-сипаты мен мән-мағынасын бұзып алмай, саф күйінде сақтала отырып, жаңа көштің де қарқынына ілесе білуі маңызды. Осы орайда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің бастамасымен аудандарда ұйымдастырылып жатқан тіл фестивалі Еңбекшіқазақ ауданында да өз мәресіне жетті.
«Сөз құндылығы цифрлық дәуірде» деген тақырыппен Тұманбай Молдағалиев атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен шараға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Салтанат Беспаева, аудан әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков, зиялы қауым өкілдері, депутаттар, тіл мамандары, өңір тұрғындары мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.
Қонақтар жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт руханиятына құрмет көрсетті. Одан кейін Мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған мазмұнды көрмелерді тамашалады. Мұнда Есік өлкетану музейі мен Ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер музейінің көшпелі экспозициялары қойылып, тарихи жәдігерлер мен ұлттық қолөнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Рухани қазынаның ордасы, тіл мен сөздің сыр сандығы – кітапханалар екенін ескерсек, технология дамыған заманда мұнда да көп өзгеріс орын алып жатыр. Кітап қорларын сандық форматқа көшіріп, оқырман қажет ақпаратқа барынша жеңіл, әрі тез қол жеткізуі үшін еңбектеніп жатқан аудандық кітапхана да көрмеде өз жұмысын таныстырды.
Ғылыми-танымдық көрме қатарын жалғаған аудан мектептеріндегі жас өнертапқыштардың тың жобалары мен шығармашылық жұмыстары фестиваль қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Цифрлық технологиялардың қыр-сырын саралап, сөздің құдіреті мен құнын насихаттауға бағытталған жобаларын О.Жандосов, Төле би, И.Шорманов, Қ.Орымбетов атындағы орта мектептер, №6 қазақ орта мектеп-лицейі, Шелек және Өрікті ауылдарының қазақ орта мектептерінің оқушылары ұсынды. Жаңа технологияның тілін тауып, оны ана тілімізді терең таныту құралы ретінде пайдаға асыра алған өрендер күн санап жаңарып жатқан ІТ саласының мүмкіндіктерін тиімді игеріп, қазақ тіліндегі цифрлы контентті дамытуға өзіндік үлес қосып келеді.
«Сөз құдіреті» танымдық жобасында оқушылар қазақ тіліндегі сөздердің этимологиясын ролл ап, слайд, ойын түрінде ұсынды. QR-мен әр сөздің мағынасын оқып, нақты мысалдар келтірді. «Stories of Steppes» and «QazComics» жобасымен дайындалған қазақ, ағылшын тілдеріндегі комикстерді де телефоннан оқуға болатынын алға тартты. Балалардың бірі электронды кітап ұсынса, енді бірі әдебиет әлеміндегі қазақтың көрнекті тұлғалары мен олардың шығармаларын аудио құрылғыға енгізіп қойған. Ал тағы бірі жасанды интеллектің көмегімен қазақша мультфильмдер дайындаған. Сонымен қатар робот құрастыруды, 3D модельдеуді меңгерген оқушылар да өз жұмыстарын көпшілікке көрсетті.
«Үлкен жобалар кішкентай қадамдардан бастау алады. Оқушылардың жаңа технологиялардың тетігін таба отырып, тілімізді насихаттауға, өрісін кеңейтуге деген осынау қызығушылығына қолдау танытып, үлкен қадамдарға қазірден бағыт-бағдар көрсетуіміз керек», – деген тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Салтанат Дауысбекқызы оқушылармен жеке-жеке тілдесіп, олардың жобаларына оң бағасын берді. Сондай-ақ білімге құштар өрендердің жасап жатқан жұмысы кеңінен насихатталып, қатарластарына үлгі-өнеге болуы керектігін де тілге тиек етті.
Фестивальдің шымылдығын ашып, қонақтарды құттықтаған басқарма басшысы: «Сөз құндылығы цифрлық дәуірде» жобасы Алматы облысы әкімінің бастамасымен Қонаев қаласында бастау алып, этнос өкілдері тығыз қоныстанған бес ауданда жалғасын тауып жатыр. Цифрлық технология дамыған, жасанды интеллект қарқын алған дәуірде мемлекеттік тіліміздің тасада қалмай, бірге дамуы, интернет әлемінде қазақтілді сапалы ақпарат санының артуы, қазақ тілінде сөйлеушілер қатарының көбеюі маңызды. Бұл – тіл мәртебесінің бір көрсеткіші. Сондықтан Алматы облысында тіл саясатын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді», – дей келе, өңірде тілдерді дамытуға арналған мәдени-танымдық жобаларға атсалысып, мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетуге барынша үлесін қосып отырған аудан азаматтарын марапаттап, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Алғыс хатын табыстады.
Ақпарат алмасу жылдамдығы жылдан-жылға қарқындап барады. Осындай тұста айтылған, жазылған әр сөздің жүгі, сөйлеушінің жауапкершілігі, ақпарат айдынындағы тіл мәдениеті, ақпарат сапасы бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Қазіргі интернет әлемі, әлеуметтік желілерде сөз мәдениетін қалыптастыру, ұлттық құндылығымыз – ана тіліміздің тазалығын сақтау – әрқайсымыздың борышымыз.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ



