⛅
7°C
Қонаев
Сенбі, Сәуір 18, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Кім жынды?

    Кеген халық театры терең ойға қалдырды

    18.04.2026
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет
    Кім жынды?
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Өнер кейде сахнадан сөйлейді, кейде жүректен. Ал кейде ол қоғамның үнсіз қалған шындығын айқайламай-ақ, бір ауыз сөзбен, бір образбен, бір тағдырмен жеткізе алады. Тараз төрінде өткен республикалық театр фестивалінде Кеген халық театрының бас жүлдені иеленуі – жай ғана шығармашылық табыс емес, ұлттық өнердің ауылдағы алтын арқауы әлі үзілмегенінің, сахна құдіретінің адам жанын әлі де толқыта алатынының айқын дәлелі. Әсіресе, «Кім жынды?» спектаклі арқылы бүгінгі қоғамның жанды жарасына айналған жетім­дік, жалғыздық, қарттар тағдыры, қара шаңырақтың қадірі, отбасы құндылығы секілді өзекті мәселе­лердің көтерілуі бұл жеңістің мазмұнын тіпті тереңдете түсті.

    Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы мен Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған моноспектакль жанрындағы республикалық театр фестивалі ел ішіндегі халық театр­ларының шығармашылық деңгейін саралаған, рухани кеңістіктің тамырын басқан тағылымды мәдени жиын болды. Өнер додасына Қазақстанның әр өңірінен келген 10 халық театры қатысып, ұлттық сахна өнерінің бүгінгі тынысын танытты. Осындай тағылымды додада Алматы облысының Кеген халық театры Ернат Ысқақтың идеясы негізінде қойылған «Кім жынды?» спектаклімен сахнаға шығып, көпшілік көңілінен де, қазылар таразысынан да жоғары баға алды. Қойылымның өзегі – жай драмалық тартыс емес, бүгінгі қоғамның жанды жарасына айналған күрделі мәселелер. Спектакль көрерменге дайын жауап ұсынбайды, керісінше, адамды өз-өзіне қаратып, «Жынды кім?» деген сұрақтың астарына үңілуге ой тастайды. Нәтижесінде, Кеген халық театры фестивальдің бас жүлдесін иеленіп, 300 мың теңгелік сертификатты қанжығасына байлады. Бұл – ел ішіндегі өнердің әлі де қоғамға сөз айта алатынын көрсеткен мерейлі белес.
    Бұл қойылымның шын салмағы оның сахналық шешімінде ғана емес, көтерген жүгінде жатыр. Спектакльде бүгінгі қоғамның жанын ауыртқан, бірақ көп жағдайда ашық айтылмайтын мәселелер кеңінен қозғалған. Қойылым идеясының басты мұраты – көрерменге бүгінгі заманның ең өзекті әлеуметтік һәм рухани түйткілдерін ой салу арқылы жеткізу.


    – Бүгінде қоғамда жетімдер, қарттар үйлерінің көбеюі, ата-анасын мейірім­мен емес, міндетпен қабылдайтын кереғарлық – ең ауыр рухани дағдарыстың бірі. Кешегі қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық еді. Ал бүгін ше? Жатырдан шыққан сәбиді жетімдер үйіне тапсыру, ақ сүтін берген ата-ананы қарттар үйіне өткізе салу – қазақы болмысқа жат, ұлттық рухқа сын түсіретін құбылыс. Міне, «Кім жынды?» осы сұрақтарды көрерменнің алдына көлденең тартады. Шын мәнінде жынды кім? Ауруханада отырған адам ба, әлде мейірімнен айырылған қоғам ба? Өмірден түңілген жан ба, әлде тірі жүріп, жүрегін жоғалтқан пенде ме? Сахнадағы кейіпкер ме, әлде өз туғанын танымай кеткен уақыт па? Қойылым осы бір ауыр сұрақтарды қалың көрерменнің көңіліне үнсіз ғана емес, ащы шындықпен, ішкі дірілмен, жанайқаймен жеткізе білді деп ойлаймын, – деп пікір білдірді идея авторы Ернат Ысқақ.
    Қойылым арқау еткен тағы бір өзекті мәселе – отбасы институтының әлсіреуі. Қазіргі таңда ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасатындардың көбейіп бара жатқаны – қоғам үшін өте алаңдатарлық жағдай. Бүгінгі кейбір жас үшін шаңырақ көтеру – жауапкершілік емес, бір сәттік шешімге айналып бара жатқандай. Ал оның зардабын ертең кім тартады? Әрине, ең алдымен – бала. Әке мейірімін аңсаған ұл, ана жылуын іздеген қыз, толық емес отбасында өскен ұрпақ. Спектакль осы түйткілді де айналып өтпейді. Өйткені бүгінгі ажырасудың артында тек екі адамның тағдыры ғана тұрған жоқ. Оның көлеңкесінде тағдыр тәлкегіне түскен бала, жаралы сана, болашақ қоғамның әлсіреген іргесі тұр.


    Қойылымдағы ең бір шымыр әрі шыншыл тақырыптың бірі – ауыл тағдыры. Қара шаңырағын тастап, үлкен қалаға үдере көшкендердің өмірі бүгінгі қазақ қоғамының ең ащы шындықтарының біріне айналды. Ауылдағы ата-анасын, туған топырағын, кіндік қаны тамған мекенін қиып кетіп, Алматыға арман қуып келгенімен, екі қолға бір күрек таба алмай, жат өмірдің жағасында сенделіп жүрген тағдырлар аз емес. Бұл – тек әлеуметтік мәселе емес, бұл – рухани тамырдан ажырау. Ауылдан көшу – кейде тек мекен ауыстыру емес, кейде қара шаңырақтың отын сөндіру, ата дәстүрдің үзілуі, ұрпақтың өз тегінен біртіндеп алыстауы. Қойылымда осы шындық өте әсерлі өрілген. Онда жалғыз қалған аналар, қартайған әке-шешесін қараусыз қалдырған перзенттер, өз өмірін өзі көтере алмай жүрген жалғызбасты жандар, үмітпен қалаға барып, бірге адасып кеткен тағдырлар сахна тілімен шынайы жеткізілген. Мұндай тақырыптар – бүгінгі қазақ қоғамының ең осал тұсына тиетін, бірақ айтуға тиіс шындықтар.
    – «Кім жынды?» спектаклін көріп отырып, еріксіз терең ойға баттық. Бұл жай ғана сахналық қойылым емес, бүгінгі қоғамның шындығын бетке айтқан туынды болды. Жетімдер үйі, қарттар үйі, ата-анадан алыстау, отбасы құндылығының әлсіреуі секілді мәселелер өте әсерлі жеткізілді. Кей сәтте өзіңді сахнадан емес, өмірдің өзінен көргендей күй кешесің. Осындай ойлы да салмақты қойылым ұсынған Кеген халық театрына ризашылығымыз зор. Бұл жеңіс – әбден лайықты жеңіс, – дейді ауыл тұрғыны Жақсылық Нүсіпханұлы.
    Кеген халық театрының бұл жолғы жеңісі – кездейсоқ келген олжа емес. Бұл – жылдар бойы үзілмей келе жатқан өнер дәстүрінің, сахнаға деген адалдықтың, халықтық театр рухының заңды жемісі. Қойылымның сахналық болмысын айшықтауда Құсайын Дастан, Өмірбек Біржан, Тоқтарбай Дархан сынды өнерпаздардың еңбегі ерекше. Олар сахнада кейіпкер ғана ойнаған жоқ, қоғамның жанайқайын жеткізді. Сонымен қатар қойылымның идеялық өзегін қалыптастырған Ернат Ысқақтың ізденісі мен азаматтық ұстанымы бұл жеңістің басты арқауының бірі болды. Өнер – тек көңіл көтерудің құралы емес. Өнер – ұлттың жадын жаңғыртатын, рухын тірілтетін, қоғаммен сырласатын құдірет. Осы тұрғыдан келгенде, Кеген халық театры Тараз төрінде жүлде алып қана қойған жоқ, қазақ қоғамының көкейіндегі көп сауалды сахна тілімен сөйлетті. Сахна сөйлеген жерде қоғам үнсіз қалмауы керек бүгінгі заманда! Көп нәрсе жылдам өзгеріп жатыр. Бірақ өзгермеуі тиіс құндылықтар бар. Ол – ата-анаға құрмет, перзентке жауапкершілік, ауылға адалдық, қара шаңыраққа ие болу, отбасының қасиетін сақтау, адамдық мейірімді жоғалтпау. «Кім жынды?» спектаклі осы құндылықтардың әлсіреп бара жатқанын еске салады. Бұл сұрақты бір кейіпкерге емес, түгел қоғамға қояды. Сондықтан Кеген халық театрының бас жүлдесі – жай ғана марапат емес. Бұл – сахнадан айтылған шын сөздің жеңісі. Бұл жеңіс қазақ театрының тек көркемөнер емес, қоғамдық ардың мінбері екенін тағы бір мәрте танытты.
    «Кім жынды?» қойылымы көрерменге дайын жауап ұсынған жоқ, бірақ осындай ашық сауал арқылы терең ойға қалдырды. Шын өнердің құны да осында! Тараз төрінде топ жарған Кеген халық театры осы жолы тек бас жүлде алып қайтқан жоқ, елге ой салып, руханияттың шамын тағы бір мәрте жақты. Бұл – өнердің де, елдің де мерейі!

    Индира БІРЖАНСАЛ
    Кеген ауданы

    Соңғы жаңалықтар

    Ұзақ батырдың шоқпары
    18.04.2026
    Ел іші – өнер кеніші
    18.04.2026
    Қарқарадағы жыр кеші
    18.04.2026
    ҰШАР ТАЗЫ
    18.04.2026
    Кім жынды?
    18.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>