Әлемде сан алуан ит тұқымы бар, солардың ішінде тазының орны ерекше. Халқымыз ежелден тазыны жоғары бағалап, оны жеті қазынаның бірі ретінде дәріптеген.
Қазақ халқы ықылым замандардан бері тазы жүгіртіп, қыран құс салып, аңшылықты кәсіп әрі өнер ретінде ұстанғаны белгілі. Тіпті, қиын-қыстау кезеңдерде тазының көмегімен талай ауыл аштықтан аман қалғаны жөнінде деректер айтылады. Сондықтан халқымыз бұл ит тұқымын ерекше қастерлеген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде 2022 жылдан бастап қазақы ит тұқымдарын сақтау, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі қолға алынды. Сол жылдар бедерінде тиісті заңдарға өзгерістер енгізіліп, тазы стандарты бекітілді. Ал Халықаралық кинология федерациясы тазы итін ресми түрде мойындап, Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берді.
Тарихи деректерге сүйенсек, «тазы» сөзі парсы тілінде «епті», «шапшаң» деген мағынаны білдіреді екен. Ал кейбір деректерде халқымыз «таза» деген сөзбен үйлестіріп айтқан деген ұғым бар. Мен бүгінгі әңгімемді тазы иттердің тұқымын ғылыми тұрғыда зерттеу үшін жазып отырған жоқпын. Керісінше, біздің әулетімізге айрықша еңбегі сіңген, отбасымызда ерекше орны бар тазы тұқымды Ұшар атты итіміз жайында кеңінен сыр шертуді мақсат еттім.
Дәуітбай атамның Ұшар атты тазысы болды. Ол өзге иттер сияқты адамға еркелеп, қозы-лақ баққанда бізбен бірге ілесіп, өріске бармайтын. Ал атам атқа мінсе, орнынан атып тұрып ілесе жөнелетін. Ұшардың ерекше ерлігін көріп таңдай қаққаным бар. Ол кезде 3-сыныпты аяқтаған кезім. Әкем Мейрамбек «Ақкөл» кеңшарындағы фермада жылқышы болды. Жайлауды жайлаған малшылар қатар-қатар қоныстанатын. Біздің үйдің оңтүстік жағына Кеңесхан жездем мен Жәміш әпкемнің, күнбатыс жағында әкемнің бірге туған бауырындай жақсы көретін інісі Серікбай аға мен Бағила жеңгемнің киіз үйі тігілген.
Жаз мезгілінің аптап ыстық күндерінің бірі еді. Ұшар отын тиелген арбаның астында еш қамсыз жатты. Бір кезде ауылға жарыса шауып атты кісілер келді. Олардың соңынан сегіз ит ілесіпті. Әлгі иттер арба астында жатқан Ұшарға бірден тап берді. Сол сәтте Ұшар азулы тістерімен бірін желкеден, екіншісін алқымнан алып, жан-жаққа лақтыра бастады. Атқа мінген әлгі ағалар да Ұшардың мықтылығына қайран қалып, алғырлығына сүйсініп тұрды. Сол сәтте атам қолындағы таяғын Ұшарға жабылып жатқан иттерге лақтырып жіберді де, атты кісілерге қарап: «Не, қызық көріп тұрсындар ма?» – деп дауыс екпінін көтере сөйледі. Атамның көмекке келгенін көрген Ұшар одан әрмен ызаланып, тістерін ақситып, желке жүні тікірейіп, әлгі иттерді қуып жүріп талады. Ал жолаушылар өздерін кінәлі сезініп, атамнан кешірім сұрап, қарияны ренжітіп алдық-ау деп күңкілдесіп жатты.
Ұшардың жасаған тағы бір ерлігін айтайын. Бір күні шартақтың астында атам қасқырдың терісін кергішке салып, тартқылып отырды. Атамның қасына Кеңесхан жездемнің ағасы Қайым ата келді. Екі қария аман-саулық сұрасқан соң, Қайым ата: «Пах, шіркін, мынау нағыз көкжал қасқырдың терісі ғой. Қашан ұстағансың?» – деп сұрады. Сонда атам: «Иә, дұрыс айтасың, бұл – нағыз көкжалдың өзі. Осыдан екі күн бұрын тырнауына қақпан құрғам, кеше түнде түсіпті. Бұл мені өлтіріп кете жаздады ғой», – деп атам өзінің басынан өткен бір сұмдық оқиғаны баяндады.
«Таңертең әдеттегідей сауын сиырларды өріске айдап, қайтар жолда қақпанды көре салайын дедім. Барсам, қақпан жоқ. Айналаны шолып, із шалдым. Қасқыр қақпанды сүйретіп қалың мия өскен шабырға кіріп кеткендей көрінді. Ит те сол мияның ішінде жатқанын сезді ме, танауын көтеріп қарап тұрды. Содан қойшы, ақырындап мен де солай беттедім. Бір кезде астымдағы есек екі құлағын елеңдетіп, тоқтай қалды. Ақырын тебініп, қамшы басып көріп ем, орнынан тапжылмады. Ұшар да қалың шөптің арасына мойнын созып үрді де, ақырындап оңға қарай бауырлап жылжып барып, жата қалды. Сөйтсем, ол пәле тура қарсы алдымда жатыр екен. Орнынан атып тұрғанда есегім жалт бұрылды. Есектен құлап бара жатқанда үзенгіден аяғымды алып үлгердім. Жалма-жан басымды көтеріп, қасқыр қайда тұр деп жан-жағыма қарасам, жыртқыш пен Ұшар алысып жатыр екен. Қасқырды тура алқымынан алыпты. Сонда да ол бой бермей артқы аяқтарымен Ұшардың бөксесін итеріп, алдыңғы бір аяғымен желкесінен басып алыпты. Ал бір аяғында қақпан. Тазы иттердің бір жақсы қасиеті – алқымнан тістесе, ол жерден оңайлықпен айырылмайды. Итімнің мықтап ұстап тұрғанына көз жеткізіп, таяғымды алып, асықпай тізерлеп отырып қара тұмсықтан екі рет ұрдым. Екінші соққы дәл тиді. Бірден сылқ етіп, сол сәтте жан тапсырды. Ал сол жерде ит болмағанда, ендігі менің ыстық бауырсағымды жеп, сорпамды ішіп, жоқтау айтып отыратын едің», – деп атам мыжырая күлді.
Бұл оқиғаны естіп отырған Қайым ата: «Ойпырмай, сені Құдай сақтаған екен. Ал сол жерде ит болмаса, не болар еді?» – деп басын шайқап, таңданып отырды. Сонда атам: «Мен есектен құлап, қасқырдың назарын аудардым, сол сәтті ұтымды пайдаланған Ұшар оның алқымынан алып үлгерген. Әйтпесе, кез келген қасқыр итке алқымынан оңай алдырмайды», – деп атам итінің алғырлығын айтып, мақтай жөнелді.
Қыс айларында жылқышылар Елтай деген қыстауға қоныстанады. Сол жылы Ұшар қатты ауырды. Денсаулығы сыр берген адал итіміз үй алдында тігулі тұрған киіз үйдің іргесіне келіп, тұмсығын бауырына тығып, күн көзіне қыздырынып жатуды әдетке айналдырды. Ұшардың арқасында бармақтай жарақаты болды. Оған атам жақпамай жағып жүрді. Ары-бері өткенде басынан сипап қоятын. Ұшардың сырқаттанғанын естіген атамның күйеубаласы Мұздыбай ата тазы иттің күшіктері деп, жеті бірдей күшік беріп жіберіпті. Біреуі еркек, ал қалғаны ұрғашы болды. Еркек күшік Ұшарға ұқсайтын ақ сары түсті, ұрғашы күшіктің біреуі көк ала, қалғаны аппақ еді. Біз мектеп жасында болғандықтан, көп ұзамай оқуға кеттік. Көктемгі демалыс жеткенде тағы да малды ауылға бардық. Өкініштісі, әлгі күшіктердің бәріне жұқпалы кесел тиіп, олардың бірі де қалмапты. Ал Ұшар сол жатқаннан мол жатыпты. Атам одан кейін де бірнеше итті аңшылыққа баулыды. Бірақ олар Ұшардай алғыр, азулы болған жоқ. Ұшар иттің сырттаны, нағыз жеті қазынаның бірі еді.
Кейінгі жылдары елімізде ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, саятшылық өнерін дәріптеу мақсатында көрмелер ұйымдастырылып жүр. Ондай іс-шараларда Ұшарға ұқсайтын тазы иттерді көрсем, бірден ит иесінің қасына барып: «Бұл иттің аты Ұшар ма?» – деп сұраймын. Бірақ олардың аты көбінде Ақтұйғын, Ақборан, Тарзан, Арлан болып келеді. 2017 жылы Қаскелең қаласының маңындағы тау шатқалында аудандардың мәдени күндері өтті. Іс-шарада саятшылар көрмесі ұйымдастырылды. Сол жерде Ұшарға ұқсайтын тазыны көріп, иесінен итінің атын сұрадым. «Бұл иттің аты Ұшар», – деп жауап бергенде қатты қуанып кеттім. Менің бала кезімде шаңырағымыздың қазынасы болған Ұшар есіме түсіп, атамды ойлап, көңілім босап, жанарыма жас толды.
Иә, Ұшар атамның сенімді серігі, ең адал досы еді. Олай дейтінім, атам аңға шыққанда үнемі қасында жүрді. Алысқа сапар шегіп, үйге жете алмай далада түнеген кездерінде серік болды. Ұшар үйге атамнан бұрын келетін. Оның ошақ қасында жүргенін көрген анам: «О, атам келе жатыр», – деп шайын қойып, дастарқан әзірлей жөнелетін.
Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Балқаш ауданы



