Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық баға жетпес байлығымыз саналады.
Ел тұрақтылығы мен бірлігін сақтауда этномәдени орталықтардың рөлі зор. Олар түрлі шараның ұйытқысы болып келеді. Міне, сондай тағылымды шараның бірі Қарасай аудандық «Ахыска» түрік этномәдени орталығы жанындағы аналар кеңесінің төрағасы Гульханым Уришанованың ұйымдастыруымен өтті.
Қаскелең қаласындағы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында «Тілін құрметтеген ел өзін құрметтейді» тақырыбында этнос өкілдерінің оқушылары арасында өткен байқауға жастар белсене қатысты.
Шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, этнос жастары арасында қазақ тіліне деген құрметті қалыптастыру, тіл арқылы достық пен бірлікті нығайту, сондай-ақ жас ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамыту болды.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар квиз сұрақтарына жауап берсе, екінші кезеңде көркем сөз оқу арқылы қазақ поэзиясын мәнерлеп жеткізді.
Шараға Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Қарасай аудандық филиалының меңгерушісі Жанар Оразалиева, Қарасай аудандық «Ахыска» түрік этномәдени орталығының төрағасы Илимдар Камилов, сондай-ақ мектеп ұстаздары мен этнос өкілдері қатысты.
Байқау нәтижесінде оқушылар өз өнерлері мен білімдерін жоғары деңгейде көрсетіп, шараға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Аталған шара – этнос жастарының басын қосып, мемлекеттік тіл арқылы достық пен өзара түсіністікті насихаттады.
Алма ЕСЕНБАЙ
Қарасай ауданы




