Кеген ауданында көрнекті қаламгер, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Жақыпжан Нұрғожаевтың 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
Ауқымды шараның алғашқы күні мерейтой иесін жерлестері Кеген ауылының кіреберіс қақпасынан айрықша ықыласпен қарсы алды. Ақ дастарқан жайылып, ұлттық дәм ұсынылып, әуелеген ән мен жүрекжарды лебіздер тойдың көркін аша түсті. Одан кейін Жақыпжан Мысабекұлы бастаған зиялы қауым өкілдері Қарқарадағы шекара бекетіне арнайы барып, ел тыныштығын күзетіп тұрған сарбаздармен мазмұнды кездесу өткізді. Бұл басқосу елге қызмет етудің маңызын ұлықтап, жас буынға рухани серпін берді. Мерейтой аясындағы маңызды шаралардың бірі – Кеген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде грек-рим күресінен өткен турнир. Жарыс жас ұрпақты спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, елге еңбегі сіңген тұлғаға деген құрметтің айқын көрінісіне айналды. Турнир қорытындысында Жақыпжан Мысабекұлы бастаған қаламгерлер жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты түрде марапаттады. Шаралар легі мерейтойдың мән-маңызын арттырып, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Коворкинг орталығындағы «Өнегелі өмір – өрелі сөз» атты сыр-сұхбатта қаламгерлер – Аршагүл Тойбай, Кәдірбек Құныпияұлы, Қуат Қайранбаев мерейтой иесінің өмір жолы мен шығармашылығы туралы тағылымды ой-пікірлерін ортаға салды. Одан кейінгі іс-шара Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінде жалғасты. Сондай-ақ бұл күні Ө.Жаңабаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіне жазушының есімін беру салатанаты өтті. Шараға аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев бастаған зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Оқушылар Жақыпжан Мысабекұлына деген жүрекжарды арнауын ұсынып, қонақтармен мазмұнды сұхбат өрбітті.
Қаламгердің мерейтойы аясында өткен «Ұрпақтар сабақтастығы: жасыл жол» атты ағаш егу акциясы да ерекше мазмұнымен көпшіліктің көңілінен шықты. «Жастар» аллеясында аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы, жазушы Жақыпжан Нұрғожаев, қоғам қайраткері Тоққожа Естенов, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Кәдірбек Құныпияұлы, Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар, Жетісу облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Жұматай Әміреев, сондай-ақ мекеме басшылары мен аудан жастары бірлесіп ағаш көшеттерін отырғызды. Табиғатты аялауға бағытталған бұл игі бастама жас ұрпаққа жасыл мұра қалдырудың маңызын ұғындырды.
Осылайша, үш күнге жалғасқан мерейтойлық шаралар легі аудандық Мәдениет үйінде өткен «Жаны жайсаң Жақыпжан» атты әсерлі шығармашылық кешпен қорытындыланды. Кеш барысында ел-жұрты қаламгерге айрықша құрмет көрсетіп, ат мінгізіп, ақ жаулықты аналар шашу шашып, ақ тілектерін арнады.
Шара шымылдығын Кеген халық театрының әртістері ашып, қаламгер шығармаларын тебірене оқыды. Олар поэзияның терең иірімдерін сахнада шынайы жеткізіп, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Кеш тізгінін ақын Кәдірбек Құныпияұлы ұстады. Салтанатты басқосуда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау хатын оқып беріп, мерейтой иесінің иығына шапан жауып, зор құрмет көрсетті. Ал аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев жүрекжарды лебізін білдіріп, қаламгердің ел руханиятындағы орнына айрықша тоқталды. Қоғам қайраткері Тоққожа Естенов Жақыпжан Нұрғожаевқа автокөлікке арналған қаржылай сыйақыны табыстап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Қалибекұлы мерейтой иесінің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегін жоғары бағалай отырып, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» төсбелгісін салтанатты түрде кеудесіне тақты. Сонымен қатар Қазақстан Журналистер одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар ұстазы туралы ағынан жарылып, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың құттықтауын оқып берді.

«Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов ақиық ақынның мұрасын зерттеуде Жақыпжан Нұрғожаевтың еңбегі зор екендігін тілге тиек етіп, Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың «Мұқағали» төсбелгісін табыс етті. Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры Бақытжан Омаров университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын жеткізіп, құрмет көрсетті. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Батық Мәжитұлы қаламгер шығармашылығы туралы баяндама жасап, тереңнен толғанды.
Кештің маңызды сәттерінің бірі – Жақыпжан Мысабекұлының 7 томдық таңдамалы туындыларының тұсаукесері болды. Кітаптың лентасын ақын Ғалым Қалибекұлы, қоғам қайраткерлері Стахан Белғожаев, Аян Айтжанов, Тоққожа Естенов салтанатты түрде қиды.
«Жазушының жеті томдығында зерделі зерттеулер, деректі прозалар және толғаулары топтастырылған», – деген «АR» баспасының жетекшісі, ақын Ержан Алаштуған көптомдыққа қысқаша тоқталып өтті.
Шара соңында «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі өнер көрсетсе, Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев халық әндерін орындап, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кегенде өткен бұл кеш – бір ғана қаламгердің мерейін емес, шығармашылықты қадірлейтін елдің рухани деңгейін көрсетті.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
