☀️
20°C
Қонаев
Сенбі, Сәуір 25, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Тіліміздің тамыры үзілмесін!

    25.04.2026
    in Барлық жаңалықтар, Мәселе
    Тіліміздің тамыры үзілмесін!
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Жақында құрбым өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Ә» әрпін қолдануға неге қорқасыздар?» деген жазба жариялапты. Елең еткізді. Әйтпегенде ше? Қазақ тіліндегі әдемі, әуезді сөздердің әрін де, дәмін де кетіріп, қойыртпақ жасап жатқан жандарға назын айтқан. Өзінің Әсел есімін мақтан тұтатынын, қайта ел «Асель» десе ызасы келетінін де айта кетіпті. Осы бірер сөйлемнен жазылған жазба көкейге көп ой салды. Тіпті, қазақ тілінің қадірін кетіріп жатқан кемшіліктерге де елең етпейтіндей, етіміз үйреніп кеткенін аңғардық. Өйткені бізде оның бәріне ұсақ-түйек деп қарау үрдісі басым. Ал бетімен кету осы ұсақ-түйектен басталатынына ешкім басын қатырғысы келмейді. Сондықтан көңілге кірбің түсіретін бірқатар мәселеге тоқтала кетсек…

    Ә-ден неге қашамыз?

    Қазір қазақ тіліндегі әуезді Әмір, Әсел, Әнел, Әлихан, Әмина атты есімдердің бәрі түрленіп, Амир мен Алихандарға айналып кеткен. Абай атамыздың Әйгерімі Айгерим болып кетті. Бала түгілі ата-анасының өзі «Баламның есімі Әмір емес, Амир» деп қарап тұрғаны. Тіпті, Ануарды Әнуар, Анельді Әнел, Аминаны Әмина деп атап көрші, аналары ұрсысуға дайын тұрады. Оған бала да үйреніп алған. Заманға сай деп қабылдайды ондайды.
    Жуырда танысымыз дүкен ашып, оның маңдайшасына «Алихан» деп айғайлатып жазып қойды. Әлихан десе қандай әдемі болар еді деп ойладым да қойдым. Қазақтың қазақ болуына, тілі мен дінінен, ділінен айырылмауы үшін жандарын қиған Әлихандардың есімі қазір қадірсіз болып қалды-ау деген ой жанымды жегідей жеді. Онымен қоймай, бір әріптің өзгергені тұтас сөздің мағынасын да өзгертіп тастайтыны тағы бар. Ендеше, әмірші, билеуші мағынасындағы Әміріміз Амир болса, мағынасын қандай демекпіз? Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 1910 жылдардан бастап араб әліпбиін қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, ыңғайластырып, реформалаған әліпбиіндегі әр әріп тіліміздің әсері мен әуезін келтіріп тұрады емес пе? А.Байтұрсынұлы: «Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолмен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын», – деген болатын. Ендеше, сол Ахаңның жасап кеткен әліпбиіндегі «Ә» неге қолданыстан кетіп барады? Сөзіміздің әрін кетіріп, есіміміздің мағынасын түрлендіріп, тіліміздегі жіңішке сөздерді жуандатып жатқанымыз кімге пайда, кімге зиян? Ойлансақ етті…

    Тегіңді түзе тезірек

    Қызмет көрсету саласында жүрген­діктен күніге ондаған адаммен сөйлесеміз, тілдесеміз. Әркімнің ойы мен талабын тыңдауға тырысасың. Бірақ кейде келіспейтін тұстарында өз ойыңды білдіресің. Жаман ниетте емес. Намысың жібермегендіктен. Осындай жағдайдың біразы аты-жөнге байланысты. Қазір көпшілігіміз тегіміздегі орыс тілді жұрнақтардан арыла алмай келеміз. Сонымен қатар кезінде кеткен өрескел қателіктерді түзетуге де тырыспаймыз. Басқа кезде «қазақпын» деп кеудемізді кергенмен, сол кеудені рух кермесе бәрі де бекер екен.
    Ауданға үлкен мекемеге жаңа басшы келді. Аты-жөні жазылған маңдайшаны жаздыруға тапсырыс берді. Тегі мен әкесінің аты орысшаланып, мәнін де мағынасын да өзгертіп тастағанын көріп, «таза қазақша жазсаңыз» деген ұсыныс тастадық. «Менің жеке куәлігімде осылай жазылған» деді ештеңеге қарамай. Сөзімізге құлақ та аспады. Намысына тигізіп те айтып көрдік, дегенінен қайтпады.
    Бұл бір ғана мысал. Ал күнделікті құжатқа итере салып, толған қателікпен аты-жөні бұрмаланып жүрген бауырларымыз қаншама? Бір қызығы, солардың дені мінбеде тұрып намысты сөздер айтса, арқаң қозады. Бірақ іске келгенде тайғанақтай береді. Қазір аты-жөніңді, тегіңді ауыстыру еш қиындық тудырмайды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 2 ақпандағы ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы Жарлығында ұлты қазақ азаматтар өздерiнiң тегi мен әкесiнiң атының жазылуын қазақ тiлiне тән емес аффикстi алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегi мен әкесiнiң атының түбiрлiк негiзi сақталуға тиiсті екені айтылған. Бұл ретте әкесiнiң атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздерi қосылып, бiрге жазылады». 1-тармағына сәйкес орысша жұрнақты алып тастауға болады. Бұл үшін аты-жөніңізді, сонымен қатар азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер енгізу қызметіне өтінішті eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы рәсімдеп, уақытты үнемдеуге болады. Сондай-ақ сіз бұл қызметті АХАЖ бөлімдері мен жергілікті әкімдіктер арқылы да рәсімдей аласыз. Ол үшін санаулы құжат қана тапсырасыз. Белгіленген үлгідегі өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, 2 дана 3х4 өлшеміндегі фотосурет болса жеткілікті. Сонымен қатар аты-жөнін өзгертуді тіркеу үшін 2 АЕК көлемінде, аты-жөнін өзгерту актісі жазбасын өзгертуге, толықтыруға, түзетуге және қалпына келтіруге 0,5 АЕК көлемінде мемлекеттік баж салығын төлейсіз. Демек, оңайды қиындатып, жақынды алыстататын өзіміз екені көрініп-ақ тұр. Айтпақшы, тегіңізді қазақшалауға небәрі 5 күн ғана кетеді екен.

    Аралас тіл – қауіп

    Қаладағы үйге барсам ағамның 11-сынып оқитын баласы «Әпке, мен бұдан былай тек қазақ тілінде сөйлеймін» демесі бар ма. Аң-таң болған мен «Осыған дейін қай тілде сөйлеп жүрсің?» дедім. Сөйтсем оның айтқаны – сөз арасында қыстырып сөйлейтін орысша қыстырма сөздер екен. Оның несі қиын дедім салған жерден. Бірақ дастарқан басында әңгіме айтып отырып, екі сөзіміздің бірін орысша айтатынымызды сезбеппіз де. Менің әр сөзімді аңдып отырған інім «Әпке, журналист ретінде сіз осыншама орысша қосып сөйлейсіз. Ұят емес пе?» дегенде айтарға сөз таппадым. Расымен, қазір қай-қайсысымыз болсақ та ойымызды тек орысша сөзбен тез жеткізетіндейміз. Қарапайым жақсы, жарайды деген сөздердің орнын «ок, хорошо» алмастырған. Одан өзге «привет, чё там, вообще, даже, типа, короче, значит» сынды сөздер тілімізде ғана емес, санамызға, ойымызға, тіл орамымызға дендеп еніп алыпты. Енгені соншалықты оларды елеп-ескермейміз, байқамаймыз. Таза қазақша сөйлеп жатқандаймыз.
    Бұл – дерт. Жай ғана дерт емес, қазірден емдемесе, дауасыз ауруға айналады. Бұл қазіргі жастар ғана емес, егде, қарт кісілердің де аузындағы сөздер. Тілімізді жұтаңдатып, сөздік қорымыздың тапшылығын танытып, қазақ тілін көркемдігінен айырып жатқан бұл сөздерді сөздік қорымыздан алып тастауға ден қоймасақ, тіліміз жұтылып кетуі де ықтимал.
    «Қазақтардың тілі әуезді де әсем, шебер де шешен. Әсіресе, сөз сайысына келгенде, олардың алғырлығы мен өткірлігі, тауып сөйлейтін тапқырлығы таңғалдырады. Олар мақалдап сөйлейді, жай сөзінің өзі өлең болып құйылып жатады», – деп айтқан еді В.Радлов. Ал сол Радлов айтқан әуезді, әсем, шебер тіл қайда кетті? Бір ғана Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында 15 мың мен 18 мыңның аралығында сөз қолданғаны туралы айтылады. Ол бір ғана романдағы мыңдаған сөзді бүгінгі ұрпақ біледі ме?
    Бұл тек сіз бен біздің сөйлескен ауызекі сөзімізде ғана емес, өкінішке орай қазіргі қазақ киносына да қол­данысқа еніп кеткен. Кино – идеология. Ал қазіргі қазақ тіліндегі киноның тілі көркем, шұрайлы, ана тіліміздегі сөз саптаудың үлгісін көрсете­тіндей керемет деп айта алмай­мыз. Көпшілік кинорежиссерлер «жастар тұнық қазақшаны тыңдауға құмартпайды» деп ойласа керек. Бірақ мамандар шұбалаңқы сөйлем болсын, тұнып тұрған әдеби мәтін болсын, оны құлаққа жағымды, үйлесімді жеткізсе, кез келген адам сөздің төркінін түсіне алатынын аңғармайтындай. Мысалы «Қыз Жібек», «Менің атым – Қожа» сынды фильмдерді алайықшы. Ондағы әр кейіпкер өз сөзіне жан бітіріп, интонация қойып, көрерменге сол сөзді ұғыныңқы жеткізе білген. Әрі сол фильмдердегі әрбір әдеби сөз де, көркем тіл де түсінікті. Оны ешкім неге бұлай демеді, демейді де. Демек кинорежисерге де, актерге де сөздің әуезін келтіріп, екпінін дәл қойып, төркінін түсіну жеткілікті. Сонда «жастар әдеби тілді жатсынады» дейтін пікір болмас па еді деп ойлаймыз.
    Атауы қазақша болғанымен, кейіп­керлері алашұбар сөйлейтін, жеңіл әзіл мен арзан күлкіге құрылған фильмдердің көбеюі, меніңше, жақсы үрдіс емес. Ұлттық дүние­танымы­мызды кеңейтеді дейтін кинолар керісінше қасиетті тілімізді қорлап жатқан­дай көрінеді. Қазақ және орыс тілдерінің аралас қолданылуын, жаргондар мен сленгтердің жиі кездесуін көрермендер реалистік көрініс ретінде қабылдауы да мүмкін. Бірақ қазіргі қазақ киносы мен телебағдар­ламаларындағы аралас тілдің қолда­нылуы қоғамның әртүрлі топтарына, әсіресе, жастарға теріс әсер етуде, тіпті олардың сөйлеу мәдениетін өзгертуде. Бара-бара жастар аралас тіл кесірінен қазақ тілінің байырғы таза үлгісін жоғалтып алуы да мүмкін. Ең қауіптісі, ол аралас тілді ана тілім деп қабылдап, келер ұрпаққа оп-оңай «мұра» бола салуы да ықтимал.

    Түйін:
    Баяғыда біреу «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деген екен. Бұл жерде мен өз жеке басымды айтпаймын. Мені қазақтың перзенті ретінде «Біз қалай өсеміз?», «Тіліміздің ертеңі қалай болады?» деген сұрақ алаңдатады. Аңсаған еркіндікті алдық. Бабалардың асқақ арманын орындадық. Бірақ сол бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр далаға ие бола аламыз ба? Оған ертеңгі ұрпақ қалай қарайды? Нардан құласа да, намысын бермеген, алқымынан алса да, арын таптатпаған ұлттың бүгінгі ұрпағы ең болмаса ана тілімізге ие бола алмай келеміз. Ал тілімізден айырылсақ, елімізден айырыламыз. Біз осыны ұға алдық па? Ұғындыра алдық па?

    Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

    Соңғы жаңалықтар

    Мектеп парламенті
    25.04.2026
    Нағима апай
    25.04.2026
    Қас-қағым сәттен сыр шерткен
    25.04.2026
    Өнермен өрілген өмір
    25.04.2026
    Тіліміздің тамыры үзілмесін!
    25.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>