80-жылдардың ортасында Жақыпжан Мысабекұлы өзінің қалауымен Шелек аудандық «Еңбек туы» газетін басқаруға барады. Ізденгіш қаламгер бұл істі ел-жұртпен, қалың бұқарамен жақын араласудың мүмкіндігі деп біледі. Бір жарым, екі жылдың көлемінде ауданда еңбек етіп, қайтадан Алматыға кетті. Енді мына сәйкестікке қараңыз, осы оқиғаны жалғастыру менің еншіме де бұйырыпты. Жоғарғы партия ұйымы «Еңбек туы» газетіне редактордың орынбасары етіп тағайындады. Сол кездерде аудан еңбеккерлерінен Нұрғожаев туралы риза көңілмен айтылған әдемі әңгімелерді көп естідім. Аз уақыттың ішінде шелектіктермен етжақын араласып, сырласып та, сыйласып та үлгерген.
Көпшіліктің жүрегін танып, оларды өзіне баурап алатын зиялы мінез Жақаңның бойына қайдан дарыды деген сұрақтың жауабын іздедім және оны таптым. Мұндай ерекшеліктер қаламгерге Алматының үлкен мәдениетінен жұғысты болыпты. Ауданға барған себебі, «Лениншіл жастан» үйренген озық тәжірибені елдегі жігіттермен бөлісуді ниет еткен. Соның дәлеліндей болып «Еңбек туы» газеті кереметтей өзгерді. Көкейкесті рубрикалар пайда болды. Тың идеялар бой көрсетті. Жарияланған мақалалардың сапасы мен мазмұны жаңа сипатта жаңғырды. Газеттегі үздік жұмыстар еліміздің бас басылымы «Социалистік Қазақстанда» арнайы көрсетіліп, күллі республикаға танылды. Жақаң осы арқылы «Еңбек туындағы» әріптестерін шыңдады, оларға үлкен жауапкершілік жүктеді.
70-жылдары «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұру журналистер үшін арманның асқар шыңындай еді. Басылымның тізгінін ұстаған, десі мен сесі бет қаратпайтын, жүрегінің түгі бар Сейдахмет Бердіқұлов секілді басшы «қисынын тауып, қиядан шауып» ұлттық мүддеге қызмет етті. Сол кездегі жастар, мына біз, оған талай рет куә болдық. Бердіқұлов секілді бас редактордың назарына ілігіп, ұжымына қабылданғандардың қатарында Жақыпжан Нұрғожаев та бар еді. Сынақтардан сүрінбей өтіп, бөлім меңгерушісі атанды. Оқырман мен әріптестер алдында жүзін жарқын ұстады.
Жақыпжан Нұрғожаевқа қатысты «Лениншіл жаста» өткен тұшымды оқиғалар аз емес. Оның бір мысалы мынандай: Қызылорда облысы Жаңақорған ауданынан редакцияға хат келеді. Жазықсыз жапа шеккен, бірақ ақиқатты дәлелдей алмаған жан «Лениншіл жастан» көмек сұрайды. Алайда бұл іске араша түсу қиынның-қиыны еді. Себебі бәрі тергеліп, тексеріліп, қорытындысы әлдеқашан шыққан. Тіпті соттың алғашқы сатыдағы үкімі жарияланып, күдікті қылмыскерге айналып, колонияға жіберілген. Оны шыңыраудан суырып алуға күш жете ме, жетпей ме, белгісіз.
Бас редактор Бердіқұлов маңдайын уқалап отырып, көп ойланады. Жігіттерінің журналистік қауқарын таразыға салды, ой сүзгісінен өткізді. Сөйтіп барып бір шешімге келеді. Таңдау Нұрғожаевқа түседі. Журналист редактордың сенімін ақтау үшін аянбады. Майданның алғы шебінде жүргендей кеудесін оққа тосты. Ашпаған есігі, сөйлеспеген адамы қалмады. Жеңілгенді кім жақсы көреді?! Қарсыластары да қарап жатқан жоқ, жанталаса қимылдады. Әділдік жолында күрескен газет қызметкері бұл істе қаламға ғана жүгінбеді. Әмбебап маманға айналды. Тергеушінің, адвокаттың, тіпті прокурордың міндетін бір өзі атқаруға тура келді. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалып, небір күрделі із кесуді орындады. Соның нәтижесінде мүмкін еместі мүмкін етті. Жазықсыз жанның тағдырын арашалады. Сотталған азаматтың қылмысқа қатыспағанын, жала жабылғаны анықталды. Құзырлы орындарды бұлтартпас дәлелдермен мойындатты. Аталған мақала «Лениншіл жаста» жарияланып, республика тұрмақ, бүкіл Одақтың назарын өзіне аударды. Ең бастысы, сотталған жігіт аман-есен абақтыдан шығып, отбасымен қауышты. Сыр бойының қазағы мен Аспантаудың қазағы ақыреттік достарға айналды. Бұл – газет пен журналистің қол жеткізген орасан зор жеңісі еді. Жастар басылымының қызметінде мұндай жанкешті сәттерді Жақаң бұдан кейін де сан рет кездестірді.
Кезінде Алматы облыстық газетінің өзіне тән ерекшелігі болды. Біріншісі, ол республика астанасы Алматыда шықты. Редакцияға жоғары деңгейде шыңдалған кадрлар топтасты. Үлкен басылымдармен иығын теңестірді. Екіншісі, газетті дарынды әрі қарымды, көрнекті қайраткерлер басқарды. Басқасын былай қойғанда, Ораз Жандосов, Әбдіуәли Қарағұлов, Кәкімжан Қазыбаев, Сарбас Ақтаев, Мамадияр Жақып, Баймолда Мүсиндерді атап өтсек те жеткілікті. Сол кісілердің салған сара жолын ойдағыдай жалғастыру – ізбасарлар үшін үлкен жүк, үлкен сын. Сондықтан бас редакторлық қызметке Жақыпжан Нұрғожаевтың таңдалғаны бекер емес.
Жақаң өзіне жүктелген сенімді толық ақтады. Өтпелі кезең деп аталған 2000-жылдардағы қиындықтарды нардай көтерді. Ескі мен жаңаның теке-тіресінде тұрғанда, қарауындағы журналистерді тәуелсіздік талабына сай етіп қайта дайындады. Сындарлы шақта сыр бермеген ердің ерен ісіне бәріміз сүйіндік. Жаңа тұрпатты үгіт-насихатқа егемендіктің дәнін септі. Өміршең идеялар іздеді. Толғаныстары көз ілдірмей, атар таңды ұйықтамай қарсы алғанына талай рет куә болдым десем, сенер ме едіңіздер?!
Облыстық газетті ұлттық идеологияға қызмет еткізу үшін тер төкті. Сөз бостандығына жүгінді. Баспасөз туралы заң талаптарын сақтауға, елдік мұратты баптауға батыл кірісті. Жаңаша ойлауды қалыптастырды. Шығармашылық бәсекені дамытты. Редакция ішіндегі жоспарлы қызмет пен еңбек тәртібін нығайтты. Ынталандыруды әділетке бағындырды. Сондықтан бас редактордың жүзі әріптестері алдында әрқашанда жарқын. Жақаң лауазымның буына семірген жоқ. Ол өзін ең алдымен журналист ретінде сезінді. Ізгіліктің үлгісі мен өнегесін көрсетті. Сондай-ақ орынтағын қимайтын жаман шалдарға ұқсамады. Сырты 63-те, іші 25-тегі буырқанған қалыпта зейнеткерлер армиясына қосылды. Айналасына қасқая қарап атын қамшылады. Ата жолымен ақ батасын беріп, облыстық газетті мұрагерлерінің қолына табыстады.
2005 жыл. Бұл жыл ерекше есте қалды. Өйткені әулие бабамыз Райымбек батырдың 300 жылдығы аталатын болды. Дүбірлі тойға қатысқандар тағы бір жаңалықты естіді. Республикаға тарайтын «Мұқағали» журналы тұңғыш рет оқырманның қолына тиді. Бұл жерде бір ақиқатты ескерген жөн. Журналдың жобасын ойлап тапқан, оның жоспарын жасаған – Жанболат Аупбаев пен Рысбек Сәрсенбайұлы. Әріптестердің еңбегін ұмытпауға тиіспіз. Жоба авторлары Жақыпжан Нұрғожаев екеумізді шақырып алып, тапсырма берді. Жақаңның еншісіне менеджерлік міндет тиді. Маған шығармашылықтың тізгінін ұстатты. Біз ағалы-інідей болып ынтымақтың туын көтердік. Елдік мақсат жолында тізе қостық. Соның арқасында журнал барша зиялы қауымның, Мемлекет басшыларының назарына ілікті. Жақаңның іскерлігі жемісін берді. Кеңес Үшбаев, Амангелді Ермегияев, Стахан Белғожаев, Тоққожа Естенов, Тоқан Ботабеков секілді кәсіпкер бауырларын ақын атындағы басылымның демеушілігіне жұмылдырды. Нәтижесінде редакцияның қаржылық әлеуеті айтарлықтай жақсарды.
«Мұқағали» журналы бізге көп нәрсені үйретті. Бұл қызметте жүріп бір-бірімізді рухани баюға үндедік. Жақаңның жазушылығы қайта шыңдалды. Кітаптары мемлекеттік тапсырыспен шыға бастады. Шебер нақышталған әңгіме, хикаяттары көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар Жақаң бірте-бірте мұқағалитану тақырыбына ойысты. Ақын туралы деректерді жинағанда, оны қайта тірілтіп, көркем образға айналдырды. Сондай шығармаларын оқысаңыз, Мұқағали қасыңызда жүргендей әсер аласыз. Жаңаша жол тапқанына Жақаңның өзі де қуанды. «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» роман-эссенің редакторы болдым. Авторды айтулы табысымен шын жүректен құттықтадым. Романды тізе қосып еңбек еткен жемісті жылдарымыздың олжасы деп бағаладым.
Ардақты ағайындар, шағын баяндамада қағазға сыймаған ойлар, сан пікірлер аз емес. Оны Нұрғожаев шығармасына көңіл аударған жақыпжантанушылар алдағы уақытта толықтырады деп сенемін.
Қымбатты мерейтой иесі – Жақыпжан бауырым! Менің анық байқағаным, сіз сексеннің есігін әдемі аштыңыз. Шаршамаған секілдісіз. Есесіне, шабытыңыздың тасығанын біліп отырмыз. Мен сіздің аяулы анаңыздың көзін көрдім, қолынан дәм таттым. Жарықтық, ғасыр биігінен асып, ақылды күйінде дүниеден озып еді. Осындай алтын құрсақтан шыққан сіздің де асылдың сынығы екеніңізге шүбәм жоқ. Мыңдаған сәттілікті арқалап, жүздің сөресіне абыроймен жетіңіз!
Батық Мәжитұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты




