Перейти к содержимому

Алматы облысында стендтік атудан Әлем кубогы кезеңі басталды

Алматы облысындағы Александр Асанов атындағы ату клубында стендтік атудан Әлем кубогының рейтингілік кезеңінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл – International Shooting Sport Federation (ISSF) қолдауымен ұйымдастырылған әлемдік атқыштар спортының ең күтілетін жарыстарының бірі.

Салтанатты ашылу рәсімі бірлікке, жоғары спорттық рухқа толы жарқын мереке атмосферасында өтті. Ұйымдастырушылар қонақтарға Қазақстанның мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік беретін мазмұнды әрі ұлттық нақышқа бай бағдарлама ұсынды. Қатысушы командалардың таныстырылымы ID форматында өтті. Жаңбыр мен қолайсыз ауа райына қарамастан, іс-шара ұлттық нақыш пен заманауи технологияларды үйлестіре отырып, әсерлі әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

«Бұл турнир әлемнің ең үздік спортшыларын біріктіріп, шеберліктің жоғары деңгейін, рухтың беріктігін және жеңіске деген ұмтылысты көрсетеді. Бүгінде Қазақстанның стендтік ату мектебі халықаралық аренада өз орнын нықтап келеді. Біздің спортшылар лайықты нәтижелер көрсетіп, ел абыройын арттырып, жас ұрпақты жаңа жетістіктерге жігерлендіреді. Ауа райының қолайсыздығы да бүгінгі іс-шараның жылы атмосферасына әсер ете алмады. Біз спорттың адамдарды біріктіріп, мінезді шыңдап, бізді күшейтетін күш екенін көріп отырмыз» – деді Қазақстан ұлттық спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов.

Халықаралық спорттық ату федерациясының (ISSF) президенті Лучано Росси өз сөзінде турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және Қазақстанда Әлем кубогы кезеңін өткізудің маңыздылығын атап өтті.
«Бүгін біз жай ғана жарыс емес, ату спортының дамуына серпін беретін керемет алаңды көріп отырмыз. Қазақстан жоғары кәсібилік пен қонақжайлық танытып, әлемдік стандарттарға сай жағдай жасап отыр. Бұл – біздің спорт түрінің дамуына қосылған маңызды үлес» деді ол.

Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев болды.

Кейінгі жылдары Қазақстан стендтік атудың қарқынды дамып келе жатқан орталықтарының біріне айналды. Әлем және Азия кубоктарының кезеңдерін өткізу, инфрақұрылымды жаңғырту және спортшыларды жүйелі даярлау елдің халықаралық деңгейдегі беделін арттырды. Бүгінде Александр Асанов атындағы ату клубы барлық халықаралық талаптарға сай келіп, ең жоғары деңгейдегі жарыстарды тұрақты түрде қабылдайды.

Тоғыз күн бойы Алматы облысы 42 елден келген 550 спортшының тартысты бәсекесіне куә болады. Алаңға Олимпиада чемпиондары, әлемдік рейтинг көшбасшылары, сондай-ақ Азия мен Еуропаның үздік мергендері шығады. Бұл дода тек жүлделер үшін ғана емес, 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиада ойындарына жол ашатын маңызды рейтингтік ұпайлар үшін де шешуші кезеңдердің бірі болмақ.

Жарысты өткізуші ел ретінде Қазақстан турнирге ең жоғары квотамен қатысып отыр. Құрама сапында ұлттық команда көшбасшыларының бірі Асем Орынбай бар. Алматы облысының өкілі Әсем Орынбай– Әлем кубоктары мен Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері, Азия ойындарының үш дүркін жүлдегері (2 алтын, 1 қола), Токио мен Париж Олимпиадаларының қатысушысы.

«Бұл мен үшін жай ғана жарыс емес, туған жерімде жанкүйерлер алдында өнер көрсетіп, Олимпиадаға тағы бір қадам жақындау мүмкіндігі. Негізгі мақсат – тұрақтылық пен маусымның ірі жарыстарында финалға шығу» – деді жарыс қарсаңында Асем Орынбай.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасы сапында Алматы облысының тағы бір спортшысы – Азия чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР спорт шебері Лейла Шантекова өнер көрсетеді.

Жарыс барысында спортшылар «скит» және «трап» дисциплиналарында, сондай-ақ аралас командалық сайыстарда медальдар мен рейтингтік ұпайларды сарапқа салады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 10 мамыр күні өтеді.

Ірі спорттық іс-шараны Қазақстан ұлттық спорттық ату федерациясы ұйымдастырды. Бас серіктес – «Самұрық-Казына» акционерлік қоғамы.