Балқаш ауданындағы Аралтөбе орта мектебінде ересектер арасында волейболдан бейбіт күннің батыры Бейсетай Дәуренбековті еске алуға арналған турнир өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын спорттық сайысқа аудандық «Бірлік» кәсіподақ ұйымы, Бейсетай Дәуренбековтің ұрпақтары және Аралтөбе ауылының азаматтары демеушілік жасады.
Спорттық шараның ашылу салтанатында сөз кезегін алған құрметті қонақтар марқұмның тіршілікте ел-жұртқа сіңірген еселі еңбегін айтып, республикалық телеарналарда «Айтуға оңай», «Шын жүректен», «Жаныңда жүр жақсы адам» бағдарламаларына қатысқанын және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медалімен марапатталғанын әңгіме өзегіне айналдырып, ол кісінің бойындағы адамгершілік қасиеттеріне баса тоқталды.
Ақжар ауылдық округінің әкімі Айдын Үркінбаев, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бас маманы Еркебұлан Исатаев және Балқаш аудандық білім бөлімінің әдіскері Шыңғыс Баубеков Бейсетай Дәуренбековтің зайыбы Жолдыбала Оқасова мен ұл-қыздарына құрмет көрсетті.
Тартысты өткен сайыс барысында қатысушылар бар ынта-жігерін салып, жеңіс тұғырынан көрінуге ұмтылды. Аудандық турнирді қорытындылай келгенде, Ақкөл командасы бірінші орынды жеңіп алса, Бура ауылының спортшылары екінші орынды еншіледі. Ал жүлделі үшінші орынға Аралтөбе ауылының спортшылары табан тіреді. Жеңімпаз командаларға демеушілер тарапынан дайындаған арнайы кубок, грамота, медаль және ақшалай сый-сияпат табысталды.
Марапаттау барысында Аралтөбе командасының намысын қорғаған Абылайхан Рақыш «Үздік ойыншы», Бура ауылының спортшысы Серік Құдабек «Үздік шабуылшы», Балатопар ауылының мақтанышы Ерсұлтан Жомарт «Үздік қорғаушы» және Ақкөл командасының ойыншысы Дінмұхамед Жұмагелді «Үздік байланыстырушы» номинациясымен марапатталды.
Батырлық деген жауға шауып, отқа оранып, кезенген қаруға қарсы тұрып, атылған оққа кеуде тосу ғана емес. Бейбіт күнде де басын тәуекелге тігіп, түрлі қауіп-қатерге қасқайып қарсы тұрған қаһармандарды да осылай айтуға болады. Сондай жүректі азаматтың бірі Бейсетай Дәуренбеков еді. Бейбіт күннің батыры 1972 жылы 18 желтоқсан күні сең жүріп жатқан Іле өзенінен Үшжарма мектебінде оқитын Ақжар ауылының балалары мінген қайық аударылып, суға кетіп бара жатқан 12 баланы ажал аузынан құтқарып қалған. Ол кезде Бейсетай Дәуренбеков небәрі 34 жаста еді. Арада қаншама жыл өтсе де, оның ерлігі ел аузында әлі күнге дейін айтылып келеді.
Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Балқаш ауданы




