Талғар аудандық Мәдениет үйінде облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, білім бөлімдерінің басшылары мен педагогтер қатысты.
Алқа отырысын облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов жүргізді. Басқосуда 2025-2026 оқу жылының үшінші тоқсан қорытындысы, білім сапасы, жазғы сауықтыру лагерьлерінің дайындығы, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу сынды өзекті мәселелер қаралды.
Білім сапасы – ең басты өлшем. ҰБТ, олимпиада, байқау нәтижелері білім беру ұйымының жұмысын көрсетеді. Алайда кейбір мектептердегі нәтиже көңіл көншітпейді. Бұл турасында баяндаған облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлмира Құлсариева бірқатар аудандардың жұмысында салғырттық бар екенін жасырмады. Өз кезегінде департамент басшысы білім беру ұйымдарын кәсіби біліктілікті жетілдірумен қатар, заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Келесі кезекте сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Әтенбекова аймақтағы білім беру сапасы 64,7 пайызды құрайтынын, жүргізілген зерделеу қорытындысы пән мұғалімдерінің құзыреттілік деңгейі төмен екенін көрсетіп отырғанын жеткізді. Ол білім сапасын арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру, педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту және цифрлық трансформацияны жүйелі жалғастыру бағытында нақты міндеттер жүктелгенін айтты.
Алқа отырысында балалар қауіпсіздігі мәселесі ерекше талқыланды. Облыстық полиция департаментінің өкілі Лаура Құдайбергенова білім беру ұйымдарындағы құқықбұзушылықтар мен буллинг бойынша деректер келтірді. Полиция подполковнигінің айтуынша, қоғамдық тәртіпті бұзатын, құқықбұзушылыққа немесе қылмысқа баратын жасөспірімдердің саны артқан. Сондықтан бұл келеңсіздікке мектеп пен ата-ана баса назар аударуы қажет.
Отырыста демалыс лагерьлерінің дайындығы, облыстық төтенше жағдайлар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінен балаларды қабылдауға рұқсат анықтамасын алуды ұйымдастыру жайы да сараланды.
Алқа отырысында сөз алған Алматы облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова мектептердегі психологтердің біліктілігін арттыру мен суицидтің алдын алудың маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде балалардың қиын жағдайға тап болуы мен әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуына жол бермеу үшін білім беру мекемесінің барлық құқықтық нормалары мен ішкі ережелерін сақтауға ерекше назар аудару қажет екенін тілге тиек етті.
Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев алдағы кезеңге нақты міндеттер жүктеп, білім саласын сапалы жаңа деңгейге көтеру – ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
«Атқарылып жатқан іс аз емес. Жаңа мектептер ашылуда. Білім беру инфрақұрылымын дамыту, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру бағытында да жұмыс жүргізілуде. Оқушыларымыз республикалық деңгейде жетістіктерге жетіп келеді. Дегенмен, түйткілді мәселелер де баршылық. Мемлекеттік аттестаттау қорытындысы білім беру ұйымдарындағы жұмыстың барлық жерде бірдей жүйелі жүргізілмейтінін көрсетті. Кейбір мектептерде ішкі бақылау әлсіз. Бізге ашықтық және тәртіп керек. Басты міндетіміз – әрбір баланың сапалы білім алуына, қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне және жеке қабілетін дамытуына жағдай жасау», – деді алқа отырысын түйіндеген Ғани Айдарұлы.
Ерзат АСЫЛ
Талғар ауданы
